ҚЫЛМЫСТЫҚ АХУАЛ ТӨМЕНДЕГЕН

Қоғам Құқық
1 132 Views

Шымкент қаласының прокуроры Мақсат Аманқұлұлы Қожабаевтың төрағалығымен Құқық қорғау органдарының бірінші Үйлестіру кеңесі өтті. Күн тәртібінде адам өміріне қол сұғушылықпен ұштасқан қылмыстар және кәмелет жасына толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне байланысты қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды. Кеңес отырысына құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қатысты.

Жиында 2018 жылдың 11 айында қала аумағында жалпы тіркелген қылмыстар саны 18,6% (18 588-ден 15 122-ге) төмендегені атап өтілді. М.Қожабаев өз сөзінде адам өміріне заңсыз қол сұғушылықпен ұштасқан адам өлтіру қылмыс түрі 6,6 пайызға (30-дан 28-ге дейін) төмендегенімен, қасақана ауыр дене жарақаттарын келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған қылмыс түрлерінің 20 пайызға (10-нан 12-ге дейін) артқанын айтты. Бұдан бөлек қала прокуроры кәмелет жасына толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне байланысты қылмыстардың өткен жылмен салыстырғанда екі есеге немесе 138,8% (18-ден 43-ге) өскеніне ерекше тоқталды.

Прокурорлармен жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия отырысының өткізу мерзімі сақталмауынан бастап, бұл бағытта уәкілетті органдардың формалды іс-шаралар өткізіп, өзара әрекетсіздігіне дейін көптеген заң бұзушылықтар анықталған. Құзырлы органдар, яғни ювеналды полиция және мектеп әкімшілігінің әрекетсіздік таныту салдарынан алдын алуға болатын оқушыларға қатысты жасалған зорлық әрекеттердің жеті дерегі әшкерленген. Осы тұрғыда Шымкент қаласының Әкімшілік полиция басқармасы және Білім басқармасына «жайсыз отбасыларын» анықтау жұмыстарын күшейтіп, алдағы уақытта «тәуекел топтардың» тізімін жүргізу арқылы оларды профилактикалық есепке алу қажеттігі ұсынылды. Сонымен бірге «жайсыз отбасыларды» есепке алатын электронды жүйе құру мүмкіндігін қарастыру жөнінде қала әкімдігіне ұсыныс енгізілді. Сондай-ақ, интернет желісіндегі интимді сипаттағы сайттарға шектеу қою шараларын қарастыру бағытталды. Жиынға қатысушыларға қиын жағдайға ұшыраған кәмелет жасына толмағандарға көмек көрсетуді мақсат еткен іс-шаралар жоспары таныстырылды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді. Онда ҚР Бас Прокурорының тапсырмаларынан туындайтын өңірге тиісті қылмыс түрлерін болдырмауға бағытталған шаралар қамтылған.

Шымкент қаласының прокуратурасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *