Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелердің ішкі тәртіп қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатты талқылау 11 наурызға дейін жалғасады.
Өзгерістер тек қоныс-колонияларға қатысты. Бұл – ұстау режимі жеңіл мекемелер. Мұнда абайсызда жасалған қылмыстар үшін сотталғандар, сондай-ақ алғаш рет онша ауыр емес қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтейді. Аталған мекемелерде оқшаулау деңгейі төмен: сотталғандарға азаматтық киім киюге, мекеме аумағынан тыс жерде жұмыс істеуге, ал кей жағдайларда отбасымен бірге тұруға мүмкіндік беріледі.
Ұсынылып отырған негізгі жаңашылдықтардың бірі – сотталғандарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон пайдалануға рұқсат беру. Бұл норма тек қоныс-колонияларда жазасын өтеп жатқан азаматтарға қатысты және өзге қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерге қолданылмайды.
Сонымен қатар, үшінші оң мінез-құлық дәрежесіне ие сотталғандар үшін «тыныш сағат» енгізу ұсынылады. Бұл шара белгіленген тәртіпті сақтап, оң мінез-құлық көрсетіп жүрген азаматтарды қосымша ынталандыруға бағытталған.
Тағы бір өзгеріс цифрландыруға байланысты. Қысқа мерзімді кездесуге немесе қалаға уақытша шығуға өтініштерді өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы беру мүмкіндігін енгізу жоспарлануда. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, рұқсат беру рәсімдеріндегі тікелей байланысты қысқартуға ықпал етеді.
Құжат бойынша түпкілікті шешім қоғамдық талқылау аяқталып, келіп түскен ұсыныстар сараланғаннан кейін қабылданады.
