Тай құлындай тебісіп өскен құрдасым Сәкеннің науқастанып жүргенін сырттай естіген болатынмын. Кеше кешкісін досымның құдай қосқан қосағы Қарлығаш телефон соғып хабарласты. Жайшылықта ақжарқын келіншектің дауысы қарлығыңқырап, көңілсіз шықты.
– Дәркеш, бір шаруамен хабарласып отырмын, – деді досымның әйелі қысқа амандықтан соң. – Алғашқыда онша мән берген жоқ едік, Сәкен досыңның дерті қиындау болып тұр. Қатерлі ісіктің диагнозы анықталып, екі рет облыс орталығындағы онкологиялық ауруханаға жатып шықты, қазір тәуір. Сенің қолың бізге қарағанда ұзындау ғой. Мүмкін болса, Алматыдағы білікті дәрігерлерге бір қаратып алғаның дұрыс болар еді. Өзіне айтсам, бәрі дұрыс деп ат-тонын ала қашады. Сақ болсаң, құдай сақтайды. Амалдың жоқтығынан өзіңмен хабарласып отырмын, Дәркеш!
Бүгін ғана «Қайрат» чемпион атанып мәз-мәйрам болып отыр едім, көңіл-күйім күрт түсіп кетті.
– Қарлығаш, уайымдай берме! Баяғы заман емес, қазір медицина дамыған, – дедім Қарлығашты жұбатып. – Сәкен тезірек келсін, республикалық онкологиялық аурухананың Бас дәрігері жақсы араласып жүрген жолдасым. Қажет болса жатқызып, емдетейік.
– Мына айтқаның дұрыс болар еді, рахмет, Дәркеш! – деп Қарлығаш қуанып кетті. – Мен Сәкенге сәлеміңді жеткізейін. Билет алудың қамына кірісе берейік.
Сол кеште жүрегім бірдеңеден секем алып, түннің біраз уақытына дейін ұйықтай алмадым. Көз алдымнан Сәкен досымның күлімсіреген бейнесі кетпей қойды. Үлкен шаруашылықтың бір бөлімшесі саналатын небәрі алпысқа жетер-жетпес шаңырағы, айына бір рет кино көрсететін ескі клубы, шағын дүкені бар кішкентай ауылдың тұрғындары өте тату-тәтті өмір сүріп жатты. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, үйлеріне құлып салмаған заман болған деп айтып жатамыз. Біз бала кезімізден ынтымағы мен берекесі жарасқан ортада өстік. Ораза кезінде ауыз ашатын қариялардың қолына су құюға, бата алуға бала біткен таласушы едік. Қазір ойласам, таң қаламын. Кішкентай ғана ауылда біз қатарлас 22 бала болды. Екі командаға бөлініп, өзіміз жасаған алаңда футбол ойнап, жердің шаңын шығарып жататынбыз. Сол балалардың ішінде мен үшін Сәкеннің орны бөлек болды. Құрдас болған соң, арамыздан қыл өтпейді, бірге ойнаймыз. Екеуміз де кітап десе, ішкен асымызды тастап жүре береміз, жарыса оқимыз. Ауылдағы шағын клубта кітапхана бар да, кітапханашы жоқ. Неге екенін білмейміз, олар тұрақтамайды. Жаңа кітапханашы әрі кетсе екі ай жұмыс істеп, отырған орнынан су шыққандай тайып отырады. Ауылдық кітапхана болса да, оның қоры бай. Мені оқы дегендей, сіресіп тұр. Бірде кітапханашы болмай кітапхана үш ай жабық тұрды.
Кеше Сәкен екеуміз ауылдың жанындағы өзенге барып балық ауламаққа келіскен болатынбыз. Таңертең ерте тұрып, таңғы шайымды шала-пұла ішіп, кешке дайындап қойған қармағымды асығыс алып үйден шықтым. Досымның үйі мен біздің тоқал тамның арасында басқа шаңырақ жоқ. Апам айтпақшы, табақ-аяғы араласып жатқан құдайы көршілерміз. Мен үйден жүгіре шыққанда, жанына Жолбарысты ертіп Сәкен қарсы келе жатты. Жолбарыс арсалаңдап, маған асылды. Бұл – мені жақсы көріп, еркелегені. Бір қарап-ақ адам жанын түсіне қоятын ақ иттің иесі Сәкен болғанмен, ол екеумізге ортақ. Досымның нағашы атасы әкеліп берген сүйкімді ақ күшікті көрші бала екеуміз ерекше жақсы көрдік. Бар жылы-жұмсағымызды соның аузына тосамыз, еркелетіп ойнатамыз. Жолбарыс та бізді айырықша жақсы көреді. Үйшігі көрші үйде болса да, кешке таман бізге соғып, маған асылып ойнайды. Мұнысы – ертеңге дейін деп менімен қоштасқаны. Өзен мен ауылдың арасы ары кетсе екі шақырым. Сәкен екеуміз суға қармақ салып, өткен аптада клубта көрсетілген киноны айтып отырдық.
– Дәркеш, кеше ақсақ пошташы Афанасий әкелген «Қазақстан пионері» газетін оқыдың ба? – деп досым менің жауабымды күтпестен, сөзін жалғастырды. – Екеуміз жақсы көретін жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесті бойынша кино түсіретін болыпты.
– Бердібек ағаның «Балалық шаққа саяхат» повесі өте қызықты кітап, оқи бергің келеді. «Менің атым – Қожа» да Бекташ көкем айтпақшы, қатқанский шығарма. Енді кино түсірсе, тіпті тамаша болар еді, – дедім бас бармағымды көрсетіп.
– Дәркеш, сенің Бекташ көкең совхоз орталығындағы кеңседе жұмыс істейді емес пе? Біздің клубтағы кітапханаға кітапханашы қашан келеді соны сұрап білші.
– Ой, Сәкентай, бұл жөнінде күнде ызыңдап сұраймын. Көкем де ештеңе білмейді, – дедім судың үстіндегі тып-тыныш тұрған қалтқыдан көз алмай.
– Дәркеш, саған бір құпия айтайын ба? – деді Сәкен сөзімді ешкім естіп қоймасын дегендей сақтана сөйлеп.
– Айт, ол не қылған құпия?
– Апамның клубтың тазалығына жауапты екенін білесің ғой, – деді Сәкен дауысын жайлап шығарып. – Кеше клубтың ішін, кітапхананы тазалауға көмектестім. Білесің бе, әлі сөрелерге қойылмаған жаңа кітаптарды көргенде, көзім жайнап кетті. Әлгі екеуміз жарыса оқитын француз жазушысы бар емес пе? Аты кім еді?!
– Жюль Верн бе?
– Иә, сол. Өзі мықты жазушы, түбін түсіріп жазады. Екеуміздің қолымыз жетпей жүрген «Капитан Гранттың балалары» романын көргенде, тұрған орнымда қатып қалдым.
– Шын айтасың ба, Сәкен!
Мен орнымнан тұрып кеттім.
– Өләки, біләки, – деді құрдасым жүрек тұсын ұстап. – Оған сенбесең, пионер атымен ант берейін!
– Сәкентай-ау, саған не болды, соншама ант-су ішіп! Сен өтірік айтпаса бойына ас батпайтын Кәкіш емессің ғой. Қазір менің есіл-дертім әлгі сен айтқан кітаптарда. Балық аулауды тастай салып, клубқа қарай жүгіріп кеткім келіп тұр. Бірақ, кітапхана жабық, кітапханашы әпкей жоқ. Ол кісінің қашан келетіні, апам айтпақшы, бір құдай біледі, – дедім мұрнымды бір тартып қойып.
– Менде бір жоспар бар, – деді құрдасымның екі көзі жарқ етіп.
– Ол қандай жоспар? – деп досыма жақындай бергенімде, қолым балық салатын шелекке тиіп кетіп, төңкеріліп түсті.
– Давай, Дәркеш, әлгі мен айтқан кітаптарды ұрлап оқиық, – деді Сәкен маған тік қарап. – Қорықпа, оқып болған соң, орнына қоямыз.
– Сені жын ұрып кеткен бе? Сонда екеуміз ұры атанамыз ба? Жетпегені осы еді. Әлі жасамаған ұрлығымның үстінен біреу түскендей, орнымнан тұрып кеттім.
– Түу, өзіңді батыр бала деп жүрсем, өз көлеңкесінен қорқып қашатын қояннан да қорқақ екенсің. Бұл ұрлыққа жатпайды, оған Құдай куә, – деп Сәкен құпия «жоспарын» айта бастады.
– Кітапхананың күн батыс жағындағы үлкен терезенің әйнегін алып, мен ішке кіріп, кітаптарды саған беремін. Сонан соң, үй жаққа тайып тұрамыз.
– Бұл жоспарың шикілеу, – дедім басымды шайқап. – Терезе екі қабатты екенін білмейсің бе? Әйнекті аламыз деп жүріп сындырып алып, масқарамыз шығып жүрмесін.
– Олай болса, басқа амалын қарастырайық, – деді Сәкен. – Кілт біткен апамның қолында, үнемі ас үйде ілініп тұрады. Байқатпай соны ұрлаймын, басқа жол жоқ.
Екі дос үнсіз қалдық. Екеумізден бір елі қалмайтын Жолбарыс «Әй, екі құрдас, не бүлдірейін деп жүрсіңдер?» дегендей, құйрығын бұлаңдатып бізге кезек-кезек қарап қояды.
– Бір ұрлық істейміз деп екі рет ұрлық жасайтын болдық. Өстіп-өстіп баукеспе болып кетпейміз бе? – дедім қармағымды жинастырып жатып. – «Кітап ұрлау» операциясын жүзеге асыруға екеуміз аздық етеміз. Сен кітапханаға кіргенде, мен сыртта тұруым керек. Клубқа кіре берісте сенімді біреуді қойғанымыз жөн. Бекташ көкем айтпақшы, сақ болайық. Қарға да бір шоқып, екі рет қарайды.
– Бұған бірге оқитын Батырды қосайық, сенімді бала. Оның үстіне ол да нағыз кітапқор, оқымағаны жоқ.
– Жарайсың, достым! Кейде басың істеп кетеді, – деп Сәкеннің арқасынан қақтым. – Мынауың дұрыс! Бәрі ойдағыдай, – дедім Сәкенді қостап. – Тағы да ескеретін бір жай бар. Біздің ұрлық жасап жүргенімізді апаң байқап қалмасын. «Операцияны» түс кезінде атқарған жөн. Шілденің аптап ыстығы жер бетін қуырып тұрғанда, көшеге адам тұрмақ, ит те шықпайды. Сәкен, ұмытып барады екенмін, егер апаң мына кітаптарды қайдан алдың деп сұрай қалса, менен алған боласың. Алған кітаптарды бүлдірмей, таза ұстауға бірден келісейік. Жаңа кітапханашы сезіктеніп жүрмесін. Ең дұрысы – кітаптарды газетпен қаптайық. Батыр жақсы бала, бірақ кейде Қожанасыр сияқты аңқаулығы бар. Байқамай біреуге айтып қоймасын. Олай болса, бүкіл ауылға масқара боламыз. Бұл үшеуміздің ғана құпиямыз болып қалады. «Кітап ұрлау» операциясына сен басшы боласың, командирсіз болмайды. Батыр екеуміз айтқаныңды екі етпей орындаймыз.
– Сенімдеріңді ақтауға тырысамын, – деді құрдасым аузын толтыра сөйлеп. – Ертең ауылдың шетіндегі атқорада кездесіп, «операцияны» тағы бір пысықтап алайық. Батырға бүгін кешке өзім айтамын.
«Кітап ұрлау» операциясы ойдағыдай жүзеге асып, Сәкен, Батыр үшеуміз жарты жыл бойы қазақ жазушыларының ғана емес, шетел классиктерінің шығармаларын бір-бірімізге алмастырып, оқып жүрдік. Жетінші ай дегенде, ескі клубқа жаңадан оқу бітірген Айша деген әдемі қыз кітапханашы болып келетін болып, «ұрлықты» доғаруға тура келді. Жолдамамен келген сұлу бойжеткен көп дегенде үш-төрт ай жұмыс істеп, тайып тұратын шығар деп жүргенбіз. Олай болмады, ауылдық бастауыш мектебінің мұғалімі Алпысбай көкеміздің көзі кітапханашы қызға түсіп, қырындап жүрген. Көп ұзамай-ақ екеуі қосылып, шағын ауылда дүркіреп комсомол тойы өтті. Әрине, кітапхананың меңгерушісі тұрақты оқырмандары Сәкен, Батыр және менің жарты жыл бойы ұрлық жасағанымызды білмей кетті.
Қазір не көп – мереке көп, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетті. Кеңес дәуірі кезінде Октябрь және 1 май мерекесі ғана болатын. Бұл екі мейрамды кішкентай ауылдың бала біткені асыға күтуші едік. Өйткені, әкелеріміз әр мереке сайын 5 сом береді. Бұл – шуылдаған балалар үшін үлкен байлық. Ақша қолға тиген бойда совхоз орталығындағы азық-түлік дүкеніне жүгіріп, кәмпит, пряник, лимонад алып, қарқ болып қалатынбыз. Сәкен болса, біз сияқты далбалақтап қашықтығы үш шақырымға жуықтайтын дүкенге жүгіре қоймайды. Мереке бітіп, абыр-сабыр басылған соң, мені жанына ертіп, өнеркәсіп тауарларын сататын дүкенге бас сұғамыз. Досымның штатындағы тілмәші – менмін.
Әкемнің Алексей деген орыс тамыры болды. Ол атарбаға әйелін, қызы мен баласын ертіп, біздің үйге жиі келетін. Біз де Леша ағайдың үйіне қонаққа барып тұрамыз. Заты орыс демесең, қонақжайлылығы қазақтан кем емес. Біз барғанда бір қоқи қазысын сойып тастап, иіліп – жастық, жайылып – көрпе болып жатқаны. Менімен қатар Галя мен оның інісі Коля мені совхоз клубында күндіз көрсететін киноға алып барғанда, төбем көкке сәл-ақ жетпей қалады. Галя мен Коляның арқасында шатып-бұтып орысша сөйлейтінім бар. Сәкен жарты жыл күткен пұлын маған сеніп тапсырады. Өйткені, құрдасыма қарағанда менің орысшам тәуір, сауданы мен жасаймын.
Әлі есімде, бастауыш мектептің төртінші сыныбында оқитын кезіміз. 1 май мерекесі өткен соң, бізбен бірге дүкенге бармақшы болған Жолбарысты үйшігіне қамап, совхоз орталығына бет алдық. Дүкенге жақындағанда Сәкен әкесі Қоныс көкем берген бес сомдықты беріп тұрып, 100 грамм «Барбарис» кәмпитін, 100 грамм пряник, бір бөтелке лимонад, 100 грамм халва және бір бума сурет салатын қағаз және бір қорап түрлі-түсті қарындаш алатынымды шегелеп тұрып айтты. Сатушы Мария деген етжеңді келген орыс әйел болатын.
– Ребята, что вам надо, говорите, – деді бізге жылы ұшырай қарап.
– Сто грамм пряник дай мне, сто грамм кәмпит – Барбарис дай мне, сто грамм халва дай мне, один лимонад дай мне, один пачка толстая бумага дай мне, цветные карандаши который стоит 28 копеек дай мне, – деп тақ-тақ етіп, сауданы бастап кеп жібердім.
Мария апай жымия күліп, заттарымды бере бастады.
– Дай мне, дай мне деп тотықұс құсап қайталай бергенің болмаса, орысшаңда мін жоқ, зуылдап тұрсың. Айтпақшы, который деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын, оны қалай түсінуге болады? – деді Сәкен дүкеннен шыға берісте.
– Өзім де білмеймін, аузыма түскен орысшамды айтып жатқаным ғой, – деп иығымды қиқаң еткіздім.
Кішкентай ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң, Батыр Сәкен үшеуміз аудан орталығындағы интернатта оқыдық. Бала кезімде менің жирен тайым болды. Өзі нағыз жүйріктің өзі болатын. Талай рет ауылда өтетін тай жарысына қатысып, топ жарып жүрдім. Қасқа жиренмен шауып келе жатып, «Менің сәйгүлігім желден де жүйрік» деп іштей мақтанушы едім. Сөйтсем, уақыт сол жирен қасқадан да жүйрік болып шықты. Үш дос мектепті бітіріп, қолымызға аттестат алғанда, біздерді өмірдің дара өмір соқпақтары күтіп тұрған еді. Бала кезінен әдебиетке қанша құмар болса да Батыр инженер мамандығын таңдап, Шымкентке баратын болды. Мектеп қабырғасында жүргенде әдебиетті талдауға келгенде жіліктей шағатын Сәкен суретші болуды алдына мақсат етіп қойды. Мен ғана бала кезден армандаған жолдан таймадым. Мақсатым – журналист болу.
Сәкен екеуміз Алматыға жол жүруге дайындалып жүргенімізде аяқ астынан Сәкеннің әкесі мен анасы жол апатынан қайтыс болып, артында қарт әжесі, әлі кішкентай бауырлары жетім қалып, үлкен қайғыдан бүкіл ауыл теңселіп кеткендей болды. Бір шаңырақтың үлкен жүгі мектепті енді бітірген құрдасыма түсіп, мен Алматыға жол жүргенде, ол үлкен көздері жаутаңдап ауылда қала берді…
Өмір деген қас пен көздің арасы, содан бері отыз жылдан аса уақыт өте шығыпты. Бір шаңырақтың бар ауыртпалығын өз мойнына алған Сәкентай жүргізушілер даярлайтын курсты бітіріп, совхозда жүргізуші болып еңбек етті. Кейінірек Түркістан қаласындағы арнайы орта оқуын сырттай бітіріп, ұзақ жылдар бойы орта мектепте сурет пәнінен сабақ беріп келеді.
Құрдасыма Алла тағала жақсы мінез, ер жігітке сай көрік пен сымбатты аямай-ақ берген. Мектепте оқып жүргенде оған ғашық болмаған қыз жоқ, күйдім-сүйдім деп өздері хат жазып жататын. Аудан орталығында үш-төрт жігіт болып келе жатқанымызда қыз-қырқын Сәкенге көз қырын салмай өтпейтін. Өзінен үш класс төмен оқыған Қарлығаш – Сәкеннің алғашқы махаббаты. Мектеп бітірген соң, Қарлығаш сүйген жігітіне тұрмысқа шығып, екеуі қарашаңырақтың ауыр жүгін бірге көтерді, жұбы жазылмай, бірге тату-тәтті өмір сүріп жатты…
Түні бойы дөңбекшіп, дұрыс ұйықтай алмадым. Таңертең түсіме Сәкен кіріпті. Ауылға барған екен деймін. Бірге өскен ауыл жігіттерімен өткенді-кеткенді сөз етіп, әңгімені көсіп отырмыз. Жаңа ғана ортамызда көңілді отырған Сәкен орнынан тұрып, ешкіммен қоштаспай, ауылдың шетіне қарай бет алды.
– Сәкен, қайда барасың? – деп бәріміз шу ете қалдық. Бірақ, ол артына бұрылмады. Дәл ауылдың жанынан басталатын қырды асып, жоқ болып кетті. Мен түсімнен шошып ояндым.
…Таныс профессор Сәкенді жылы қабақпен қабылдап, асықпай қарады, медициналық талдаулар алды.
– Ауырып тұрғаның – бір аунап тұрғаның, бауырым! Бәрі жақсы, уайымдайтын ештеңе жоқ. Ештеңеге алаңдамай, ауылыңа қайтуыңа болады, – деп досымның арқасынан қақты. – Бүгін алған медициналық талдаулардың қорытындысын ертең Дәркешке айтамын.
Екеуміз онкологиялық ауруханадан шыққан соң, Қарлығашқа телефон соқтық. Бір хабарды асыға күтіп отырған досымның жұбайы қуанып, «Жаратқан иеміз бар екен ғой! Шүкір, үш баламның әкесі аман болса, мен үшін одан үлкен бақыт жоқ, Дәркеш! Саған алғысым шексіз! – деп Қарлығаштың дауысы дірілдеп шықты.
Оның қуаныштан іштей жылап тұрғанын айтпаса да сездім… Ертесіне таныс профессор-дәрігер хабарласты.
– Дәркеш, жаныңда досың жоқ па? – деді Еркін амандықтан соң.
– Жоқ, жалғызбын, – дедім. Ішім бір жамандықты сезіп, жүрегім дүрсілдеп қоя берді.
– Сәкеннің медициналық талдауын мұқият қарап шықтым, дұрыс болмай тұр, – деді профессор көңілсіз. – Небәрі 40-тағы тепсе темір үзетін жігіт. Өлімге қимайтын жан екен. Өкінішке орай, әрі кетсе екі ай өмірі қалыпты. Әрине, ауруханаға жатқызып, биохимия және тағы басқа да ем жасауға болады. Оны да алдап, өзімді де алдап қайтемін! Мына тиын санаған қиын заманда босқа шашылмасын.
– Рахмет, Ереке! Әрине, өте өкінішті! Қош болыңыз! – деп телефонды өшіре бердім.
Өзімді салмақты ұстауға тырыссам да, ішім алай-дүлей еді. Еріксіз көзіме жас келді…
Кеше ауыр дерттен соң демалсын деп Сәкенді Алматының маңайындағы «Көктем» санаторийіне орналастырған болатынмын. Жұмыстан соң демалыс орнына тарттым. Сәкен гүлді алаңның жанындағы ағаш орындықта талдырмаш бойлы әдемі келіншекпен сөйлесіп отыр екен. Бейтаныс әйел біздің әңгімемізге бөгет болмайын деген болу керек, сыпайы қоштасып, орнынан тұрды.
– Жас кезіңде небір ай десе аузы бар сұлулар жаныңнан шыр айналып шықпаушы еді. Демалыс орнындағы сұлулар да келе салысыңмен сені төңіректей бастапты. Жарайсың, достым! Еркек үйден қырық адым шықса бойдақ деген осы, – дедім құрдасыма әзілдеп.
– Жас кезімде қыздарға қырғидай тигенім шамалы, енді жарыта қоймаспын, – деді Сәкен күлімсіреп. – Айтпақшы, профессор өзіңмен хабарласамын деп еді, әлгі талдаулар дұрыс па екен?
– Иә, ол кісі бүгін телефон соқты. Бәрі жақсы, еш алаңдамай дем ал, – дедім өтірік айтуға мәжбүр болып.
Бұл кездесуден кейін де Сәкенді екі рет іздеп бардым. Мүмкін кездейсоқтық болар, жүзі жылы сұлу жас келіншекпен жұбын жазбай бірге жүрді… Қайтар жолға Сәкенге пойызға билетті алдын-ала алып қойғанмын. Ауылға кетерде шай ішіп кетсін деп, бүгін ерте келдім. Сәкен гүлді алаңдағы ағаш орындықта жалғыз отыр еді.
– Бүгін сыңарынан айырылған аққудай жалғыз қалыпсың ғой. Жаныңдағы сұлу келіншек қайда?
– Сәулені сұрайсың ба? Кеше демалыс мерзімі бітіп, Көкшетауға қайтып кетті. Жиырма күндей бірге демалдық. Көркіне мінезі сай жақсы келіншек… – деп Сәкен сөзінің соңын жұтып қойды.
…Бұл соңғы бас қосуымыз екенін іштей сезіп отырсақ та, жұбайым екеуміз сыр бермедік. Сәкен дастархан басында өте көңілді отырды. Ептеп армян коньягінен ұрттадық. Талай қыр мен белесті асып, елес болып қалған балалық шағымызды, қалай кітап ұрлап оқығанымызды еске алдық. Досымды 2-ші темір жол бекетіне дейін шығарып салдым.
– Дәркеш, саған бірдеңе айтайын ба? – деді Сәкен вагонға жақындағанда бала кезіндегідей қипақтап. – Мен қарап жүрмей, бірдеңені бүлдірдім… Ауылға барғанда Қарлығаштың бетіне қалай қараймын…
– Түсіндім… Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді деген. Дегенмен, еркектердің де оңып тұрған мұрны жоқ. Ондай-ондай болып тұрады, бәріміз де сау сиырдың боғы емеспіз.
– Сәуле көрінген еркекке етегін түретін келіншек емес, текті әйел. Тағдыры менің әкем мен анама ұқсайды. Күйеуі мен ұлы жол апатынан қайтыс болып, қызы екеуі аман қалыпты. Мені ұнатып қалды. Мен де темір емес, ет пен сүйектен жаралған пендемін, кеудесінен итере алмадым…
– Сымбатына қырық қыз ғашық болатын сендей серінің жүрегін жаулап алған көкшетаулық сұлу келіншек тегін адам емес. Бірақ, Қарлығаш сенің алғашқы махаббатың, үш балаңның анасы…
– Айтсаң, көңілдің кірі кетеді деген. Саған айтып, тұла бойым жеңілдеп қалды, – деді Сәкен. – Иә, Қарлығаштың жолы да, жөні де басқа… Дәркеш, бұл құпия екеуміздің ортамызда қалсын. Мақұл ма, сөзіңде тұрасың ба?
– Өләки, біләки! Ол аз болса, қызыл галстукті пионердің атымен ант беремін!
Сәкен бала кезіндегідей арсалаңдап, мені құшақтап, вагонға көтерілді. Бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз және қоштасуымыз екенін біліп, ішкі дүнием алай-дүлей болып тұрды.
Жиырма күннен соң Сәкеннің өмірден озғаны туралы суық хабар келіп, жолға жиналдым.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты