Елбасының Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балаим Кесебаева Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Депутат прокуратура органдарымен кәсіпкерлікті қорғау саласындағы атқарылған оңды жұмыстарды айтып, «Құқық қорғау қызметтер орталығының» жұмысын ерекше бағалады.
Прокурорлар құқық қорғау органдарының алдына қойылған міндеттер мен тапсырмаларды орындаудағы атқарылып жатқан жұмыстары жайында баяндап берді. Жиынға қатысушылардың пікірінше, ҚҚҚО-ы Елбасының халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, жұмысты сервистік модельге көшіру қажет деген бастамасына айғақ ретінде аталды. Бұдан бөлек цифрландыру мәселесі жеке талқыланды.
Жиналысқа қатысушылар бірауыздан қылмыстық іс жүргізуді электрондық форматқа ауыстыру әділеттілікке және үдерістердің ашықтығына тез қол жеткізуге мүмкіндік беретініне күмән келтірмеді.
Қала прокуроры Мақсат Қожабаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері Шымкент қаласына қарасты төрт аудан прокуратурасымен 398 электронды қылмыстық іс тіркеліп (175-і қылмыстық теріс қылықтар, 147-і онша ауыр емес қылмыстар, 74-і ауырлығы орта қылмыс және 2-і ауыр қылмыс), соның 63-і сотқа жолданған.
Шымкент қаласының прокуратурасы.