Шымкент қаласында жүргізілген тексеру нәтижесінде Қабанбай батыр көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй ауласында орналасқан құрылыс нысаны толықтай бұзылды. Тексеру қала әкімінің тапсырмасы негізінде ұйымдастырылған.
Қалалық орта мен құрылыс бақылауына жауапты басқарма мамандары нысанның құқықтық мәртебесін зерделеді. Жалпы аумағы 648 шаршы метрді құрайтын ғимарат спорт залы ретінде тіркелгенімен, оны пайдалануға беру актісі заң талаптарына сәйкес рәсімделмегені анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша меншік иесімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде нысан иесі құрылысты өз еркімен бұзуға келісті. Қазіргі уақытта ғимарат толықтай сүрілген.
Уәкілетті органдар заңсыз салынған құрылыстарға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Рұқсат құжаттарынсыз салынған нысандар міндетті түрде бұзуға жатады.