Түркістанда әйелді заңсыз психиатриялық мекемеге жатқызу ісі бойынша үкім шықты

Заң
15 Views

Туркестан қаласының ауданаралық сотында адам ұрлау, психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша үш жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім жарияланды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушылардың бірі қаладағы базарлардың бірінің аумағынан 16 дана жауынгерлік оқ-дәрі тауып алып, бұл туралы құзырлы органдарға хабарламай, өзінде сақтаған.

Тергеу барысында отбасылық жанжал салдарынан ер адам азаматтық некедегі жұбайын психиатриялық мекемеге заңсыз жатқызуды көздегені анықталды. Іс құжаттарына сәйкес, әйелдің қол-аяғы скотчпен байланып, күштеп облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізілген. Онда қажетті құжаттарға қол қою арқылы оны заңсыз түрде стационарға орналастырған.

Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сот-сараптама қорытындыларымен, куәлардың жауаптарымен, сондай-ақ аудио және бейнематериалдармен дәлелденді.

Жаза тағайындау кезінде сот олардың кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Қылмыстар жиынтығы бойынша істі ұйымдастырған адам 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі сыбайласы 8 жылдан бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді.

Сонымен қатар, сот моральдық зиянды өтеу туралы талап-арызды қанағаттандырып, негізгі айыпталушыдан 5 миллион теңге, қалған екеуінен әрқайсысынан 3 миллион теңгеден өндіріп алу туралы шешім қабылдады.