Орал қаласында құсбегіліктен Қазақстан Республикасының XIX чемпионаты өз мәресіне жетті. 19–22 ақпан аралығында өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік бүркітшілер қатысты.
«Бүркіт» санаты бойынша Түркістан облысының өкілі Бағдат Кеуенов жеңімпаз атанып, ел чемпионы атағын иеленді. Сайыс қорытындысы бойынша ол қыран құсты баптау шеберлігімен, оны басқарудағы дәлдігімен және бүркітпен үйлесімді жұмыс істеу қабілетімен ерекшеленіп, бірінші орынды жеңіп алды.
Өңірлік спорт мектебінің мәліметінше, чемпионатқа дайындық жүйелі түрде жүргізілген. Жаттығулар тұрақты ұйымдастырылып, құсты ұшыру техникасы жетілдірілген және алдын ала жарыстарға қатысу арқылы тәжірибе жинақталған. Мамандардың айтуынша, бұл нәтиже — ұзақ жылғы еңбектің заңды жемісі.
Түркістан облысында бұл жеңіс ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытындағы жұмыстың нәтижесін көрсететіні атап өтілді. Өңірде бүркітшілерді даярлау жүйесі қалыптасқан, ал құсбегілік өнеріне қызығушылық тәжірибелі саятшылар арасында да, жастар арасында да артып келеді.
Оралда өткен чемпионат тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар көшпелі дала дәстүрімен сабақтас ұлттық мұраны дәріптеуге арналған маңызды алаң болды.
