Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің Жоғары соттары төрағаларының Қазақстанға сапары 18-ші маусымда басталған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдердің Жоғары Соттары төрағаларын арнайы қабылдап, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалар жөнінде айтып берді. Кездесуде заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ сот жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері сөз болды.
Ал 19-шы маусым күні Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның Жоғарғы соттарының Төрағалары Түркістанда бас қосты.
Түркістан дегенде есімізге бұдан бір ғасыр бұрын ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мына бір керемет жырының:
Түркістан екі дүние есігі ғой,
Түркістан ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің тәңір берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен! –
деген шумағы ойға келеді.
Сол күні Түркістанда өткен ТМҰ-на қатысушы елдердің жоғарғы соттарының 2-ші конференциясына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның жоғары сот органдарының басшылары қатысты. Конференцияны Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев ашып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Мемлекет басшысы талқылауға шығарылған сот процестерін цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сотаралық ынтымақтастықты дамыту және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелерінің өзекті екендігін атап өткенін қатысушыларға жеткізді. Одан әрі төраға өз сөзінде: «Азаматтардың орналасқан жеріне қарамастан сот қорғауына қолжетімділігін қамтамасыз ететін заманауи, цифрлық және аумақтан тыс сот төрелігінің қазақстандық «Болашақ соты» тұжырымдамасын ұсынды. Қазақстанда 15 жыл ішінде жасанды интеллект енгізуге негіз болған сот жүйесінің ауқымды цифрлық инфрақұрылымы құрылды. Қазірдің өзінде сот жүйесінде сот практикасын талдауға, істердің ықтимал нәтижелерін болжауға және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық талдау құралдары мен судьялардың зияткерлік көмекшілері қолданылады.» деді.
Пікірталастың едәуір бөлігі инвестициялық тартымдылық пен инвесторларды сотта қорғау мәселелеріне арналды. А.Мерғалиевтің айтуынша, заңнаманың тұрақтылығы, құқық қолданудың болжамдылығы және тиімді сот қорғауы инвестициялық шешімдер қабылдауда негізгі факторлар болып табылады. Жиын барысында Әкімшілік әділет реформаларының нәтижелері және АХҚО соты мен Төрелік орталығын қоса алғанда, мамандандырылған институттардың рөлі атап өтілді. Қазақстанның негізгі бастамаларының бірі сот практикасымен және үздік құқықтық шешімдермен алмасу үшін ТМҰ жоғары соттарының бірыңғай цифрлық платформасын құру туралы ұсынысы айтылды. Барлық қатысушылар бұл бастаманы қолдап, оның сот төрелігінің сапасын арттыру және ТМҰ-на мүше мемлекеттердің сот жүйелері арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайту үшін маңыздылығын атап айтты.
ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев интеграциялық процестерді соттық өлшеудің маңыздылығын атап өтіп, бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға назар аударды. Түркия кассациялық сотының төрағасы Омер Керкез, Түркия Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Йигит Зеки, Әзербайжан мен Қырғызстан Жоғарғы Соттарының төрағалары Инам Керимов пен Медербек Сатыев және Өзбекстан Жоғары сот органы төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Усманов сотаралық өзара іс-қимылды нығайту, цифрлық сот төрелігін дамыту, ЖИ технологияларын жауапкершілікпен қолдану және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттігіне тоқталып өтті. Конференцияда сот практикасымен алмасу, сот жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету және судьялардың жаңа буынын даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция қорытындысы бойынша делегация басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойып, цифрлық сот төрелігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе және озық практикалармен алмасу ниетін бекітті. Форум соңында А.Мерғалиев қол жеткізілген уағдаластықтар ТМҰ кеңістігінде құқықтық интеграцияны одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
ТМҰ-на мүше мемлекеттері жоғары соттарының 3-ші конференциясы 2027 жылы Қырғыз елінде өтетін болды.
Ал 20-шы маусым күні Түркістан сотының алдында Билер аллеясының ашылуы аталған халықаралық шараның жалғасы ретінде ұйымдастырылып, түркі елдері арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтуға және ортақ тарихи-рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Руханият ордасы Түркістан қаласының дамуы мен көркеюі бағытындағы жүйелі жұмыстардың 7 жыл бойы жалғасып келе жатқаны жалпақ жұртқа белгілі. Оған әкімдіктермен қатар жергілікті соттар да өз үлестерін қосуда.
Осыдан екі жарым жыл бұрын қаланың келбетіне көрік қосқан заманауи әрі сәулетті Түркістан облыстық сотының жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, оның ашылу салтанатына қатысқан едім.
Міне, өткен сенбіде тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болып, Түркістан облыстық сотының жанынан салынған БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ ашылу салтанатына қатыстым! АЛЛЕЯНЫҢ ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде әрі жарасымды жағдайда өтті. Жаңадан салынған БИЛЕР АЛЛЕЯСЫНЫҢ лентасын қию бақыты Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы соттарының төрағаларына бұйырды.
Ескерткіш кешенінің лентасын қияр алдында, Сот жүйесінің ардагері, Қазақстанның Құрметті судьясы, Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Төле бидің жетінші ұрпағы Өмірбек Темірұлы бата берді.
Батадан соң Қазақстанның Жоғарғы Сот Төрағасы А.Мерғалиев, Әзербайжан Республикасының Жоғарғы сот төрағасы И.Керимов, Қырғызстан Жоғарғы сот төрағасы М.Сатыев, Түркия Республикасының Кассациялық сот төрағасы О.Керкез, Түркияның Мемлекеттік кеңес төрағасы З.Йигит, Өзбекстан Жоғарғы сот төрағасының 1-ші орынбасары А.Усманов және ТМҰ-ның Бас хатшысы К.Омуралиев «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫ» ескерткіш кешенінің лентасын қиды.
Бұл тарихи шараға Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Султанов пен облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбіш қатысты.
Бұл аллея қазақ халқының құқықтық мәдениеті мен Билер соты институтының тағылымын дәріптеуге арналғаны байқалып тұр!
Аллеяның ортасына таман төрт бағана және үлкен тақта орнатылған екен.
1-ші бағананың үстіңгі жағына «ЕЛГЕ БАЙ ҚҰТ ЕМЕС, БИ ҚҰТ!» деп, ал ұзына бойы тігінен «ҚАСЫМХАННЫҢ ҚАСҚА ЖОЛЫ» деп көрнекті түрде жазылыпты.
2-бағананың үстіне «Қазақтың Билер соты – тарихи ұлттық құндылық» деп, ал ұзына бойы тігінен «ЕСІМХАННЫҢ ЕСКІ ЖОЛЫ» деп жазылыпты.
3-бағананың үстіне «Жеті жарғыны» құрастырып шығарған даңқты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және т.б. белгілі билер деп, ал тігінен «ТӘУКЕ ХАННЫҢ ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ» деп жазылыпты.
4-бағананың үстіне «Абай Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын әрі би болған» деп, ал тігінен 1885 жылы Абай жазған «Қарамола» Ережесі» көрсетіліпті.
Одан кейінгі үлкен тақтада ТҮРКІСТАНДА ЖЕРЛЕНГЕН ҚАЗАҚТЫҢ 23 БИІНІҢ аты-жөні ірі әріптермен жазылыпты.
Шын мәнінде, бұл жаңа нысан түркі халықтарына ортақ әділдік, даналық және заң үстемдігі қағидаттарының сабақтастығын айшықтап тұрғандай!
Мағжан Жұмабаевтың мына бір шумағы:
Арыстан елге Отан болған Тұран.
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерін билеп тұрған
Әділ хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен,
Басында Күлтөбенің құрылтайын”, —
дәл осы аллеяға арналғандай екен!
Салтанатты шара аясында мәртебелі меймандар аллея аумағында естелікке ағаш отырғызды.
Жалпы бұл аумақта ағаштар егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, толық абаттандырылып, әсем әрі көркем болып тұрғаны бәрімізді де қуантты.
Бір сөзбен айтқанда, осы жердегі тұрғындардың рухани және жайлы демалысы үшін барлық қажетті жағдай жасалыпты.
Осы ретте айтпағым, тарихи әділдік пен құқықтық мәдениеттің сабақтастығын дәріптейтін аллея Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен және Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Султановтың ұйымдастыруымен бой көтерген. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталып, кеше тұрғындар игілігіне ұсынылды. «БИГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ» дегенді естен шығармай, сот ғимараты жанынан ерекше «БИЛЕР АЛЛЕЯСЫН» салып, ел игілігіне берген басшылар мен құрылысшыларға мың алғыс! Түркістанда ашылған Билер аллеясы – ұлы бабаларымызға деген құрметтің көрінісі. Қорыта айтқанда, аллея жас ұрпаққа әділдік пен елдік рухын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тағылымды орын болары анық. Сөз соңында ағайынға айтарым, даңқты билердің рухы баршамызды қолдап жүрсін дегім келеді!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
журналист-жазушы, қоғам қайраткері,
«Әділет» газетінің арнаулы тілшісі.
Түркістан – Шымкент



