ЖҮРЕГІНДЕ ІЗГІЛІК НҰРЫ ТҰНҒАН

Мерей
25 Views

ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым хақында лебізнама

Торайғыров университеті КеАҚ, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті «Үштұғырлы тіл» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Файзуллақызы Зейнулина асқаралы 60 жасқа толды. Ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, қоғам қайраткері туралы арнайы материалды оқи отырыңыздар.

ТҰЛЫМШАҒЫ ЖЕЛБІРЕГЕН ҚЫЗ шағынан бітімі бөлек сүйкімді балдырған болды. Бір орнында тұра қоймайтын. Павлодар облысы, Ақсу ауданындағы «қос батырдың ауылы» атанып кеткен шағын ауылда дүние есігін ашты. «Екі батыр» – Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин және Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбеков. Екеуі бір мектепте оқып, бір партада отырған екен. Қанаш соғысқа аттанғанда, Мәжен Қабылбеков елде ұстаздыққа қалған екен. Біреуі соғыс майданында болса, екіншісі ерен еңбек майданында қызмет жасаған. Мәжен ағасы мектепте сабақ берген ұстазы, кейін дипломмен ауылға келгенде білікті бастығы болған ақылгөй азамат һәм текті тәлімгер жан еді.
Айман көп қазақ балалары секілді ата, әже тәрбиесін көріп өсті. Сәбеттің балабақшасына барған жоқ. Нағашы атасы әріп-қаріпті танытып, ол 3 жасында әріп пен сағатты танып, тақылдап тұрды. 4 жасында атасы марқұм сыртқы мұқабасы күрең қызыл Абай Құнанбаев деген жазуы бар кітапты мәнерлетіп оқытты. Көп жерін түсінбесе де, «Өгіз бен бақа» деген мысал аудармасы мәңгі есінде қалып қойыпты. Болашақ педагогтың сөз өнеріне деген махаббаты осы Жүкен нағашы атасының зерделі тәрбиесінен бастау алды.
Ата-анасы үш түрлі ұстаныммен тәрбие берді. Біріншіден – адал еңбек ету, екіншіден – біреудің ала жібін аттамау, үшіншіден – қарапайым болу. Әкесі Файзолла бар ғұмырын ауыл шаруашылығын дамытуда ерен еңбек етіп, есімі тракторына жазылып тұрған АТАУЛЫ МЕХАНИЗАТОР болса, анасы Жаңыл елге қызмет жасаған қарапайым еңбек адамы болды. Бес баланың тұңғышы болған Айманның өзі қазір ана, әже. Қызы – Ташекова Айгерім Тарбиновна PhD, Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры. Күйеу баласы Ташеков Шынболат Абайұлы – мемлекеттік қызметкер. Мұхамедияр есімді жиені бар.
Оның туған ауылы көп ұлтты-тын. Өзі отбасы мен мектепте қазақша білім алып, ұлттық тәрбие, салт-дәстүрді үйренуден кенде болмады. Мектептегі алғашқы қадамы да қызық болыпты. Бірінші оны орыс сыныбына беріпті. Бір ауыз орысша білмеймін оны кейін 10 қыркүйекте қазақ сыныбына ауыстырыпты. Алғашқы ұстаздары – Шүленбаева Тұрсын Оспанқызы мен Аубакирова Айтжамал Төлеубайқызы ұғымтал қыздың келешегін бірден болжап, келешегінен үлкен үміт күтетінін айтып отырыпты. Әр мұғалімі өз сабағын өте сапалы, қызықты өткізіпті. Айманның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын таңдауына да осы ұстаздарының берген білімі мен тағылымы ерекше әсер етіпті. Бұл ретте ерекше айтатын ұстазым – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Рыспаева Рымтай Омарқызы болған екен. Оның сабақ беруі де ерекше болған екен. Ол кісі оқушылардың бар – жоғын сұрамайтын көрінеді. Көркем шығарманың мазмұнын түсіндіру үшін өзі бір кейіпкер болып, сыныпқа кіріп келіп, сол рольде ойнай кетеді екен әрі қарай біздің есімдерімізді атап, жалғастыруымызды өтінетін, сөйтіп, көркем шығарма мазмұнын игеруге, оқуға қызығушылықты оятқан. Павлодар облысында өткен пәндік олимпиадаға осы ұстазым оны дайындап, нәтижесінде облыстық және республикалық пән олимпиадасында 1-орын алыпты. Бұл Рымтай ұстазының әдебиетке қызығушылығын оятуы арқасында кейін институттың филология факультетіне түскенде 1 курс материалын толық біліп отырған.
Ең алғаш оқыған кітабы – «Жыл он екі ай», сосын С.Дөнентаевтың «Көркемтай» атты әңгімесі. Осы шығарманы оқып шыққаннан кейін 1 күн жылаған екен. Сезімталдық пен нәзік жүрек иесі болудың бұл бір көрінісі ғой. Мектепте өте белсенді оқушы, класта комсорг болыпты. Арада 40 жыл өтсе де осы күнге дейін кластастарымен емен-жарқын кездесулерін ұйымдастырып жүреді.
Жоғары білімді Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында алды. Алты алашқа әйгілі ғалым аға-апайларының дәрістерін тыңдады. Ол үшін ерекше есте қалғаны – студенттерге әкелік махаббатын танытқан, ғылым жолына бағыттаған кафедра меңгерушісі, кейіннен факультет деканы, ф.ғ.д., профессор С.М.Исаев, ғылым шыңына шыққан Қ.Құттыбаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Ә.Мәметова, Х.Қожахметова болған екен. М.Қ.Жұбанова, Н.Е.Бекмаханова, Ү.І.Жансүгірова сияқты ірі ғалымдардан білім алған. Ал факультет деканы С.М.Исаев белгілі ақын, жазушыларды шақырып, керемет кездесулер ұйымдастырыпты. Солардың өнегелі әңгімелерін тыңдау бақыты бұйырған. Бұл қатарда Ш.Айтматов, Ә.Нұршайықов, Ф.Оңғарсынова, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Шаханов,. Ғ.Қайырбеков болыпты. Фольклорист ғалым Р.Бердібаевтың «Тіл өнері» университеті мен Б.Мекішев ұйымдастыратын «Жеті музаны» асыға күтіп, қаншама кездесулерден ләззат алып, жүрек тебірентерлік ұлағатты ойларға тәнті болатын.
1993-1997 жылдары ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының күндізгі аспирантурасында оқып, ғылым жолына түсті. Алаш әдебиетінің ақтаңдақ беттерін зерделеуге, Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын жан-жақты зерттеуге жаңа бағыт басталды. Ғылыми жетекшісі, ғылымдағы рухани әкесі, әйгілі академик Серік Қирабаев болды.
Ғылымның сан-салалы қырын түсіндіруде, қолдау көрсетуде, бағыт – бағдар беруде, пікір білдіруде Ш.Сәтбаева, З.Ахметов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, С.Қасқабасов, Ш.Ибраев, А.Сейдімбек, Ө.Күмісбаев, Ш.Елеукенов, Б.Ибраимов, Т.Шапай, С.Қорабаев, А.Исмакова, Б.Омаров тағы басқа аға-апаларының есімдерін ерекше атап отырады.


СТУДЕНТТІК ШАҒЫНАН хабарымыз бар. КазГУ-де әдебиет ақтаңгерлерімен, белгілі тұлғалармен кездесу бола қалса Айман сол жерден табылатын. Бірде Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновпен кездесу ұйымдастырдық. Халық батырын біздің филология факультетінің белсендісі, оқу озаты Ләззат Әділбекова екеуіміз ЖенПИ-дің жанында орналасқан үйінен машинамен алып келдік. Биофактың үлкен акт залы студенттерге лық толы. Байқаймын, өз универімізден бөлек басқа институттардың студенттері де батыр аталарын көруге келген екен. Үшінші қатардың өте беріс шетіне орналасқан қыздардың қонақ екендерін түсіне қойдым.
– Сәлеметсіздер ме! Қайдансыздар?
– ЖенПИ, филфак.
– Пәшти коллега екенбіз ғой.
– Сіз ше? – үш қыздың ортасындағы қолаң шашты әдемі қыз көзге тіке қарап, кенеттен сұрақ қойды. Жәудір жанарының сиқырлы нұры электр тоғындай әсер етті. Өзін еркін ұстайды екен. Сәл сасқалақтай қарап, «мәңгіргендей» өз қылығыма ыңғайсызданған мен:
– А-а-а, журфакпыз, ұйымдастырушылармыз ғой, – деп жеңіл «ақталып» жымиған болдым.
– Белсенді болсаңыз бізге мұндағы қызық кездесулер туралы айтсаңыз – келіп тұрамыз. Бүгін курстас қыздардан кездейсоқ естіп қалып, келіп жатырмыз, – деді күлімсірей қарап.
– Әлбетте! – деп «жеңіл құтылған» болдым. Бірақ алғыр мінезді ажарлы ару оп-оңай «құтқармады»…
Кеш аяқталған соң Айманмен, құрбыларымен жақынырақ таныстық. Оқымаған кітабы жоқ. Ақындардың жырларын жатқа соғады. Сол кезде де статусы ерекше КазГУ-дың «журфагының жігіттеріміз ғой» деп «қоқиып» жүрген біздің өзімізді кей шығармаларды талқылағанда «тықсыра» жаздайтынын байқап, кейін әңгіме ауанын «көңілді контентке» бұрып «құтылатын» болдық. Ақыры білімі дария аруларды жігіттермен бірге ЖенПИ-ге дейін шығарып салып, келесі күні болатын жатақханамыздағы дискотекаға, сосын сенбі күні әкемтеатрда болатын спектакльге баратын болып тарқастық-ау…


ҰСТАЗДЫҚ ҚЫЗМЕТІ БАСТАЛҒАННАН үлкен өмірдегі қарышты қадамдары өнегеге толы өз өрнектерін салып жатты.
1983-1987 жылдары Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында оқып, филология факультетін үздік дипломмен бітіріп, сол жылы Павлодар облысы, Ақсу ауданы, Қанаш Қамзин атындағы орта мектепке «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты. Аталмыш мектепте оқу ісінің меңгерушісі, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша әдістемелік бірлестіктің жетекшісі болды.
1989-1993 жылдары Павлодар педагогикалық институтында алғаш құрылған «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында аға оқытушы болып қызмет етіп, осы кезеңде аталмыш институттың филология факультеті деканының орынбасары болды.
1994-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының күндізгі аспирантурасына түсіп, 1998 жылы 10.01.02 – қазіргі қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «Ж.Аймауытовтың қазақ романын қалыптастырудағы ролі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын табысты қорғады.
1998 жылдан 2002 жылға дейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында аға оқытушы, кейін доцент қызметін атқарды. Сонымен қатар университетінің «Білік» газетінің бас редакторы болды.
2002 жылдан бастап ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырып, практикалық қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасады. Ал 2003-2005 жылдары аралығында аталмыш университетте жаңадан ашылған «Журналистика және кітапханатану» кафедрасының меңгерушісі болды.
2005 жылдың ақпанынан 2017 жылға дейін қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасап, 2017 жылдан – 2020 жылға дейін «Қазақ тілі және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, 2020 жылдан осы күнге дейін «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жатыр.
БЕЛСЕНДІ ӨМІР ПОЗИЦИЯСЫ айқындалған жан тыныш отыра ма, бұдан басқа облыстық «Ана тілі» орталығы мен «Тіл және әдебиет» университетінің тұрақты лекторы, облыстық мектеп және колледждерінің ғылыми кеңесшісі сияқты жауапты жұмыстарды қоса атқарып жүр. Ол аз десеңіз 2009 жылдан бастап Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің жанында ашылған «Қазақ тілі мен мәдениеті» атты орталықтың курс жетекшісі.
Айман Файзоллақызы барлық мамандықтар бойынша оқитын күндізгі және сыртқы бөлімдердегі студенттерге «Қазақ тілі», «Кәсіби қазақ тілі», «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» және барлық мамандықтар бойынша оқитын магистранттарға «Іскери қазақ тілі» пәндерінен дәріс және тәжірибешілік сабақтар жүргізеді. Мәскеу, Омбы, Кемеров, Италия, Франция, Түркия оқу орындарындағы шет ел қазақтарының алдында қазақ тілі мен әдебиеті мәселесі бойынша дәрістер оқиды.
Облыстық гимназия, лицей оқушылар үшін қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқыту мақсатында «Сөз табиғаты», «Қазақ тілі мен әдебиетін жаңа форматта оқыту технологиясы», «Қашықтықтан қазақ тілін деңгейлі оқыту әдістемесі атты курсы бойынша факультативтік сабақтың жұмыс бағдарламасы жасалынып, оқу жоспарына енгізілді. Курс нәтижесі бойынша ғылыми жоба жазылып, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда шәкірттері жүлделі орындарды иемденіп жүр.
Айман Файзоллақызының ғылыми-әдістемелік жұмысы негізінен қазақ тілі мен әдебиеті, аударма теориясы, мемлекеттік тілді оқыту теориясы мен әдістемесі, журналистика тарихы бойынша зерттелініп, 300-ден аса ғылыми мақалалар мен 10 оқулық, 2 электронды оқулық, 3 әдістемелік нұсқау, 5 оқу құралы, 3 монография, 4 сөздіктің авторы.
Ал, ЕҢ БАСТЫСЫ Астана мен Алматының мыңдаған ғылым докторлары, академиктері, аузына құс тістеген профессорлары қол жеткізе алмай жүрген атақты Scopus/ Web of Science халықаралық ғылыми журналдарында аймақта жүріп-ақ 5 ғылыми мақаласын жариялаған. Индекс Хиршасы – 3. «ТАЛАНТ ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖҮРСЕ ДЕ ТАЛАНТ» деген тіркестің ақиқаттығына осы арада тағы да көз жеткізесіз.
Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі бойынша жазылған «Қазақ тілін деңгейлі тұрғыда меңгерту мәселесі бойынша жарық көрген бірнеше қазақ тілі оқулықтарының авторы. Осы ретте Қазақстан Республикасы «КАЗТЕСТ» орталығының тұрақты сараптамашысы.
Филология ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ҚР ПҒА-ның корреспондент мүшесі, ҚР ХАА академигі, Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, С.Торайғыров атындағы Алтын медаль иегері, «ЖОО үздік оқытушысы – 2012» атағының иегері. ҚР Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі, Ғылыми әлеуеті жоғары, елімізге танымал, ерекше жетістігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Н.Базанова атындағы медалінің иегері.
Айман Зейнулина өз жұмысына ынталы, ұжым мүшелерімен тез тіл табыса алуымен қатар, кафедрада оқыту мен ғылыми жұмыстың жан-жақты дамуына айрықша үлес қосып, игі істердің жоғарғы нәтижеге жетуіне ұйтқы болған басшы ретінде танимыз. Кафедра оқытушыларының ғылыми әлеуетінің өсуіне аса көңіл бөліп, олардың зерттеу тақырыптары бойынша ақыл-кеңес бере білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы екенін дәлелдеді.
ТӘЖІРИБЕЛІ ДЕ БІЛІКТІ ҰСТАЗ ретінде студенттер мен магистранттар және әріптестерінің арасында сыйлы, беделді. Студенттер мен магистранттарға үнемі ұлттық бағытта тәрбие ретінде телерадио хабарлары, байқаулар, дөңгелек стол, сұхбат алаңын, кештер өткізеді. Университеттің «Қыз Жібек» клубының жетекшісі. Қазақ, татар, орыс тілдерін жетік меңгерген. Облыстық және университетішілік қоғамдық, мәдени-рухани жұмыстарға белсенді түрде араласып, өзінің азаматтық көзқарасын сауатты білдіре алатын қоғам белсендісі ретінде таниды. Туған жерімен де қызу байланыста жүреді, қолдан келген қамқорлығын жасайды. Соның нәтижесінде «Ақсу қаласының құрметті азаматы» атағына ие болып, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері атанды. Бұл өлшеусіз төгілген тер мен атқарылған қыруар еңбектің жемісі.
Бір салада осыншама биікке көтеріліп, зор құрметке бөлену екінің бірінің маңдайына жазыла бермесі анық. Мұның бәрі ата-ана, ата-әженің тәлім-тәрбиесі мен ұлағатты ұстаздары еккен дәнді жапырағы жайқалған бәйтерекке айналдырудың нақты көрінісі бұл. Үлгілі отбасыда тәрбиеленіп, қазақтың салт-дәстүрлеріне қаныққан өреннің тәлімді тұлғаға айналмауы мүмкін емес. Жастайынан кітаптан бас алмаған арманшыл қыздың осындай деңгейге көтерілуі заңды да. Басқаша болуы мүмкін де емес.
Адамның қамшының сабындай қысқа ғұмырды қалай өткізіп, қандай дәрежеге жеткенін замандастарының пікірлерінен айқын аңғаруға болады. Сол асыл жандардың бірнешеуінің ой-пікірлеріне үңілейік.

Мейрам Бегентаев, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің ректоры:
– Құрметті әріптесіміз Айман Файзулловна – отандық филология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан, ұлт тілінің тағдырына бейжай қарамайтын нағыз зиялы тұлға. Айман Файзулловна оқу ордамыздың ғылыми әлеуетін арттыруға, жас мамандарды тәрбиелеуге сіңірген еңбегі ерекше құрметке лайық. Ұстанымы берік, сөзі салмақты, ісі нәтижелі ғалым ретінде ұжымға әрдайым үлгі-өнеге.

Бекен Сағындықұлы, ф.ғ.д., «Марғұлан университеті» профессоры:
– Ұлтжанды, өз ісінің білгірі, нағыз қазақ қызы Зейнулина Айман Файзоллақызының білім мен ғылым кеңістігінде ойып алар орны ерекше. Онымен бір ұжымда қызмет ету – үлкен мәртебе. Терең білім, кәсіби адалдық, ғылыми ізденіске деген жауапкершілік сіздің болмысынан айқын көрінеді. Тіл, әдебиет,мәдениет, руханият мәселесіндегі батыл көзқарасы бен табандылығы бізге әрдайым күш-жігер береді. Ғылым мен қоғамды қатар алып жүрген сирек тұлғалардың бірі.

Жарқын Сүлейменова, п.ғ.д., профессор. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Алматы:
– Айман Файзоллақызы Зейнулина студент кезден-ақ тілге деген ерекше махаббаты, ізденімпаздығымен дараланды. Сол асыл қасиеттері өмір бойы оның серігіне айналды. Бүгінде биік ғылыми белестерді бағындырса да, адами қарапайымдылығы бен достыққа адалдығы сол қалпында сақталған. Айманды білім мен ғылым жолында үлкен іздемпаздықпен, жаңашылдықпен, шығармашылықпен, жауапкершілікпен жұмыс жасайтын құрбымыз ретінде мақтан тұтамыз!

Медет Тауасқан, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы:
– Айман Файзоллақызы – тіл тағдырына жанашырлықпен қарап, қоғамда өз пікірін ашық айта алатын қоғам қайраткері. Ұлттық мүдде жолындағы еңбегі, ғылыми ойды қоғам қажетіне жарата білуі – үлкен жауапкершіліктің көрінісі. Елдік мәселелерде үн қосып, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келе жатқан еңбегі жоғары бағалауға лайық. Айман Файзоллақызы Ертіс – Баян өңірінде қазақ бала бақшалары мен қазақ мектептерінің ашылуына, ономастикалық мәселелерді шешуде, қоғамдық мәселелердің өткір жайларын қарастыруда өз пікірін ашық айтып оның оң шешілуіне тікелей қатысып жүретін қоғам белсендісі, ел құрметтісі.

Айгүл Султанова, ҚР Халық банкі қызметкері, сыныптас құрбысы:
– Айман мектеп қабырғасынан бастап-ақ алғырлығымен, сөзге шешендігімен көзге түскен еді. Бүгінде сол бала арман үлкен ғылымға, елге қызмет етуге ұласқанына қуаныштымыз. Өз ортамыздан шығып, ел мақтанышына айналғаны – біз үшін үлкен мәртебе әрі үлгі.
ЗАМАНДАСТАР ЛЕБІЗІ ОСЫНДАЙ. Ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, асыл ана, аңқылдаған әже Айман Файзуллақызының бақыты баянды бола бергей!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, республикалық «Әділет» газетінің бас редакторы,
ҚР Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *