ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫ: СУБСИДИЯЛАУ, МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕРЛЕРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Заң Мәселе Саясат Уақыт Экономика Қоғам
11 Views

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Көпжан Кенжеханұлы Тулебаев тұрғын үй саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімдеді.

Субсидиялау және мониторинг

2025 жылы тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау аясында азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда субсидия алушылар бар, бұл бағыттағы жұмыс 2026 жылы да жалғасуда.

Арендалық пәтерлердің мақсатты пайдаланылуын бақылау мақсатында 2 500-ден астам пәтерге мониторинг жүргізілді. Тексеру нәтижесінде бірқатар азаматтарға ескерту беріліп, анықталған ақаулар қалпына келтірілді.

Несиелік тұрғын үй бағдарламалары

Несиелік тұрғын үй бағдарламалары аясында 2026 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалпы 4 568 пәтер беру жоспарланып отыр. Бозарық және Ақжайық шағын аудандарында салынған несиелік үйлер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда өтінімдер конкурс тәртібімен қабылдануда.

Жекешелендіру және тұрғын үй сертификаттары

Жекешелендіру бағытында 2025 жылы 989 азаматқа қызмет көрсетіліп, тұрғынжайлар олардың жеке меншігіне берілді. 2026 жылдың басынан бері 71 азамат баспаналы болды, өзге өтінімдер қаралу үстінде.

Тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша 2025 жылы бірқатар азаматқа қолдау көрсетілді. 2026 жылы да құжат қабылдау жалғасуда.

Жалдамалы тұрғын үймен қамту

2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 331 азамат жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілді. Оның ішінде:

– жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 64;

– көпбалалы отбасылар – 65;

– әлеуметтік осал топтар – 202.

2025 жылдың мамыр айынан бастап кезекте тұрған азаматтардың деректері «Отбасы Банкі» арқылы орталықтандырылған түрде басқарылуда. Қазіргі уақытта қала бойынша тұрғын үй алу тізімінде 92 771 азамат тіркелген.

2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған 1 529 азаматты жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге дейін 425 азаматпен жалдау шарттары рәсімделді. Пәтерлерді бөлу заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Жастар және өңірлік бағдарламалар

2020–2024 жылдар аралығында «Жастар» бағдарламасы аясында 3 849 жас тұрғын үймен қамтылды. 2025 жылы мерзімі аяқталған пәтерлердің басым бөлігі коммуналдық меншікке қайтарылды. Қалған нысандар бойынша сот органдары арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында да азаматтар баспанамен қамтылған. Кейбір өтінімдер қаралуда.

2026 жылы жалдау мерзімі аяқталатын 300 пәтер бар. Оның 20-сы коммуналдық меншікке қайтарылды. Қалған пәтерлер бойынша кезең-кезеңімен хабарламалар жолданып, босату жұмыстары жүргізілуде.

Жауапты тұлғаның айтуынша, аталған шаралардың барлығы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға, әлеуметтік осал топтарды қолдауға және тұрғындардың баспана мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған.