ҚАСЫМХАНҒА ҚҰРМЕТ

Өмір-өзен
1 105 Views

Қоңыр ұл ем қоңыр үйде ержеткен,

Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.

Қыратында гүл теретін қоңыр қыз,

Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз, – деп жырлаған ақын, баспагер, этнограф, Халықаралық Жазушылар мен публицистер қауымдастығының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы және Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш», Төлеген Айбергенов атындағы әдеби, сыйлықтарының, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Қасымхан Бегманов бүгінде асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Осыған орай Түркістан, Кентау, Шымкент қалаларында бірқатар ізгілікті де игілікті іс-шаралар өткізілді.

Ақынның туған жері – Хантағыда басталған той бір кездері өзі оқыған Бабайқорған жалпы орта мектебінде одан әрі жалғасты. Осында ұйымдастырылған әдеби-сазды кеште бір топ қаламгерлер шайыр шығармашылығы жайлы сөз етті. Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың мерейтой иесіне арнаған құттықтауын оның орынбасары Самат Расул жеткізіп, ақынның иығына шапан жапты. Білім ордасының шәкірттері ән-күйден шашу шашып, ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Мектепте Қасымхан Бегманов атындағы сынып бөлмесі ашылды.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында баспасөз мәслихаты өткізілді. Онда ақын шығарып отырған ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының редакциясы Алматыдан Түркістанға көшірілетіні айтылды. Осында ұйымдастырылған «Сағыныштан тұрады тіршілігім…» атты кеште облыс әкімінің құттықтауын жеткізген оның сол кездегі орынбасары Ұласбек Сәдібеков шайырға шығармашылық табыс тіледі. Басқосу барысында Темірхан Медетбек, Тынымбай Нұрмағамбетов, Ұлықпан Сыдықов, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Жанарбек Әшімжан, Бақытжан Алдияр, тағы басқа әріптестері Қасымханға құрмет көрсетті. Салтанатты жиында ақынның кеудесіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы төсбелгі тағылып, аталмыш жоғары оқу орнының Құрметті профессоры атағы берілді.

Дәл осындай шығармашылық кездесулердің бірі Шымкенттегі Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығында «Дәстүр жолында» деген тақырыппен ұйымдастырылды. Жиынды аталмыш мекеменің басшысы Жәнібек Тағаев қысқаша сөз сөйлеп, ашты.

Жазушы, журналист, бірқатар танымал жобалар авторы, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, Әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Марат Тоқашбаев:

– Қасымхан Бегманов – қазақтың айтулы ақыны. Ондаған жыр жинақтарының авторы. Республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы және жүлдегері атанған. Өлеңдері қазақ поэзиясының антологиясына, мектеп оқушыларына арналған әдебиет хрестоматияларына енген. Сонымен қатар орыс, түрік, өзбек, қырғыз, саха (якут), қытай тілдеріне аударылған. «Ол көктем оралмайды», «Аяулым», «Сағындым сені», «Түркістан», «Күреңбел», «Замандасым, сырласым» секілді жүздеген өлеңдеріне танымал композиторлар ән жазған. Оны қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары орындап жүр. Ұлтқа қызмет ету – тек өлең жазумен ғана шектелмейтінін сезінген ақын «Дәстүр» деп аталатын ұлттық- этнографиялық журнал шығаруды қолға алды. Осы аттас баспасы да жұмыс істейді. Таяуда «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітабы жарық көрді. Оның тұсаукесер рәсімі астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткізілді.

Мұстафа Шоқай сынды ұлы тұлғаның жүріп өткен жүріп өткен жолымен – Наршоқы, Ташкент, Қоқан, Ферғана, Самарқан, Санкт-Петербор, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Батуми, Стамбұл, Париж, Ножан-сюр-Марн, Шелль, Фонтенбло, Берлинге шығармашылық экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде «Мұстафа Шоқай жолымен» атты қостомдық тарихи-зерттеу кітабын шығарып, көпсериялы деректі фильм түсірген. Жағда Балықұлымен жүргізілген сұхбаттардың негізінде «Этнографпен әңгіме» атты кітап шығарды. Мерейтойын туған жерінде тойлауға келіп отырған ақынға шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз, – деді. Сонымен қатар ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүр жайлы келелі әңгіме өрбітті. Сөзін қорытындылай келе республикадағы бірегей орталықтың жұмысына да табыс тіледі.

Сөз кезегін алған Қасымхан Бегманов:

– Жастайымнан өлең-жырға құмар болып өстім. Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұратов, Сағат Әбдіғалиев, Марат Отарәлиев секілді ақындарды өзіме пір тұттым. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының мәшине жасау факультетінде оқып жүргенімде «Бастау» деп аталатын тұңғыш жыр жинағым жарық көрді. Шымкенттегі троллейбустар басқармасында инженер болып істедім. Ақын ағам Қабылбек Төретаевтың арнайы шақыртуымен облыстық комсомол комитетіне қызметке келдім. Одан Алматыға аттандым. Нәсіп бұйырып республикалық «Жалын» журналында, Қазақстан Үкіметінің кеңсесінде, банктерде қызмет істедім. Талай жақсылар мен жайсаңдардың тәлім-тәрбиесін көрдім. Тоқаш Бердияров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әли секілді ақындардың ағалық ақыл-кеңесін тыңдап өстім. Өлең жазып қана қоймастан, тарихи-зерттеу кітап шығарып, кино түсіруге талпындым. Ал олардың бәрінің бағасын мәртебелі оқырман, көрермен, тыңдарман, өздеріңіз беретін боласыздар, – дей келе «Бесқала», «Ескі үйде», «Бабайқорған» өлеңдерін, «Алашорда ақиқаты», «Шерлі Түркістан» поэмаларынан үзінді оқыды.

Өз кезегінде бір топ студенттер ақынның «Алғаш рет», «Төрт мезгіл», «Бесік пен бейіт арасында» деп аталатын өлеңдерін жатқа оқуымен ерекшеленді. Кеш соңында оған қатысушылар ақынды ортаға алып, суретке түсті.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *