ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ ЖАН ЕДІ

Руханият Өмір-өзен
1 496 Views

Алыс-жақын шет елің де таныды,

Қазағымның жылқымінез нар ұлы.

Біздер үшін жанып тұрған шырақсыз,

Мың адамға түсіп тұрған жарығы.

Шамын жағып білім менен ғылымның,

Ұрпағыңа үлгі болып өрілдің.

                                              Ә. АҚКӨЗОВ.

Жұмыста отырып қаралы хабарды естігенде сенбедім. Әттең, ажалдың арсыздығы-ай, деп отырған орнымнан әрең тұрдым. Әбдімұса Мұратұлынан айырылып қаламыз деп ойладық па?! О бастан өлмек айқын. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Әбдімұса Мұратұлы ағамызды өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым – халқым деп білген, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, тұғыры биік тұлғамен 15 жылдай қызметтес болғанымды тіршіліктегі нұрлы бір кезеңім деп еске аламын. Әбдімұса Мұратұлының басшылығымен оқу, ғылыми-зерттеу, тәрбие жұмыстарын атқардық. 2015-2018 жылдар аралығында Гуманитарлы-педагогикалық факультет деканы қызметінде жүргенде университет президенті тарапынан берілген тапсырмалар дер кезінде орындалатын.

Естен кетпес бір үзік естелікті айта кетейін. 2018 жылдың 6 маусымында Ұлбосын Серікқызы екеуміз Әбдімұса Мұратұлын туған күнімен құттықтап кіргенімізде жас балаша қуанып, орнынан тұрып қарсы алып еді. Сонда бізге шын көңілімен ризашылығын білдіріп, жұмысты жақсы істейсіңдер, сендерге сенемін, әрқашан өздеріндей мамандарды қолдаймын деп еді. Біз Әбдімұса Мұратұлының кабинетінен қанаттанып шыққан едік. Ағайдың сенімінен шығудың өзі біз үшін үлкен мәртебе.

Әбдімұса Мұратұлы ағамыздың өмір жолы, рухани жан дүниесінің байлығы, адамға деген мейірімі ерекше болатын. Ағамыз өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған қазақтың қайтпас қайсар азаматы. 50 жылдан астам ғылым саласында қызметте табысты еңбек етті. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі атанды. Ұрпақтары, шәкірттері үшін осы өнегесі қастерлі болып қала береді. Алланың нұры – көктемгі ақ жауындай көпке пайдасы көп тиген аға еді.

Әбдімұса Мұратұлы Қуатбеков оқу ордасында ауылдан келген талай жасты өзінің білімділігімен, адамгершілігімен студенттерді өзінің жанына тартып, пана болды. Өзі өте қарапайым, кімге болса да жылы сөйлеп, мейірімін төгіп жүруші еді. Қазіргі таңда үлкен қызметте отырған, ел-жұртының алғысына бөленіп жүрген талай азамат студенттік кезінде Әбдімұса Мұратұлының шапағатын көргенін әлі күнге шейін жыр етіп айтады.

Баспанадан, қаражаттан, тағы басқа да жағдайлармен қысылып келген ауылдың азаматтарына қолынан келген көмегін аямаған. Көпшіліктің разылығын алған қазақ жастарының қамқоршысы болды. Өзінің басынан кешкен оқиғаларын айтып отыратын, «ойларында болсын, бірі болмаса бірінен тәлім алар, сабақ болар, өмірде пайдасы тиер» деп ойлайтын болса керек. Болашақ бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман екенін олардың жетесіне жеткізетін.

Ұлы Абайдың жас ұрпаққа: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деп өсиет қалдырғаны белгілі, Әбдімұса Мұратұлы Қуатбеков осы қағиданы ұстаған ақсақал еді. Кез келген адам бойындағы жақсы қасиеттің бәрін отбасынан алады. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық сияқты халқымыздың асыл қасиеттері атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дариды емес пе? Өзінің істеген жақсы істері қалды. Бергенінен берері көп еді. Әттең, тағдырға не шара?!. Дүниенің бір әділетсіздігі адамды ауыр ойға тартады, неге ел-жұртының қамын жеген адамдардың ғұмыры қысқа болады екен?!

«Суда жүзген кеменің ізі қалмайды,

Қалса да лездік толқындар легі жалмайды.

Басылса егер тарих бетіне ізгі ізің,

Дауыл, толқын мәңгі өшіре алмайды,

Ізсіз қалу адамзат үшін жан қайғы», –

деп ақындар жырлағандай, соңынан жақсы сөз, өнегелі іс қалдырған Әбдімұса Мұратұлы Қуатбековтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Улпен СУЛЕЙМЕНОВА,

Мұнай және құрылыс өндірістері кафедрасының доценті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *