ЖОЛ САПАСЫ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Билік Жастар Мәселе Саясат Экономика Қоғам
28 Views

Түркістан қаласында жол және қоғамдық көлік саласы соңғы жылдары жүйелі түрде жаңарып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде.

Бұл – қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының бастамасымен қолға алынған кешенді жұмыстардың айқын көрінісі. Шахар басшысы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды тұрақты түрде аралап, әрбір жобаның орындалу барысын тікелей бақылауда ұстап келеді. Қала көшелеріндегі құрылыс алаңдары — тек мердігерлердің емес, қала басшысының да күнделікті назарында. Жол сапасы, асфальт төсеу технологиясы, мерзімнің сақталуы — барлығы нақты талаппен қадағаланады. Әкім мердігер мекемелерге жұмысты уақытында әрі сапалы орындау жөнінде нақты міндеттер жүктеп, жауапкершілікті күшейтуді талап етуде.

Қала аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Бүгінде олардың 60 пайызы қанағатты жағдайда. 2025–2026 жылдарға жоспарланған өтпелі кезең аясында жол сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 159 көше орташа жөндеумен қамтылған. Соның ішінде 103 шақырымды құрайтын 111 көшеде жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 66 пайызға дейін артады. Бұл – қаланың көлік инфрақұрылымындағы нақты өсім көрсеткіші. Күре жолдар жаңартылып, жолдар кеңейтілді. Бұл көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздікті де арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер салынуда. Қаладағы ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Қоғамдық көлік саласында да айтарлықтай жаңару бар. Қазіргі таңда қалада 204 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді, екі тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Өткен жылы 16 жаңа автобус алынып, бағыттарға қойылды. Биыл автопаркті жаңарту жұмыстары жалғасып, 88 сыйымдылығы жоғары автобус сатып алынуда. Жалпы алғанда, қоғамдық көлік паркі 40 пайызға жуық жаңарады. Цифрландыру бағытында да нақты қадамдар жасалды. Қоғамдық көліктерге электрондық төлем жүйесі енгізіліп, төлемнің 14 түрі қолжетімді болды. Жолаушылар төлем карталары мен банк карталары арқылы ыңғайлы әрі жылдам есеп айырыса алады. Әлеуметтік санаттағы азаматтарға ерекше қолдау көрсетілуде. «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және зейнет жасындағы азаматтар қоғамдық көлікте тегін тасымалданады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен қамқорлықтың нақты көрінісі.

Жол сапасын арттыру, қоғамдық көлікті жаңарту, цифрландыру жүйесін енгізу – мұның барлығы қала дамуының стратегиялық бағытына айналған. Түркістанда қолға алынған жобалар тек бүгінгі қажеттілікті өтеумен шектелмей, болашаққа берік негіз қалыптастыруға бағытталған. Күре жолдарды кеңейту, жаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысы, қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту – мұның барлығы қала әкімінің жұмыс кестесіндегі негізгі бағыттардың бірі. Әрбір нысанға барып, жағдайды көзбен көріп, тиісті тапсырмалар беру — басқарудың тиімді тәсілі ретінде жүзеге асырылуда. Бүгінде, Түркістанда инфрақұрылымдық жобалар қағаз жүзінде емес, нақты орындалу алаңында қадағаланып келеді. Қаланың жол-көлік саласындағы өзгерістер — тұрақты мониторинг пен талапшыл басқарудың нәтижесі.