Дана халқымызда «Жас келсе, іске!» деген тамаша сөз бар. Сол айтпақшы, түрлі салада ерен еңбек етіп, егемен еліміздің экономикасы мен мәдениетін көтеруге белсене атсалысып жүрген заманауи, креативті, іскер, талантты жастар көптеп саналады. Солардың бірі де бірегейі – әйгілі әріптесіміз, мемлекеттік қызметте әбден ысылған Берік Уәли бауырымыз дер едік. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімін иеленген ол биылғы жылдың басында бұрынғы атауы өзгертілген Абай облысына әкім болып тағайындалған болатын. Бара салысымен, іске белсене кірісіп кетті. Халықпен жиі кездесіп, олардың уәждерін тыңдап көрді. Шетелден инвестиция тартып, өңір экономикасын өркендетуге талпыныс жасауда. Аймақтың қордаланған проблемаларын шешу жолында күн демей, үн демей тынымсыз еңбек етіп жүрген өңір басшысының қыруар да қарбалас тірліктеріне үлкен-кішінің бәрі дән ризашылықтарын білдіруде.
Газетіміздің бүгінгі «Аймақ» деп аталған бетінен өңір басшысы Берік Уәли жайлы «Абайдың ажары ашылуда» деген топтама материалдармен таныса аласыздар.

БЕРІК УӘЛИ – АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 17 ақпандағы Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды, Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Берік Уәли – тәжірибелі журналист және мемлекеттік қызметкер. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында басшылық қызметтерде болған.
Президент хатшысы ретіндегі қызметі мемлекеттік басқару саласындағы мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.
ӨМІРБАЯНЫ
Берік Уәли 1977 жылы Семей (қазіргі Абай) облысында дүниеге келген. Ол Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын «Кинотанушы», Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Журналистика», Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телекомпаниясында «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының тілшісі болып бастаған.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ТӘЖІРИБЕСІ:
2018-2019 жылдары – Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы.
2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы.
2022-2023 жылдары – «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.
2023 жылғы 12 қыркүйекте – Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Өңір активіне жаңа әкімді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов таныстырды. Ал бұрынғы басшы Нұрлан Ұранхаевқа аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Жаңа әкім Берік Уәлиге бірқатар міндет жүктелді. Абай облысының экономикасын әртараптандырып, инвестициялық ахуалды жақсартуы қажет. Шығыстың жауһары саналатын – Алакөл көлінің, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың әлеуетін ашып, туризм саласына ерекше көңіл бөлуі маңызды. Берік Уәли Абай облысының тумасы, 48 жаста. Еңбек жолын тілшілік қызметтен бастаған. Кейін облыстық әкімдіктерде, партияда, министрліктерде түрлі қызмет атқарды. Президенттің баспасөз қызметін екі рет басқарды. 2019-2022 жылдары және 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов:
– Киелі Абай жері ел дамуында маңызды орын алады. Облыстың жағдайы Мемлекет басшысының үнемі назарында. Президенттің бастамаларын қолдап, белсенді азаматтық ұстаным танытып жүргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық қоғам бірлесіп, жұмыс істеуі қажет.

ОБЛЫСТЫ ТІКҰШАҚПЕН АРАЛАП ШЫҚТЫ
Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдегі су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен аралап шықты. Ол өзінің орынбасары Димитрий Гариков пен Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары А.Штыкельмен бірге Бородулиха, Жаңа Семей аудандары мен Семей қаласының қауіпті аумақтарын әуеден бақылап, гидрологиялық жағдайды бағалады.
СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАРСЫ ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Әуеден шолу барысында Шүлбі су электр стансасының жағдайы, сондай-ақ Ертіс пен Уба өзендерінің көктемде су деңгейі көтерілетін учаскелері зерттелді. Қауіптің алдын алу мақсатында мұз жару жұмыстары жүргізілген елдімекендер де назардан тыс қалған жоқ.
Бородулиха ауданындағы Красный Яр, Переменовка ауылдары мен Жезкент кентінің маңындағы қар қалыңдығы бақылауға алынды. Бұл аумақтарда жыл сайын мұз жару жұмыстары жүргізілетіндіктен, әкімдік ерекше назар аударып отыр.
– Бүгін өзендерде мұз жару жұмыстарына дайындық барысын тексердік. Қазір облыстың басқа да аудандарындағы тасқын қаупі бар елді мекендерді тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз, – деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
ЕРТІСТЕГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?
Әкімнің тікұшақпен бақылауы барысында Ертіс және Уба өзендеріндегі мұз қабаты мен су деңгейі зерттелді. Қардың қалыңдығы анық байқалғанымен, оның толықтай еру белгілері әзірге жоқ. Ертіс өзенінің Семей қаласы маңындағы Холодный ключ аумағында мұз кесектерінің жиналуы байқалған, бұл су деңгейінің көтерілуіне әсер етуі мүмкін.
Берік Уәли екі аудан мен облыс орталығындағы гидрологиялық жағдайды саралай келе су деңгейін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Алдағы уақытта Бесқарағай ауданының Жетіжар, Кривинка ауылдары мен Семей қаласы маңындағы Ертіс өзенінде мұз жару жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыстарды тоқтатпау керек. Жақын арада Бесқарағай, Үржар, Мақаншы, Ақсуат аудандарына барып, су тасқынына дайындық барысын көріп шығамын. Қазіргі таңда өңірдегі ахуал тұрақты, – деді облыс әкімі.
Абай облысының жаңа әкімі Берік Уәли Аягөз ауданының әкімі Данияр Шәкәрімовке көктемгі су тасқынына дайындықтың жеткіліксіздігі үшін сөгіс жариялады.
БІР ЖИНАЛЫСТА БІРНЕШЕ ШЕНЕУНІК СӨГІС ЕСТІДІ
Бұл туралы жергілікті Abai aqparat сайты хабарлады. Басылым мәліметінше, аудан басшысы өзге де төмен көрсеткіштері үшін сөгіс естіген.
Бұған қоса-қабат Берік Уәли облыс әкімдігінде өткен жиналыста Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Айнұр Ақмырзаға да сөгіс жариялады. Басқарма жетекшісі су қоймаларының жай-күйі туралы баяндаған, алайда әкімнің «Нысандарды өзіңіз тексердіңіз бе?» деген сауалына жауап бере алмаған.

ЖЕТІ ШЕНЕУНІККЕ СӨГІС БЕРІП, ЕКЕУІН ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТТЫ
Абай облысының жаңа әкімі Берік Уәли облыс әкімінің орынбасары, Семей қаласының әкімі, Бесқарағай ауданының әкімі және Энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысын жаңа мектептердің инфрақұрылымын тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиналыста талқыланды. Берік Уәли аймақта мектептер, балабақшалар, ауруханалар, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Жоспарда: 6 мектеп, 9 балабақша, 3 аурухана, 2 емхана, Оқу және медицина мекемелерін күрделі жөндеу қарастырылған.
– Президент облыстың дамуын жеделдету және негізгі мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жаңа көпсалалы клиникалық аурухананың құрылысы басталады. Сондай-ақ, Семейдегі Оқушылар сарайын аяқтауға қосымша 8,6 миллиард теңге бөлінді, – деді әкім.
Әкім жаңа мектептердің құрылысын ерекше бақылауға алды
– Ұлттық жоба аясында 5 мектеп салынып жатыр. Бірақ, желтоқсанда Астанаға 3 мектептің ғана аяқталғаны туралы ақпарат берілді. Біздің өңір үшін 5 мектеп аз. Халқының саны бізбен шамалас аймақтарда кемінде 7-9 мектеп салынуда. Ата-аналар мен оқушылар мектептердің ашылуын асыға күтіп отыр, – деді әкім.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковке, Семей қаласының әкімі Талғат Мұратовқа, Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаевқа, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырхановқа сөгіс жарияланып, облыс әкімі тәртіптік жаза қолдануды тапсырды. .
Ал білім саласындағы кемшіліктерге, мұғалімдердің жалақысының кешіктірілуіне және тәрбие жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев қызметінен босатылды.
Кеңесте өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы да талқыланды. Биыл аймақтың дамуына 9,5 миллиард теңге жеңілдетілген несие қарастырылған, бірақ бұл қаражат толық игерілмеген. Осыған байланысты “Абай” Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Абай Амангелдин қызметінен босатылды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевқа ескерту жасалды.
Әкім облыстағы ана мен нәресте өлімінің деңгейі жоғары екенін, медициналық қызмет сапасына халық жиі шағымданатынын айтты. Осыған байланысты Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековке тәртіптік жаза қолдану тапсырылды. Мәдениет басқармасының басшысы Айбек Саматқа ақпаратты уақтылы ұсынбағаны үшін ескерту жасалды.
Берік Уәли Семей қаласындағы аспалы көпірдің жөндеу жұмыстары кейінге шегерілгенін сынға алды. Жоба-сметалық құжаттар уақытында дайындалмаған.
– Мен мемлекеттік қызметкерлердің жалған ақпарат беруіне және жұмысына салғырт қарауына жол бермеймін. Президенттің тапсырмалары тиісті деңгейде орындалмайды, есептер дұрыс дайындалмайды, жауапты тұлғалар өз міндетін толық атқармай отыр. Біз бұл мәселелерді қатаң бақылауда ұстаймыз, – деді облыс әкімі.
ОБЛЫСТА КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАДЫ
Жуырда Абай облысының әкімі болып тағайындалған Берік Уәли өңірдегі кадрлық ауыс-түйістерді бастап отыр.
Гүлфайрус Серікболова Абай облысы Қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол бұған дейін аталған басқарма басшының орынбасары қызметін атқарған.
Ал оның басшысы болған Асхат Смаилов әкім орынбасары болып тағайындалды.
ТҮРІК КОМПАНИЯСЫ КЕН КОМБИНАТЫН САЛАДЫ
Түркияның Miryidiz Mining компаниясы Абай облысында 482 миллион долларға тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі Берік Уәлі шетел инвесторларымен кездесті. Инвесторлар былтыр Абай облысында заңды тұлға ретінде тіркелген.
Компания өңірде барлау жұмыстарын жүргізіп, өндірістік нысандарға қажет жабдықтарды сатып алған. Инвесторлар облыс әкіміне жұмысты бастауға дайын екенін, тек жерді рәсімдеуге байланысты қиындықтар туындап отырғанын жеткізіп, көмек көрсетуді сұрады.
Аймақ басшысы өндірістік жобаның облыс экономикасы үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Бұл – біздің облыс үшін үлкен инвестиция. Жоба жүзеге асқанда 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірге әлеуметтік нысандар салуға шақырамыз. Біз Сіздерді барлық жағынан қолдауға дайынбыз. Құжат рәсімдеуге байланысты кедергілерді шешу жолдарын қарастырамыз. Көмектесеміз, – деді Берік Уәли.
Инвесторлар аймақ басшысының ұсынысын қолдап, жоба жүзеге асса мектеп, аурухана секілді нысандарды салуға дайын екенін білдірді.
Әкімдік мәліметінше, 1997 жылы негізі қаланған Miryidiz Mining компаниясы тау-кен өндірісімен, энергетика саласымен шұғылданады. Түркияда, сонымен қатар Африка елдерінде кен барлау жұмыстарымен айналысады. Компания жылына 1 млн тоннаға жуық мыс өндіреді.
1,568 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫҢ КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
Абай облысының әкімі Берік Уәли мен қытай инвесторлары 1,568 миллиард доллардың меморандумына қол қойды.
Облыс әкімі Берік Уәли Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкесіндегі Алтай қаласында жүр. Халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясына өңір делегациясы қатысып жатыр. Оның құрамына жүзге жуық адам кіреді.
– Осында келгелі конференция аясында көптеген нәтижелі кездесулер өткіздік. Облыстың даму жоспарына сәйкес бизнес өкілдерімен өңіріміздің дамуына серпін беретін жобаларды бірлесіп атқаруға келістік. Бұл екі тарап үшін де тиімді», – деді аймақ басшысы.
Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасында 250 шақырымнан астам шекара бар. Өңір стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында орналасқан.
Әкімдіктің мәліметінше, қазір Абай облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы – 287 млн АҚШ доллар. Оның 257 миллионы экспортқа тиесілі.
«–Облыста металлургия, жеңіл, тамақ өнеркәсібі және машина жасау салаларын дамытуға мол мүмкіндік бар», – деді әкім.
Конференция нәтижесінде Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолияның сегіз өңірі субөңірлік ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Абай облысының қала, аудан әкімдіктері, басқарма басшылары, кәсіпорын жетекшілері мен қытайлық инвесторлар арасында жалпы құны 1, 568 миллиард доллардың 15 меморандумына қол қойылды.
Келісімдер Абай облысы мен Қытай арасында халықаралық логистикалық парк құру, білім беру және тұрғын үй кешендерін салу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫН ӨҢІРГЕ ШАҚЫРДЫ
Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытайдың Чанцзи мемлекеттік жоғары технологиялар индустриялық аймағынан келген делегация мүшелерімен кездесті. Өңір басшысы оларды облысқа инвестиция құюға шақырды. Делегация құрамында құрылыс, тау-кен өндірісі, электроника және көлік құрастыру, көпір салу бағытында жұмыс істейтін компания өкілдері болды. Аймақ басшысы қытайларға облыстың әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы айтып, өңірде көлік-логистика, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға болатынын атап өтті.
– Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан, көлік-логистикалық әлеуеті зор. Семей мен Аягөз қалалары аумағындағы теміржол бойында логистикалық хабтар ашуға толық мүмкіндік бар. Облыс орталығына көпір керек. Семей қаласында машина құрастыратын зауыт бар. Осы бағытта да бірлесе жұмыс істеуге болады.
Жел, су энергиясын өндіретін стансалар салу мәселесі де өзекті. Өңірде өндірістік аймағымыз бар. Біз әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғысы келетін инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, аймақ делегациясы биыл мамыр айының ортасында Қытайға арнайы барып, келіссөздер жүргізген. Қытай делегациясының өкілдері Абай облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, біріккен кәсіпорындар ашу, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға инвестиция салу бойынша нақты ұсыныстар беретінін жеткізді.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, қытай компаниясының өкілдері бұған дейін Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бірнеше жобаны жүзеге асырған.