«АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР» КӨККЕ КЕТТІ

Руханият
1 467 Views

«Қолдан кетті!», Қапыда арда кетті,

Алашымның тағы бір ардағы өтті.

Өмір заңы – елім дер ер туса егер,

Сұм да туар қосылып сан нәлетті.

Биыл елге тиді ауыр ақпан айың,

Жақсыларды, Жаратқан, сақта дәйім!

Мың қазақтан бір қазақ шыққан ерек,

Ақ халатты жанды абзал жоқта, ағайын!

Адамзатқа құшағын жайған жан бұл,

Аса алмады жасынан Пайғамбардың.

Нешеме сал қолынан кетті тұрып,

Нешеме жан разы боп айналған мың.

Арқалаған тек алғыс, ерек емі,

Құдай үйіп бергендей берекені.

Жоғалтқышпыз керекті неге екені,

Әлі неше дерттіге ол керек еді…

Әділ ҚЫРАН.

Бес күндік мына жалғанда өлім хақ екені рас. Осы бір жантүршігерлік суық сөзді естігенде тұлабойымыз тітіркеніп кетеді. Әсіресе, өмірі өнегелі, тірлігі тындырымды жандар дүниеден өткенде қатты қайғыратынымыз бар. Олардың жарқын жұмыстары мен нұрлы бейнесі көз алдымызда көлбеңдеп тұрып қалғандай сарытап сағынышқа бөленеміз. Алла тағаланың бұйрығы, маңдайға жазылғаны, тағдырдың тірлігі солай шығар деп тәубемізге келіп, шүкіршілік етеміз. Міне, сондай жарқын жүзді жанның бірі, бірі емес, бірегейі «Алтын қолды дәрігер» Мәди Хожаұлы БИГАЛИЕВ мезгілсіз дүниеден озып, бұл қайғылы қаза барша қазақ қауымын қайғыртып, күңірентіп отыр.

Білімді де білікті маман өзі басшылық жасайтын шағын ғана аурухананың жұмысын жақсы жолға салып, оны тәуелсіз елімізді былай қойғанда, төрткүл әлемге таныта білді. Мемлекеттік емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасын жақсартумен қатар кадрлық әлеуетін де арттырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасының еселеп артуына жетісті. Соның нәтижесінде Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасынан №1 қалалық клиникалық аурухана дәрежесіне дейін көтерді. «Алтын қолды дәрігер-хирург» 10 000-ға жуық адамға жүрек жылуын арнап, күрделі ота жасап, науқастардың өмір жастарын ұзартуға септескен. Қанша отбасын көл-көсір қуанышқа кенелткен. Жүздеген науқасқа бір мезгілде жүрегіне, бауырына және өтіне ота жасап, жарқын өмір сыйлаған еді. Бұл – күншуақты Оңтүстік өңірінде ғана емес, күллі Қазақстанда жасалған тұңғыш трансплантациялау отасы болатын. Бас дәрігер Мәди Хожаұлының тікелей басшылығымен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында 130 бүйрек және 18 бауыр трансплантациясы отасы сәтті жасалды. Сонымен қатар оның қолынан 17 шетелдік азамат (Германия, Румыния, Израиль, Канада) сырқаттарына шипа тапқан болатын. Бұл – оның төрткүл әлем мойындаған білікті маман екенін көрсететін фактор.

Дана халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөзді дәл тауып айтқан. Ғұмырының 37 жылын медицина саласына арнап, сан мыңдаған сырқаттың бетін бері қайтарған. Мәди Хожаұлының көмегімен Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары алыс-жақын шетелдерге шықпай-ақ қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуға жетіскен. Ол медицинаны дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының Алтын медалімен, Қазақстан Республикасы Ұлттық медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер», Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алтын скальпель» аталымдарымен марапатталған болатын. Сол себепті оның алдына басы ауырып, балтыры сыздаған науқастар: «Біз «Алтын қолды дәрігерге» келдік, оның шипалы емінен кейін аттай болып сауығып шығамыз», – деген үкілі үмітте жүретін. Қолы шипа, сөзі сыпа дәрігердің емінен кейін өздерінің сау-саламат жазылып, үйімізге аман-есен қайтамыз деген бек сеніммен келетін. Расында да дәл солай болатын. «Әуелі Алла, одан кейін Бигалиев», – дейтін жандар ауруханадан өмірге деген шуақты құлшыныстарымен шыққанда, жанарында қуаныш көз жастарына ерік берген сәттерін көрсеңіз олармен бірге қуанып, бірге жылайсыз. Гиппократ антына адал дәрігер сырқаттарынан сауыққан жандарды көргенде ауызбен айтып жеткізе алмайтын айрықша рақат сезімге бөленетін. Аса жауапты, ауыр да ыждағатты, тынымсыз тірлігінің жеміс бергеніне риза кейіпте күліп қойып, жұмысын жалғастыра беретін. Оның үйінен гөрі ауруханада өмірінің алтын уақытын сарыптаған еңселі еңбегінің ел жадында мәңгі қалатынына бек сенімдіміз.

Қазақ елі өз маңдайына жазылған тағы бір саф алтыннан айырылды. Мезгілсіз өлім астарында астарлы ақиқат жатқанына еш күмән жоқ. Алысқа кетпей, кешегі Оңтүстік Қазақстан облысы тұсында Мәди Хожаұлының басына қонған бақ пен тағына қызыға да қызғана қарағандар болды. Үлкейіп, көркейіп келе жатқан аурухананың бас дәрігері орынтағына қонжиғысы келгендер осы саланың басшылығы тарапынан да табылды. Қайта-қайта тексеру Мәди түгіл бүкіл ұжымның да жүйкесін жұқартқаны жасырын емес. Денсаулық сақтау басқармасы сан рет орынды-орынсыз тексеру жібертіп, бес айдан аса басшының мазасын қашырып, «кет-кеттің» астына алған сәттер бар деседі… Жүйкесіне артық салмақ түсірген. Хирургтың бағына қарай жаңадан Түркістан облысы құрылып, ол өз орнында қалған. Басқарма басшысының нені меңзегені Бигалиевтің ішінде қалып қойды. Іште қалған дерт жай жатпады, алтын қолды дәрігерді жалмап кетті. Осылардың бәрі не үшін және кім үшін керек болды?! Тізбелей берсек, «Алтын қолды дәрігердің» өміріне жасалған қиянаттар аз болмаған сыңайлы. Алайда, ар мен намысты биік қойған Хожаның ұлы ешқашанда мойымады. Оның бар сенімі, қолдаушысы – кең пейілді халық еді. Халқына ол керек еді. Әріптес жан достары, ел іші қабырғасы қайысып, бауырын жоғалтқандай күй кешіп, өкініш-күйініштерін әлсіретер емес. Белгілі дәрігер, профессор Болат Баймахановтың тілімен айтқанда, «Алтын қолды осындай транспонтолог елімізде саусақпен санарлықтай. Соның бірегейі Мәди еді». Бұдан артық қандай баға керек?! Уақыты жетіп, бұл астарлы ақиқаттың ашылары анық. Бәріне уақыт – емші.

Рухың көкте самғай берсін! Алла Тағала жайыңды жәннаттан етсін!

Мәди Хожаұлы зиялы қауымның, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің шынайы жанашыры, қамқоршысы ретінде де есімізде қалады. Кешегі «Әділет» ұлттық апталығы мен бүгінгі республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің белсенді оқырманы әрі қолдаушысы ретінде ерекше сыйлап, құрметтейтінбіз. Енді бүгін оған жатқан жеріңіз жайлы болсын деуден басқа амал таппай отырмыз. Мәртебелі Мәке, Мәди Хожаұлы пейіште нұрыңыз шалқығай! Бақұл болыңыз, Бигалиев!

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *