ШЫМКЕНТТЕ АШЫЛҒАН ЖАСТАР ТЕАТРЫ «КОРОЛЬ ЛИРДІ» САХНАЛАДЫ

Жастар Өнер
27 Views



Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С.А.Құранбек Өңірлік коммуникацияларқызмет алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы брифинг өткізді. Жиын барысында қала әкімдігінің қолдауымен құрылған Шымкент қалалықжастар театрының шығармашылық бағыттағы тың бастамалары мен келешек жоспарлары таныстырылды.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, жақында Жастар театры меншігіне арнайы жаңа ғимарат беріліп, театры Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясымен бірлесіп, тәжірибе алмасу жобасын бастаған. Бұл бастама театрдың кәсіби деңгейін арттырып, Өнер академиясынан тәжірибе алмасу мақсатында келген жас өнерпаздарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда.

Брифингке аталмыш академия ректоры Арман Әділханұлы Жүдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Мұрат Ахманов, Хазима Нұғманова, сондай-ақ тәжірибе алмасуға келген IV курс студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сөз сөйлеп, ізгілікті де игілікті бастаманы көтеріп отырған қала басшылығына өздерінің ризашылық сезімін жеткізді.

Сонымен, 23 сәуір күні сағат 19:00-де Орыс драма театры сахнасында Өнер академиясы студенттерінің алғашқы сахналық жұмысы – ағылшын драматургы Уильям Шекспирдің мәңгілік ұлы шығармасы – «Король Лир» трагедиясы алғаш рет жаңаша бағытта көзіқарақты көрермен қауымға жол тартты. Бұл қойылым – академия түлектері мен жас театр ұжымының алғашқы бірлескен еңбегі екенін естеріңізге сала кетейік. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов. Оның креативті режиссерлік шешімдері мен сахнаға жаңаша серпін берген жас актерлердің жалынды ойыны көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сөз орайы келгенде Өнер академиясының шәкірттері бұған дейін Әзербайжанда өткен Халықаралық театр фестивалінде жүлделі орын иеленіп, ел мерейін асырғанын тілге тиек ете кетейік.

Премьераға арнайы келген қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков жас театр ұжымының өнерін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі. Егемен еліміздің Үшінші мегаполисінде ашылып отырған жетінші – Жастар театрының ұжымына біз де толағай табыс тілеп қаламыз.

Ә.ДОСЫБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *