ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 25 ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫП, 258 ӨНДІРІСТІК ҒИМАРАТ САЛЫНУДА

Билік Жастар Заң Мәселе Қоғам
36 Views

Түркістан облысы аумағындағы барлық аудандар мен қалаларда шағын өндірістік парктер құрылып, өндірістік ғимараттардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жалпы, облыс көлемінде 214,3 гектар аумаққа 25 шағын өндірістік алаң құрылуда. Бұл алаңдарда 258 өндірістік ғимарат бой көтеріп, 251 жоба іске қосылмақ. Нәтижесінде, 5218 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде.

Өндірістік алаңдардағы құрылыс жұмыстарының барысы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында кеңінен пысықталды. Құрылыс қарқыны, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, инвесторлар тарту, жобаларды іске асыру және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жайы талқыланды. Жиында аудан-қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыстар туралы жеке-жеке есеп берді.  

Қанат Қайыпбек өндірістік парктердің өңір экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, жауапты тұлғаларға құрылысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды. 

– Өндірістік парктер – инвестиция тартудың, жаңа кәсіпорындар ашудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың негізгі тетіктерінің бірі. Әр нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы қатаң бақылауда тұр. Созбалаңға салып, кестеден кешігуге жол берілмейді. Құрылыс жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ әлеуетті инвесторлармен жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деген облыс әкімінің орынбасары бірқатар ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды сынға алып, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. 

Жиын қорытындысы бойынша әр аудан мен қала әкімдіктеріне нысандардың дайындық деңгейін апта сайын мониторингтен өткізіп, туындаған мәселелерді жедел шешу тапсырылды.

Шағын өндірістік партерде құрылыс материалдары, жиһаз, тұрмыстық техникалар, дрондар мен бейнекамералар өндіретін зауыттар ашылады. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіпке басымдық берілмек. 

Жоба арқылы инвесторларға уақыт пен қаражатты үнемдеу мақсатында дайын өндірістік нысандар ұсыну көзделген. Сондай-ақ бұл аймақтарда жеңілдетілген шарттар қарастырылып, сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.