Қымбатты жиынға жиналған қауым! Құрметті әріптестер! Басында айтарым, адамға ең керегі есендік пен денсаулық десек, биылғы 2024 жылы қалалық ақын-жазушыларымыздың барлығы көлденең дерт пен ауру-сырқаудан аман жүрді. Қаламгерлеріміздің қатарымызда аман-сау жүруін – ең басты байлығымыз десек те болады. Осыған байланысты қалалық қаламгерлердің осынау жылдың қорытынды жиынында бәріңіздің төрт көздеріңіздің түгел жиналғанын көріп, көңілімді қуаныш кернеп отыр.
Иә, расында, биылғы жылы көңілді қуаныш кернейтін оқиғалар көп болды. Бүгінгі баяндамамда 2024 жылы түрлі Үкіметтік әдеби сыйлықтар мен қоғамдық марапаттарға ие болған, сонымен қатар кітаптары шыққан, Қазақстан Жазушылар одағының басылымдарына әңгімелері, мақалалары басылған қаламгерлердің еңбектеріне қысқаша тоқталсам деймін.
Бірінші кезекте жерлес қаламгеріміз, атақ-даңқы алысқа кеткен жазушымыз, белгілі әдебиет сыншысы һәм прозаик, елге танылған көркемсөз шебері, бірнеше ондаған кітаптардың авторы Құлбек Ергөбек ағамыз Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанғанын ерекше айтып келіп тұр. Орайы келіп тұрғанда өзімнің және күллі шымкенттік қаламгерлер атынан Құлбек ағамызды осынау жоғары дәрежелі атағымен құттықтаймыз!
Өзінің шығармашылық жылдарында қалам деген құдіретті киенің жетегінде жүріп, өмірге талай лирикалық әңгімелерден тұратын тамаша кітаптар жазған, әрбір шығармасында оқырмандарды бірден баурап әкететін сыр төгілген әрі жазу стилі соншалықты жатық, әрі жеңіл болып келетін күллі қазаққа танымал жазушы Захардин Қыстаубаевтың «Тұман» деген романы жарыққа шықты. Тақырыбы өзгеше бұл кітап әзірше көпшілікке барынша таратылмаса да оны оқып үлгерген оқырмандар тарапынан зор ықыласқа бөленді.
Жас кезінен бастап түрлі басылымдарда еңбек еткен және бірнеше кітаптар жазған Бекшүкір Қаршалов ағамыз биыл Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Сонымен қатар «Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы» атанды. Жазушыларымыздың мұндай марапаты – біз үшін үлкен қуаныш.
Бір ескерте кететін жәйт, бүгінгі шымкенттік қаламгерлерің тобында тек қана Жазушылар одағына мүшелер ғана емес, өз ғұмырларын қалам ұстайтын кәсіппен ұштастырып, жағымды шығармаларымен елге танылған бірталай қаламгерлер де бар. Солардың бірі – Тұңғышбай Төрегелдиев. Ол Қырғызстан шығармашылық академиясының Алтын медальімен және «Жыл адамы» орденімен марапатталды.
Шымкенттік танымал жазушының тағы бірі – Сабырбек Олжабай. Бірнеше кітаптың авторы оның тартымды да қоғамға қажетті мақалалары мен сыр тұнған мөлтек әңгімелері республикалық басылымдарда үзбей жарияланып тұрады. Мысалы, биылғы жылы оның «Қазақ әдебиеті» газетіне «Бүйрек», «Шал мен Шолпан», «Оразкүл» деген әңгімелері, «Жұлдыз» журналына «Жөргек исі» деген хикаяты басылды. Әдебиеттегі жетістігі үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанып, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, Сұлтанбек Қожанов атындағы медальмен марапатталды.
2024 жыл біздің қаладағы қаламгерлер үшін ең басты жаңалықтың бірі – Жазушылар одағының жер-жердегі филиалдары тарап, олардың орнына өкілдіктер құрылды. Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі болып Момбек Әбдәкімұлы тағайындалды. Момбек ағамыздың биыл ХІІІ ғасырдың орта тұсындағы және ХІХ ғасырдың бел ортасындағы Оңтүстік қазақтарының тарихын баяндайтын «Күн тұтылған мезет» атты қос томнан тұратын дилогиясы, «Жаманқара батыр» атты хикаяты жарыққа шықты. Бұл кітапта қырғыз-қазақ жауластығы және Кенесары ханның жорықтары мен оның қалай өлтірілгені туралы деректер көркем әдебиетке тән жазбалармен нанымды суреттелген. Сонымен қатар «Қараман қарақшы» атты хикаяты сегізінші рет басылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағының жаңа жобасы бойынша бір зерттеу еңбегі мемлекет есебін дүниеге келді. Момбек Әбдәкімұлы осы кітаптары үшін «Қазақстанның Құрметті жазушысы» және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағын иеленді.
Әдебиет айдынында кемесінің желкені биік керілген қаламгеріміздің тағы бірі – Бөрібай Оразымбет. Ол Шымкенттегі қаламгерлер арасында шығармалары шетел тілдеріне ең көп аударылған қаламгер. Үндістан, Мексика, Египет, Таиланд, Ұлыбритания, Испания, Түркия, Сальвадор, тағы басқа да бірнеше ондаған елдердің әдеби бірлестіктерінің жүлдегері. Ол биыл өзінің 70 жасқа толуына байланыстырып 27 баспа табақтық «Жеті бел» атты жыр жинағын шығарды.
Жастайынан өлең жазумен айналысып жүрген Ділдәгүл Нұрмаханбет деген қаламгеріміз бар. Ол әр жылдары бірнеше басылымдарда еңбек етіп, көпшілікке қаламы төселген журналист ретінде танылған. Ол былтыр бірінші сынып оқушыларына арнап қазақ «Әліппесінің» хрестоматиясын құрастырып шықты. Ол Сұлтанбек Қожанов атындағы медалімен марапатталды.
Шымкент қалалық жазушылар ұйымында бірнеше ұлттың өкілдері енген. Олардың арасында өзбек ақындары Хавазмат Қошқаров, Закиржан Моминжанов, Эркиной Султанова сынды ақындар бар. Закиржан Моминжанов 120 беттік «Ифтихор нащьаси», («Мақтаныш сезімі») атты жыр жинағын шығарды. Бұл жинақтың жартысы автордың өз өлеңдері болса, екінші жартысында қазақтың белгілі ақындары – Ұлықбек Есдәулет, Исраил Сапарбайдың өзбек тіліне аударылған өлеңдері жарияланған.
Эркиной Султанованың 200 беттік «Уммон кунгил» («Мухит көңіл») атты жыр жинағын, сондай-ақ «өзбектің Мұқағалиы» атанған Мұхаммед Юсуфтың жеке жинағын шығарды. Сонымен қатар «Мінәжат» деп аталатын өзбек ақындарының қазақшаға аударылған жинағына редактор болды.
Ел таныған жазушыларымыздың тағы бірі – осы жолдардың авторы болып табылады. Көпшілікке лирикалық әңгімелерімен танылған ол Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен «Мәдениет саласының үздігі» медальімен, Қырғызстанның «Алака» қорының «Әдеби салымы үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Жұртқа өр рухты өлеңдерімен таныс Құрал Көмекті де баса айта кеткеніміз жөн. Ол алфавиттік тәртіпке байланыстырылған шумақтармен құрастырылған «Бағдаршам» деп аталатын тақырыбы да, стилі де, жазу мәнері мен айтары бөлек бір құнды кітапты дүниеге келтірді.
Арамызда қазақтың ұлттық киімін, соның ішінде кимешекті насихаттап кітап жазған Клара Лаханқызы атты әріптесімізде отыр. Ол бұл тақырыпта биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне «Киелі кимешек –Аналар тәжі» деген мақала шығарды. Бұл орайда «Кестелі кимешек» деп аталған кітабы да жарыққа шықты. Аталмыш кітаптың тұсаукесері Қазақстан Жазушылар одағының залында өтті. Қырғызстанның «Ақтал» әдеби шығармашылық бірлестігінің бірінші дәрежелі Дипломымен, «Қырғыз республикасының Мәдениет және өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Шаһардағы «Бақытты жанұя» деп аталатын әжелер комитетінің төрайымы ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр.
Біздің арамызда жоғары оқу орындарында қызмет істейтін бірсыпыра қаламгерлер де бар. Бәрімізге белгілі, биыл Қазақстан Жазушылар одағының іске асқан жаңа жобасының бірі – «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» деп аталған еді. Бұл бағытта жерлес жазушымыз Айткүл Досыбаева Әзербайжан елінің архивтерін ақтарып, «Қазақ-әзербайжан әдеби байланысы» атты зерттеу кітабын шығарды. Ол алдағы уақытта да осындай игі істерді жалғастырып, талай зерттеу еңбектерін шығарады деген ойдамыз.
Қаламызда өз шығармаларымен жұртқа танылып үлгерген бір топ жастарымыз да бар. Бұл қатарда Бақтыгүл Ауданова, Эльмира Сәрсенбайқызы, Арайлым Саттарова, тағы басқа да жастарды атауға болады. Эльмира Сәрсенбайқызының биыл Манас елінің ақыны Сталбек Абдыраевпен бірлесіп қырғыз тілінде шығарған кітабы «Егіз елден – егіз лебіз» деп аталады. Қазіргі жастардың жиі қолданатын нәрсесі әлеуметтік желі ғой. Эльмира Сәрсенбайқызы апта құрғатпай өз жеке парақшасында жаңа жырларын жариялап тұрады. Осы арқылы жұрт оны қазіргі күндері қаламы төселген кәнігі ақын ретінде таниды.
Әлбетте, ел танып, жұрт мойындаған шымкенттік қаламгерлердің қатары мен атаған есімдермен ғана шектеліп қалмайтыны белгілі. О баста айтқанымдай, биылғы жылы жаңа кітаптар шығарған және түрлі мемлекеттік марапаттар қоғамдық маңызы бар бірлестіктердің алғысына бөленген әріптестеріміздің еңбектерін ғана айтып өттім.
Сөзімнің аяғында Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласындағы өкілінің және осы өкілеттің құзырындағы қаламгерлер ұжымының биыл атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталғым келіп тұр. Ешкімнің таласы жоқ, қалалық қаламгерлер ұйымына Момбек Әбдәкімұлы сайланғалы бері бірсыпыра игі істер атқарылды. Бұл жерде олардың барлығын тізбелеп отыру қажет емес те шығар. Десе де өкілдіктің қалалық әкімдікпен һәм мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасымен атқарған біраз игі істерді айтып өтуді парызым деп санаймын. Жыл бойы қазаққа аты мәшһүр ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толған мерейтойы жер-жерде аталып өтті. Бөрібай Оразымбетовтың 70 жасқа тоған мерейтойы атап өтілді. Наурыз айында жазушы Момбек Әбдәкімұлының 65 жасқа толғанына және үш кітабының тұсаукесері арналған үлкен жиын өткізілді. Өкілдіктің еңбек ұжымы бұлармен қатар ақын Бақытжан Алдиярдың 50 жасқа толған мерейтойын лайықты дәрежеде атап өтті. Оларға қоса өкілдік құзырындағы қаламгерлер А.С.Пушкин атындағы Шымкент қалалық әмбебап кітапханасының 125, Абай атындағы Шымкент қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 70, Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдық, көздері әлсіз көретін оқырмандарға арналған кітапхананың 55, Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының 10 жылдық мерейтойларына өз тартуларын тартып, сый-сияпат жасады. Бұл да бір бұрын-соңды ақын-жазушылар тарапынан болмаған игі іс дер едік. Бұдан бөлек әр тоқсан сайын Шымкент қаламгерлерінің басын қосқан жиын тұрақты түрде өткізіліп, онда жергілікті ақын-жазушылардың мүдделеріне орайластырылған жоспарлар түзілді. Сондай-ақ әр мерекеде ақын-жазушылардың тұрақты түрде бастарын қосып, жақсылықты істерге бастайтын жиын өткізу де дәстүрге айналды. Мұндай игілікті іс болашақта да жалғасын таба беретініне сенімім мол.
Шымкент – ежелден-ақ таланттар ордасы. Күні бүгінге дейін қаламыздан 1 Мемлекеттік сыйлықтың, 8 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары, 3 Қазақстанның «Құрметті жазушысы» шығып отыр. Алдағы уақыттар да Шымкент қаламгерлері үшін табысты кезеңдер болатынын тағы да нық сеніммен айтуымызға толық негіз бар.
Зылиха ЖАНТАСОВА,
Жұмабек Тәшенов атындағы университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.