РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДАҒЫ АБАЙДЫҢ ДАНАЛЫҒЫ

Рухани жаңғыру
1 277 Views

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлесі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Көшбасшымыздың халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айрылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды.

Соның бір бөлігі Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. Осы бағдарлама негізінде Шымкент политехникалық колледжінің директоры Әлихан Ысқақовтың қолдауымен қазақ тілі мен әдебиеті пәндер бірлестігі кафедрасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында өскелең ұрпаққа қазақ әліпбиі мен жазуын латын графикасы елімізді рухани жаңғыруға бастайтын маңызды құжат екені туралы айта отырып, «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» туралы түсіндірме жұмыстарын бастап кетті.

Ал, колледжіміздің ІІІ курс студенті Бекболат Бекзат еліміздің басты арнасы – «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Елден хабар» бағдарламасына колледж студенттері мен оқытушыларының пікірлерін сараптап, журналистік зерттеу жүргізді. Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндер бірлестігі кафедрасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру – тіл мерейі» атты мерекелік іс-шаралар, «Жарқын болашағымыздың тұғыры – рухани жаңғыру» тақырыбында семинарлар, «Жастардың төл міндеті – рухани жаңғыру» тақырыбында баяндамалар жасалды. Ашық тәрбие сағаттарымен қаншама іс-шаралар өткізілуде.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана деген ұранды ұстанған ұстаздар қауымы, атап айтсақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәндер бірлестігі кафедрасының ұстаздары әрбір сабақтарында дана Абай жайлы айтпай өту мүмкін емес. Бүгінгі күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында дара Абайдың қара сөздеріне тоқталуы да тегін емес. Олай дейтініміз, дана атамыздың шығармашылығының өзектілігімен үйлесім тапқандай. Оған негіз адам психологиясы және бала тәрбиесі жайында ағартушы өзінің қара сөздерінде айтқан. Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтар барша қауымды толғандыратыны анық. Дана ұлы Абай туғанына 173 жыл толғалы отырған тұсында да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Шындығында, ұлылардың мұрасы заман мен уақыт төрелігіне бағынбайды. Өз шығармашылығын адамзат болмысына қатысты мәңгілік тақырыптарға арқау ете білген ғұламалар уақыт өткен сайын түрленіп, толығып, құндылығы арта түсетіні тағы бар. Бұл ең алдымен Абай шығармашылығың әмбебаптылығы, энциклопедиялығымен түсіндірілсе керек. Тек қара сөздері ғана емес, лирика, поэзия, сатира, поэма, аударма жанрларының негізін салып қана қоймай, осы жанрларды әлемдік биікке шығара білуі, музыкалық мұрасы, әлеуметтік-публицистикалық, философиялық, діни, ғылыми, тарихи еңбектерінің мазмұн тереңдігі, ағартушылық, педагогикалық ойлары оның ұлт ұстазы, тіпті адамзат ғұламасы атануына арқау болды.

Абай өз шығармаларында рухани жұтаңдықты, білімсіздікті, көкірек көзінің көрлігін, надандықты, имансыздықты, тоғышарлықты, енжарлықты, жалқаулықты, сөзуарлықты, екіжүзділікті, күншіл-дікті, мақтанқұмарлықты, мақтансүйгіштікті, дү-ниеқоңыздықты, мансапқорлықты, көрсеқызарлықты, менмендікті, мақтаншақтықты, еңбексіздікті, әділетсіздікті, сатқындықты қай замандарда бол-масын адам бойында болатын моральдық-этика-лық қасиеттерді сөз ете отырып, адам баласының бойындағы қасиеттерін жақсартуға, жетілдіруге, толықтыруға, жаман қасиеттері болса солармен кү-ресуге, оларды ауыздықтауға талаптануы керекті-гін түсіндіріп, ғасырлар бойына адамзат баласының ақыл-ойында ұшталып келе жатқан діни-пәлсафалық, моральдық-этикалық, интеллектуалдық, адамгершілік тұжырымдамасы – толық адам ілімін адамзат қоғамына мұра етіп қалдырды.

Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – Тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Ә. НҰРБЕКОВА,

А. БАЙМАХАН,

Шымкент политехникалық колледжінің қазақ тілі және әдебиеті ПБК оқытушылары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *