ӘБЕКЕҢ, СӘУКЕҢ ЖӘНЕ ДӘУ ПОРТФЕЛЬ

Уақыт
22 Views

(Автор мен кейіпкер) 

Мынау да бір қызық сурет. Әбіш Кекілбаев пен Сауытбек Абдрахманов. Екеуі де қаламгер. Екеуі де қайраткер. Бірі – автор. Екіншісі – кейіпкер. Сауытбек аға Әбіш ағамыз туралы «Абыз Әбіш» деген кітап жазды. Мемлекеттік сыйлық алды. Шынында да абыз десе, абыз. Абыз Әбіш. Аңыз Әбіш. Нағыз Әбіш. Көрнекті кейіпкер. Келісті кейіпкер. Көркем кейіпкер. Көшелі кейіпкер. Керемет кейіпкер. Бірақ кейіпкер қанша жерден керемет болса да, ол туралы дүние өзінен-өзі жазыла салмайды. Ол үшін ерінбей еңбектеніп, тоқтаусыз тер төгу керек. Баяғыда «Әзілхан Нұршайықовтың кейіпкері Бауыржан Момышұлы болған соң ол шығарманың мойны озық тұрмағанда қайтеді?» – деп күңкілдегендерге батыр Баукеңнің өзі: «Қазақта мен секілді танымал адамдар көп қой, жазам дегендердің қолын кім қағыпты?», – деген сыңайда тойтарыс берген деседі. Танымы терең, ойы орамды, санасы сергек Сауытбек ағам да Әбіш тақырыбын илеудей-ақ иледі. Әбден иін қандырды. Өйткені ол жазу өнерін адам айтқысыз биікке көтерген әйгілі жазушының болмыс-бітімі, қарым-қабілеті туралы қалам тербеудің жауапкершілігін жақсы түсінді.

Сауытбек ағам Әбекеңнің ізіне «шырақ алып» түскелі қашан. Жас күнінде кино саласында кейіпкерімен бірге жұмыс істеді. Әбекеңнің әлеміне сөйтіп енді. Одан соң Орталық Комитеттің идеология бөлімінде жолдары тоғысты. Сәл бертінде Президент аппаратында қатар қызмет атқарды. Қысқасы, Әбекең қайда – Сәукең сонда.

Қазаққа қадірлі қос қаламгердің тұлғалық һәм туындыгерлік тандемі, санаткерлік сабақтастығы мұнымен де шектелмейді. Әбіш аға Мәдениет министрінің орынбасары болғаны баршаға мәлім. Сәукең де сол қызметке барды. Тіпті Әбіш ағаның бұрынғы кабинетіне жайғасты. Бұл – бір кезде ұлт руханиятының көшбасшысы Өзбекәлі Жәнібек отырған кәделі кабинет. Одан соң Сәукең ілгеріде Әбекең басқарған «Егемен Қазақстанның» тізгінін қолға алды. Кейіннен Кекілбаев керегесін кеңейткен Парламенттің қабырғасына Сәукең де келді. Мәжіліс депутаты болды. Қазақ баспасөзінің сарбазынан сардарына айналған Сәукең жай жүрмеді, жанындағы Әбекеңді зерттей жүрді. «Абыз Әбіш» – соның нәтижесі.

Енді автор мен кейіпкердің арасынан көзге шалынып тұрған тоқ бүйірлі портфельге назар аударайық. Сәукеңнің қолындағы сөмкені қызы Әсел 2005 жылы Париждегі Елисей алабына арнайы барып, Лувр түбіндегі бір дүкеннен алып беріпті. Берлиндегі Гумбольт университеті студентінің қаржысына сатып алынған бұл дүние – атақты «Ricard» брендінің өнімі. Сәукең бұл портфельді ұзақ ұстапты. Тіпті сәннен қалыңқырып, жұрт көзге іле бермейтін кезде де қолынан түсірмепті. Ішін руханиятқа қатысты деректерге толтырыпты. Енді міне, дәу сөмкесінің жемсауына келешектегі кітабының мәліметтерін тығындап алып, болашақ кейіпкеріне келіп тұр. Қой, бұл портфель тегін портфель болмады. Қазыналы қызыл портфель үрген қарындай қампиып, Сәукеңнің үйіндегі кең бөлмесінің бір мүйісінде әлі жатқан көрінеді.

Әулие Әбіш. Санаткер Сауытбек. Париждік портфель…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ