ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДАҒЫ ЖЫЛЫЖАЙДА АРАЛАР ТОЗАҢДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫН АТҚАРАДЫ

Билік
15 Views

Көлтоған ауылының тұрғыны Алпамыс Тәңірбергенов 20 соттық жерге жылыжай кешенін салып, қызанақ өсірумен айналысады.

Жылыжайда қызанақтың «Разия» және «Ғ1» сынды сұрыптары егілген. Барлығы 6 мың түп көшет отырғызылған. Әр түптен жылына екі рет 5 келіден өнім жиналады. Қызанақтың бір келісі орта есеппен 500 теңгеден сатылып, негізгі нарық ретінде Шымкент қаласына жөнелтіледі. Кәсіпке жалпы 9 миллион теңгеден астам инвестиция салынған.

Жылыжайдағы басты ерекшеліктің бірі – қызанақты тозаңдандыру жұмыстары табиғи жолмен, арнайы аралар арқылы жүзеге асырылады. Яғни әрбір гүлге қолмен немесе химиялық препараттар арқылы әсер етудің қажеті жоқ. Бұл мақсатта Голландиядан әкелінген «ВЕ Смарт Шмель» аралары қолданылады. 20 соттық жылыжайда 50 ара гүлдерді тиімді тозаңдандырады. Мұндай тәсіл өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, жоғары әрі тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді. Маусым барысында шамамен 80 тонна көмір пайдаланылады.

Сондай-ақ, Көлтоған елді мекеніндегі тағы бір табысты жоба – болгар бұрышы өндірісі. Кәсіпкер Нұрсұлтан Сұлтанқұлов 25 соттық жылыжайда «ТОПГИР» сұрпын өсіруде. Аталған сұрып түрі — жылыжайда қажетті жағдай жасалса, бірнеше жыл қатарынан жыл бойы өнім беруге қабілетті. Шаруашылық аумағында барлығы 9 600 түп бұрыш отырғызылған. Әр түптен айына орта есеппен 2 келі өнім алынады. Кәсіпорында 4 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер ай сайын 2,5 тоннаға дейін өнім өндіріп, шығыннан бөлек 2 млн теңге көлемінде таза табыс табады.