«Оңтүстік» индустриалдық аймағында Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокуратурасының бастамасы және ұйымдастыруымен алимент және басқа да қарыздары бар азаматтар, сондай-ақ пробация қызметінде және Шымкент қаласы полиция басқармасында есепте тұрған тұлғаларды жұмыспен қамтуға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдар мен индустриалдық аймақтағы жұмыс берушілер қатысты. Барлығы шамамен 100 адам — қарыздары бар азаматтар және құқық қорғау органдарында есепте тұрған тұлғалар қатысқан.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қатысушыларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету арқылы қарыздарын, соның ішінде алименттерін өтеуге көмектесу, олардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету және қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу.
Прокуратура органдарының хабарлауынша, жұмыспен қамту — әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және қылмыс профилактикасының тиімді тетіктерінің бірі болып табылады. Қатысушыларға өзекті бос жұмыс орындары ұсынылып, консультациялар мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Прокуратура атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да уәкілетті органдармен бірлесіп жүйелі түрде жалғасады.