ЕҰУ МЕН НАНКАЙ УНИВЕРСИТЕТІ КАДРЛАРДЫ БІРЛЕСІП ДАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ КЕЛІСТІ

Білім
35 Views

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен Нанкай университетінің президенті Чен Юйлу экономика, бизнес және сауда салаларында кәсіби кадрларды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсянның, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары өкілдерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы аясында өтті.

Уағдаластық шеңберінде университеттер «Халықаралық бизнес және стратегиялық сауда бақылауы» және «Экономика» білім беру бағдарламалары бойынша магистранттар дайындайды.
«Қазақстан мен Қытай арасында тату көршілік, достық және стратегиялық қарым-қатынастар бар. Жыл сайын елдеріміз арасындағы ынтымақтастық нығая түсуде, білім және ғылым салаларындағы әлеуетті өсудің жаңа мүмкіндіктері пайда болуда. Біздің келісім елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығына үлес қоса алатын білікті мамандарды даярлауға қуатты серпін береді, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланыстарды кеңейтетініне сенімдімін», — деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.
Өз кезегінде Нанкай университетінің президенті Чен Юйлу университеттер арасындағы серіктестік мемлекеттер арасындағы академиялық және экономикалық байланыстарды кеңейтумен қатар, халықтар арасындағы рухани және мәдени қарым-қатынастарды да нығайту үшін ынталандыру болатынын жеткізді.
Айта кетейік, ЕҰУ мен Нанкай университеті 2024 жылдан бері меморандум негізінде ынтымақтасады.

ЕҰУ-нің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *