ЖҮЙЕЛІ БАСҚАРУ – НАҚТЫ НӘТИЖЕ

Білім Жастар Саясат Уақыт Қоғам
10 Views

Түркістан қаласында коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алды.

Табиғи газ, электр қуаты, ауыз су және жылу жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылып, қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырылуда. Бұл жұмыстардың барлығы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тікелей бақылауында жүзеге асуда. Бүгінде Түркістанда 46 200 абонент, яғни тұрғындардың 100 пайызы табиғи газбен қамтылған. Жаңадан қоныстанған аумақтарды газдандыру үшін екі ірі жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Қала өсімін ескере отырып, 2026 жылға қарай жаңа газ жеткізуші станция салу жоспарлануда. Бұл – алдағы жылдарға жасалған нақты стратегиялық қадам.

Электрмен қамту саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалада 55 157 абонент сапалы электр қуатын тұтынып отыр. 13 қосалқы станция, 1391 трансформатор, 1406 шақырымнан астам электр желісі қызмет көрсетуде. Инвестициялық бағдарлама аясында жаңа кабель желілері тартылып, қосымша нысандар электрмен қамтылуда. Мыңдаған тұрғын жаңа инфрақұрылымның игілігін көреді. Бұл – жоспарлы, кезеңдік жұмыстың нәтижесі.

Ауыз сумен қамту көрсеткіші – 100 пайыз. 54 532 абонент таза ауыз су пайдаланып отыр. Су құбыры желілерінің ұзындығы 2 538 шақырымнан асады. Қосымша жобалар арқылы мыңдаған тұрғын сапалы сумен қамтылмақ. 2030 жылға дейінгі қажеттілікті ескере отырып, магистральды су құбыры жобасы да күн тәртібіне қойылған. Бұл – болашақты бүгіннен ойлайтын басқару үлгісі. Жылу жүйелері бойынша 363 нысан тұрақты жылумен қамтылған. Жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қазандықтар мен магистральды желілер кезең-кезеңімен жаңартылып, жүйенің сенімділігі арттырылуда.

Ең бастысы – бұл жобалар кабинетте ғана қаралмайды. Қала әкімі нысандарды тұрақты түрде аралап, құрылыс барысын жеке қадағалап келеді. Әрбір мерзім, әрбір сапа талабы нақты бақылауда. Мердігерлерге жауапкершілік жүктеліп, жұмыстың орындалу қарқыны күнделікті назарда ұсталады. Жүйелі жоспар, нақты тапсырма, тұрақты бақылау – міне, нәтижеге жеткізетін формула. Бүгінгі Түркістан – инфрақұрылымы жаңарып, қарқынды дамып келе жатқан қала. Ал бұл өзгерістердің артында талапшылдық пен іскер басқару тұр. Түркістанның дамуы – нақты іспен дәлелденіп жатқан процесс. Коммуналдық саладағы көрсеткіштер соның айқын айғағы