AMANAT: ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Билік Жастар Заң Мәселе Саясат Қоғам
11 Views

Шымкент қаласында тұрғындардың құқықтық мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар жалғасуда.

Осы ретте «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Іс-шараға қалалық партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев және департамент қызметкерлері қатысты. Қабылдау барысында тұрғындар құқықтық сипаттағы түрлі мәселелерін ортаға салды.

Азаматтардың бірі – Қайнар бұлақ елдімекенінің тұрғыны 2008 жылы Өзбекстаннан көшіп келгенін, алайда осы уақытқа дейін жеке куәлік ала алмай жүргенін айтты. Оның сөзінше, құжаттың жоқтығынан мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, әлеуметтік көмек алу мүмкін болмай отыр.

Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгені белгілі болды. Полиция департаменті басшысының айтуынша, өтініш иесіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен рұқсат берілмеген.

«Бұл мәселе қайта қаралатын болады. Заң аясында тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. “AMANAT” партиясымен бірге қажетті қадамдар жасалып, мәселені жан-жақты зерделейміз», – деді Мұхтар Қожаев.

Сонымен қатар, қабылдауға келген бірнеше азамат алаяқтардың арбауына түсіп, материалдық шығынға ұшырағандарын айтып, тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл ретте полиция департаментінің бастығы аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, күдіктіге халықаралық іздеу жарияланғанын жеткізді. Қазіргі таңда күдіктінің шетелге шығып кеткені анықталып, іздестіру шаралары жалғасып жатқаны айтылды.

Қабылдау барысында азаматтардың барлығына заң талаптарына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жедел шешімін табатын мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілсе, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.