«ӨМІРГЕ ӨЛЕҢ КЕРЕК»

Мерей
20 Views

ақын Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кездесу өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Өмірге өлең керек» атты шығармашылық кездесу өтті.

Мерейтойлық кештің мақсаты – көрнекті қаламгердің бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, оның қазақ поэзиясындағы айрықша орнын айқындау және жас ұрпақтың сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыру.

Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.

Кітапхана директоры Күміс Сейітова мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты. Ақын Қалқаман Сарин Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, ақын Бауыржан Бабажанұлы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау хаттарын табыс етті.

Жиында сөз алған Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай тағы басқа зиялы қауым өкілдері ақынның шығармашылық жолына тоқталып, оның ұлттық әдебиетке қосқан сүбелі үлесін атап өтті.

Кеш барысында ақын өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, жыр оқылды, қаламгер шығармашылығына арналған естеліктер айтылды.

 

Аслан ГАФУРОВ,

ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік

ғылымдар Жоғары мектебінің магистранты