Болашақ Конституциясы: Шымкентте елді өзгертетін негізгі реформалар таныстырылды

Ақорда Заң Қоғам
43 Views

Шымкент қаласында «Көктем» базарының қызметкерлері мен кәсіпкерлеріне арналған Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараның бастамашысы әрі спикері Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов болды.

Кездесу барысында ол Негізгі заң жобасының басты қағидалары мен бағыттарын жан-жақты баяндап, құжаттың әділетті, ашық әрі есеп беретін мемлекеттік жүйе қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Конституция қоғамның заманауи сұраныстарына жауап береді және заң үстемдігін нығайтуды көздейді.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жоба білім алуға, медициналық көмекке, еңбек етуге және әлеуметтік қорғауға тең мүмкіндіктерді бекітеді, кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеуді күшейтеді және әр азаматтың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды нақтылайды.

Сондай-ақ мәслихат төрағасы құжатта мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту қарастырылғанын айтты. Негізгі басымдықтардың бірі — билік жұмысының тиімді бақылау тетіктерін қалыптастыру және ашықтықты қамтамасыз ету.

Әлеуметтік салада білім беру жүйесін дамытуға және педагогтердің мәртебесін арттыруға айрықша мән берілген. Сапалы кадр даярлау үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар жұмысшылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі, бұл әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері үшін маңызды.

Бұдан бөлек, жоба сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыруға бағытталған нормаларды қамтиды. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етпек.

Кездесу ақпараттық-түсіндіру форматында өтті. Қатысушыларға ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұны мен маңызы жан-жақты таныстырылды. Жиын соңында Бахадыр Нарымбетов тұрғындарды алдағы жалпыхалықтық дауыс беруге белсенді қатысуға шақырып, әр азаматтың таңдауы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да қаланың түрлі алаңдарында жалғасады.