ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ «ӨЗБЕК ҮЛГІСІН» ЖАСАУШЫ

Тұлға
1 744 Views

Ислам Абдуганиевич Каримов – аса көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті (1990), Өзбекстан Ғылым академиясының академигі (1994), Өзбекстан Қаһарманы (1994).

1938 жылы 30 қаңтарда Самарқан қаласындағы қарапайым қызметшілер отбасында жарық дүниеге келген. Ата-анасының аты – Абдугани мен Санобар. Ортаазиялық политехникалық институтын (қазіргі Ташкент мемлекеттік техникалық университетін) инженер-механик, ал Ташкент халық шаруашылығы институтын (қазіргі Ташкент мемлекеттік экономикалық университетін) экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1960 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы мәшинелерін жасау («Ташсельмаш») зауытында бастаған ол көмекші шебер, аға шебер, технолог болып істеген. 1961-1966 жылдары Ташкент авиация-өндірістік бірлестігінде инженер, жетекші инженер, инженер-конструктор болған. Сіздер мұнда «Ил-76», «Ил-114», «Ил-114т» ұшақтары шығарылатынын жақсы білсеңіздер керек.

1966 жылы Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы Мемлекеттік жоспарлау комитетіне бас маман болып қабылданып, бөлім меңгерушісі, төрағаның бірінші орынбасары лауазымына дейінгі қызмет баспалдақтарынан сүрінбей өткен. 1983 жылы Өзбек КСР Қаржы министрі, 1986 жылы республика Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы болған. 1986-1989 жылдары Өзбекстан Коммунистік партиясы Қашқадария облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. 1989 жылы маусым айында Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған. Ал 1990 жылы 24 наурызда өткен Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясында И. А. Каримов республика Президенті болып сайланып, қолданыстағы Конституцияға сәйкес Министрлер Кабинетінің (Вазирлар Маккамаси) Төрағасы қызметін де қоса-қабат атқарған (1990-1992).

1991 жылы 31 тамызда Өзбекстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін И. А. Каримов елдің саяси жүйесін жетілдіру ісіне тікелей басшылық жасап, нақты шараларды жүзеге асырған. Бұл елде жыл сайын 1 қыркүйек – Тәуелсіздік күні ретінде тойланып келеді. Сол жылы 29 желтоқсанда баламалы негізде өткен бүкілхалықтық сайлауда сайлаушылардың 86 пайыз дауысын жинаған И. А. Каримов Өзбекстан Республикасының Президенті болып сайланған. 1995 жылы 26 наурызда өткен Бүкілхалықтық референдумның шешімімен оның Президенттік уәкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылған. 2000 жылы баламалы негізде өткен сайлауда Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес И. А. Каримов Өзбекстан Республикасының Президенті болып жеті жылға қайта сайланған. 2007 жылғы 23 желтоқсанда өткен кезекті баламалы сайлауда И. А. Каримов тағы да жеті жылға Президент болып сайланған. 2015 жылғы 29 наурызда келесі баламалы сайлау өтіп, оның нәтижесінде Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес И. А. Каримов сайлаушылардың 90,39 пайыз дауысын жинап, тағы бес жылға Президент болып сайланған.

И. А. Каримов демократия талаптары мен Халықаралық критерийлерге толыққанды жауап беретін Өзбекстан Республикасы Конституциясының авторы ретінде оның тәжірибеде толыққанды жүзеге асуына шынайы кепіл бола білді. Кеңестік кезеңде артта қалған аграрлық ел тек мақта монополиясына ғана мән беріп, астық пен энерготасымалдағыштарға тапшы болғаны баршаға белгілі. Президент экономикалық тәуелсіздіксіз саяси тәуелсіздікті қамтамасыз етуге болмайтынына бек сенімді еді. Экономикалық дамудың белгілі бес принципіне негізделген «өзбек үлгісін» жасаған ол «Реформа реформа үшін ғана емес, халық игілігі үшін қызмет етуі тиіс» деген қағидатты берік ұстанды. Ел экономикасы, білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнер, спорт, туризм салаларының қарыштап дамуына сүбелі үлес қоса білген білікті басшы болатын.

Сарабдал саясаткер И. А. Каримов – «Тәуелсіздік жолында: проблемалар мен мұраттар», «Өзбекстанның дербестігі мен даму жолы», «Тәуелсіздік және руханият», «Түркістан – біздің ортақ үйіміз», «Өзбекстан тәуелсіздік жетістіктерінің алдында», тағы басқа көптеген еңбектердің авторы. Тәуелсіз мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерін қалыптастыруға, оның Халықаралық қарым-қатынастарын орнықтыруға, ішкі тыныштық пен татулық ахуалды орнатуға айтарлықтай үлес қосқаны баршаға белгілі. Сыртқы саясатта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Түркі халықтары мемлекеттері басшыларының саммиттері мен кездесулерін белсенді ұйымдастырушылардың бірі ретінде танылды. 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда ТМД, 1992 жылы 10 мамырда Ашхабатта Орталық Азия Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымын, 2001 жылы 14 маусымда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын (1996 жылы 26 сәуірде «Шанхай бестігі» ретінде дүниеге келген) құруға қатысты. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық қордың жұмыстарына белсене атсалысты.

Кез келген мемлекеттің экономикасы мен саясаты сол елдің Президентіне тікелей байланысты болатыны баршаға белгілі жайт. Осы тұрғыдан алғанда И. А. Каримовтың ұстанымдары мен саяси көзқарастарын былайша бағалар едік. Ширек ғасырдан астам уақыт билік жүргізген Өзбекстан Президенті И. А. Каримов кеңестік кезеңнен бастап саяси билікті тұрақты атқарған қайраткер ретінде бағаланады. Оның Президенттік кезеңі – Өзбекстанның тәуелсіз даму дәуірі болып есептеледі. Осы мерзімде егемен елдің ұлттық идеологиясы қалыптасып, дамуындағы басты ұстанымдар айқындалып, ішкі-сыртқы саясаты тұрақтанды деуімізге әбден болады. Біз И. А. Каримовтың негізгі саясаты – мемлекеттің тұрақтылығын сақтау деп қадап айтуға тиіспіз.

Өзбекстан Президентінің ел басқару тарихын ХХ ғасырдың соңындағы он жыл және ХХІ ғасырдың басындағы кезең деп екіге бөліп қарастыруымызға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында қиындықтар мен кедергілерден түбегейлі құтылу үшін өтпелі саясат жүргізуге тура келді. Соған сәйкес өткен ғасырдың соңғы он жылдығында И. А. Каримовтың атқарған саясаты – ішкі тұрақтылыққа қол жеткізу, «радикалды исламшыл оппозицияны» ыдырату бағытында болды. Ол елдегі жағдайды «тәжік сценарийі» бойынша өрбуіне жол бермеу, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аймақтық орнықтылықты сақтау, сонымен қоса-қабат Өзбекстанда көне тарихтан бері орын алып жүрген жершілдікке тойтарыс беру арқылы өзінің саяси келбетін қалыптастыра алды. Тәуелсіз Өзбекстан тарихының алғашқы саяси кезеңін осылайша сипаттай аламыз. «Жершілдікке тойтарыс беру» ұстанымы И. А. Каримовтың биліктегі беделін биіктетіп, абыройын асқақтата түсті. Жоғары техникалық білімімен қоса-қабат жоғары экономикалық білімі бар, экономика ғылымының кандидаты, білікті басшы ретінде ол экономикалық саясатты белсене жүргізуге қабілетті Президент болатын. Сол себепті де ел тізгінін ұстаған кезде мемлекеттің өтпелі кезеңдегі нарықтық экономикаға қадам жасауға негізделген, елдің экономикалық дамуына сәйкестендірілген салиқалы саясат жүргізе білді дер едік.

И. А. Каримов нарықтық қатынасқа өтудің «өзбектік үлгісін» қолданды. Былайша айтқанда, саясатқа қарағанда экономиканың басымдығы; өтпелі кезеңде мемлекеттің жетекші рөлінің сақталуы; әлеуметтік барлық саланы, көпбалалы отбасыларын, зейнеткерлерді, әйелдерді, студенттерді және білім, ғылым, денсаулық сақтау, спорт, туризм салаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатты белсенді жүзеге асыру; заңдардың орындалуы және олардың қоғамның тыныс-тіршілігі үшін тиімді болуы; нарықтық қатынастарға өту бағдарламасының кезең-кезеңімен және сатылы түрде жүйелі жүзеге асырылуы. Осылайша өзбек жұрты И. А. Каримовтың басшылығымен саясатта да, экономика мен әлеуметтік салаларда да өзгеге ұқсамайтын өзіндік даму жолымен алға қарай жылжыды. Экономист мамандар өткен 25 жылдың ішінде елдің ішкі жалпы өнімі 27 миллиард доллардан 93 миллиард долларға дейін, яғни 3,5 есеге жуық өскенін, соңғы уақытта оның жыл сайын сегіз-тоғыз пайызға өсіп отырғанын, өнеркәсіпте: мақта-мата шығару, мәшине жасау, газ өндірісі мен химия, энергетика, жол-құрылыс салаларына ерекше көңіл бөлетінін тілге тиек етеді.

1996 жылы оңтүстіккореялық «Daewoo» фирмасымен бірлесіп өндірістік қуаты жылына 200 мың жеңіл автомобиль шығаруға жететін зауыт іске қосылды. Сонымен қатар автомобильдерді жабдықтауға арналған бұйымдар жасайтын кәсіпорындар құрылып, жүк автомобильдері мен автобустар шығаратын зауыттар салынды.

Өзбекстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең мықты индустриалды-аграрлық мемлекет. Ауыл шаруашылығы мақта, күріш, жүзім, жеміс-жидек, көкөніс өсіруге маманданған. Мұнда тамырлы өсімдіктердің 4800 түрі бар. Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығындағы жетекші сала болып саналады. Қаракөл қойын өсірумен айналысады.

Елдің негізгі өнеркәсібі – мәшине жасау, қара металлургия, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі. Республика табиғи ресурстарға өте бай. Бүкіл Орталық Азиядағы газ конденсатының 74 пайызы Өзбекстанның үлесіне тиеді. Табиғи газды өндіру көлемі 56,5 миллиард текше метрді құрайды. Ел аумағынан жалпы ұзындығы 4000 шақырымды құрайтын тоғыз ірі газ құбыры өтеді. Соның аса маңыздылары: Орталық Азия – Орталық және Бұхара – Орал құбырлары. Алтын қоры жөнінен ол төрткүл әлемде төртінші, уран қоры бойынша жетінші-сегізінші, жез қоры жөнінен 11-орынды иеленеді. Бұдан бөлек күміс, мұнай, көмір, сан түрлі металл рудалары, тағы басқа пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Қысқасы,мұнда Дмитрий Иванович Менделеев кестесіндегі барлық элементтерді табуға болады. «Ақ алтынға» баланатын мақта талшығын өндіру көрсеткіші бойынша төрткүл әлемде төртінші, оны экспортқа шығару жөнінен екінші орында. Табиғи газ, алтын, тағы басқа түсті металдар, химия және мұнай-химия өнімдері, мақта талшығы, жібек шикізаты, жүн, қаракөл елтірісі, жеміс-жидек, көкөністерді экспортқа шығарады. Тек қана жеміс-жидек пен көкөністен жылына жалпы құны 1,5-2 миллиард доллар табыс табады. Өз кезегінде азық-түлік, шикізат секілді өнімдерді сырттан алады. Басты әріптестерінің арасында ТМД елдерімен қатар Германия, Түркия, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония, Иран да бар.

Тәуелсіздік жылдарында Өзбекстан Республикасының экономикасы дерлік алты есеге дейін өсті. Соның ішінде өнеркәсіп өнімдері 14 пайыздан 34 пайызға дейін көтерілді. Дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарысына қарамастан жалпы ішкі өнім соңғы 11 жылда сегіз-тоғыз пайыздан төмендеп көрген емес.

Соңғы он жылда Өзбекстанда 20 000-нан астам нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде:

— 7440 жалпы білім беретін мектеп;

— 1824 кәсіптік колледж бен академиялық лицей;

— 1951 балалар спорт кешені;

— 949 аурухана;

— 3708 ауызсумен қамтамасыз ету нысаны бар.

И. А. Каримовтың билік жасап тұрған кезінде елде Үстірт, Шортан газ-химия кешені, Бұхара мұнайды қайта өңдеу зауыты, Қоңырат сода зауыты, Диқанабад калий тыңайтқыштары зауыты, Әндіжан, Самарқан, Ташкент, Хорезм облыстарында автомобиль зауыттары салынды. Ангрен-Пап (Қамшык тау асуы арқылы өтетін ғажайып тоннель), Ташгузар-Байсун-Құмқорған; Ташкент-Самарқан, Ташкент-Бұ-хара, Ташкент-Қарши бағыттары бойынша жоғары жылдамдықтағы теміржол желілері пайдалануға берілді. Халықаралық әуежайлар қайта жаңғыртылды. Науаи әуежайының негізінде Халықаралық логистика орталығы және Өзбек Ұлттық автомагистралы құрылды. Осылайша Өзбекстан төрткүл әлемдегі жедел қарқынмен дамып отырған үздік бестікке еніп отыр.

Жер иеленушілердің шынайы жаңа табы – фермерлік қозғалыс қалыптасты. Ауылды көркейту, көріктендіру жолында төрткүл әлемде теңдессіз керемет тұрғын үйлер кешенін салудың негізін қаланды.

Елде шағын және орта бизнес айрықша қарқынмен дамыды. Халқы кәсіпке барынша икемделіп алды. Бүгінде елдегі ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамын жекеменшік, шағын және орта бизнес өкілдері құрап отыр. Бұл бір оңды саясаттың белгісі шығар деп ойлаймыз.

И. А. Каримов Жоғары бас қолбасшы ретінде елде тыныштықты сақтауға айтарлықтай үлес қосты. Өзбектер өздерін «әскери қуатымыз мықты елміз» деп санайды.

Кадрлар даярлаудың кең көлемді Ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылды. Заманауи өскелең Халықаралық стандарттарға негізделген білім беру жүйесі түбегейлі реформаланды.

Рухани құндылықтар, мәдени мұра, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер лайықты түрде дәріптелді. Туристік әлеуеті үлкен елде 7,3 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Діни, экологиялық, ағартушылық, этнографиялық, гастрономиялық, тағы басқа туризм түрлерін дамытуға мүмкіндік мол. Ишан-кала, Бұхара қаласының тарихи орталығы, Шахрисабз қаласындағы тарихи орындар орталығы, Самарқан қаласындағы мәдени орындар орталығы, Батыс Тянь-Шаньдағы Шатқал қорығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұраларының тізіміне енген. 2006 жылы Қарши қаласының 2700 жылдық, 2007 жылы Маргилан қаласының 2000 жылдық мерейтойларын атап өтілді.

Саңлақ спортшылар бокс, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика, еркін күрес, самбодан жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Олар Азия, Әлем чемпионаттары, Азия ойындары, Халықаралық жарыстар мен Олимпиадалардан жүлдемен оралып жүр.

Азаматтық қоғам институттары қалыптасты. Махаллалардың мемлекет және қоғамды басқарудағы беделі барынша көтеріліп, олардың құқықтары мен өкілеттіктері кеңейді.

Қазіргі таңда өзбектің палауы, атлас матасы мен тағы басқа тауарын төрткүл әлемнің қай жерінен болсын таба аласыздар. Алыстағы Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында «Ташкент» деп аталатын мейрамхана бар екен. Ресей Федерациясының астанасы – Мәскеуде бөденеден палау жасайтын мейрамхана жұмыс істейді. Әсіресе ерте пісетін жеміс-жидектері мен көкөністерін өзгелер секілді қазақстандықтар да ыстық ықыласпен сатып алады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларына барсаңыздар, қазақтың ұлттық тағамдарымен бірге өзбектердің буы бұрқыраған палауымен қоса-қабат өрік, мейізі мен қызанақ, қияры молынан сатылатынын жұрттың бәрі жақсы біледі.

Соңғы жылдардың көлемінде Өзбекстандағы кен орындарын жаңаша технологияларды қолдана отырып пайдаланудың арқасында 4 миллиард долларға негізделген жобасы шетелдік инвесторлармен қаржыландыру жоспарланған. Дүниежүзілік банкпен екіжақты ынтымақтастық жөнінде құрылымды келісім жасалып, құны 6 миллиард болатын 28 жобаға қол қойылған. Мұндай игілікті қадамдар Өзбекстан экономикасының белестеріндегі жаңа беталыс деуімізге әбден болады.

Бұл елде Шығыстың жеті жұлдызы деп дәріптелетін Әлішер Науаиді, Әбілқасым Фирдоусиді, Әбдірахман Нұриддин ибн Ахмад Жәмиді, Захир әд-дин Мұхаммед Бабырды, Әбу Әли ибн Синаны (Әбу Әли Хусейн ибн Абдаллах – Авиценнаны), Алпамыш батырды (ол жайында көркем фильм шығарылып, эпостық дастанның 1000 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілген), кезінде жарты әлемді билеген талантты қолбасшы, дарынды саясаткер Әмір Темірді (Екінші Мекке саналатын рухани астанамыз – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салдырған; ұлы сайыпқыранның 660 жылдық мерейтойының құрметіне Ташкентте оған арнайы музей салынып, бірқатар қалаларда еңселі ескерткіштер орнатылған), атақты астроном әрі математик Ұлықбек Тарағайды (әйгілі Әмір Темірдің немересі), Самарқан билеушісі Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлын (ол Шер-Дор және Тилла-Қари медресесін салдырған), кеңестік кезеңде ширек ғасырға жуық республикаға басшылық жасаған Шараф Рашидовты (Ислам Абдуганиевич Каримовтың бастамасымен оның сүйегі Ташкенттегі Орталық алаңға қайта жерленіп, ескерткіші орнатылды, 75 жылдық мерейтойы өткізіліп, оған жан досы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты арнайы шақыртып, су жаңа қара сүліктей «Волга» жеңіл автокөлігінің кілтін ұсынған, өз кезегінде Димекең оны сондағы жетім балалар үйінің директоры Дилбар ханымға сыйға тартқан), ақын-жазушылардан – Ахмет Югнакиді, Құтыбты, Тұрды Фарогиді, Күлханиді, Мунис Хорезмиді, Дүрбекті, Агахиді, Надираны, Увайсиді, Махзунаны, Мұхаммад Аминқожа Мұқимиді, Закирджан Халмухамедовты (Фурқатты), Дилшадты, Садриддин Айниді, Абдулла Қадыриді, Мұса Ташмұхамедовты (Айбекті, Мұхтар Әуезовтің жан досы), Ғафур Ғұламды (Сәбит Мұқановтың жан досы), Хамид Алимжанды, Абдулла Қахарды, Камиль Яшенді, Ұйғынды, Шухратты, А. Рахматты, И. Рахимды, Максуд Шейхзадені, Мирмухсин Мирсаидовты, Миртемир Турсуновты, Зүлфия Исраилованы, Асхад Мухтарды, Тураб Туланы, Шукурулланы, Назир Сафаровты, З. Фатхуллинді, Б. Рахмановты, С. Азимовты, Хамид Ғұламды, М. Исмаилиді, Ж. Шариповты, Пірімқұл Қадыровты, К. Мухаммадиді, К. Хикметті, П. Момынды, Х. Нәзірді, А. Хашимді, Абу Мұхаммед Абдал-лах ибн Мушрифаддин Саадиді, А. Шарафутдиновты, Ю. Сұлтановты, Иззат Сұлтанды, Камиль Якубовты, А. Қаюмовты, В. Абдул-лаевты, Абдулла Ариповты, Эркин Вахидовты, Адыл Якубовты, Насыр Фазыловты, Тимур Фаттахты, Сабир Абдулланы, сұңғыла суретші Орал Таңсықбаевты, кинорежиссер Камил Ярматовты, композитор әрі дирижер Мұхтар Ашрафиді, атақты актер Аброр Хидоятовты, әйгілі әнші-бишілер – Халима Насырованы, Тамара Ханумды (Петросянды, Шара Жиенқұлованың жан досы), Мукарамма Тұрғынбаевны, өзбек эстрада өнерінің негізін салушы Батыр Закировты, атақты «Ялла» ансамблін (көркемдік жетекшісі – Фаррух Закиров), өнер жұлдыздары – Юлдуз Усмонованы, Шахзадоны, актер Бақтияр Ықтияровты, қызықшылар – Ергаш Каримовты, Хусан Шариповты, Мырзабек Халмедовты, Обид Асомовты, белгілі былғары қолғап шеберлері – Руфат Рискиевті, Артур Григорянды, футболшылар – Геннадий Красницкийді, Берадор Абдураимовты, Миржалол Қасымовты, төрткүл әлемге танымал футбол төрешісі Равшан Ирматовты, шахматшы Рустам Қасымжановты, тағы басқаларды айрықша мақтаныш тұтады.

*   *   *

Ел Президенті И. А. Каримов № 1 “Узбекистон Қахромони» атағын алып, «Буюк хизматлари учун», «Мустакиллик» және Әмір Темір ордендерімен марапатталды. Өзбекстан Ғылым академиясының мүшесі ретінде экономика, ғылым мен білімді, әдебиет, мәдениет, өнерді, спорт, туризмді өркендетуге белсене атсалысты. Италия, Латвия, Ресей, Оңтүстік Корея, Грузия, Литва, Испания, Польша, Америка Құрама Штаттары, Украина, Сербия, Түрікменстан мемлекеттері мен аса беделді Халықаралық ұйымдардың орден-медальдарымен наградталды. Бірқатар шетелдік Ғылым академияларының академигі, жоғары оқу орындарының Құрметті ғылым докторы, профессоры, Сеул қаласының Құрметті азаматы атанған.

И. А. Каримов Өзбекстанды, туған халқын, сонымен қатар бауырлас туысқандарды да жан-тәнімен сүйген шынайы патриот болатын. Оның «Өзбекстан – жәннат мекен», «Өзбекстан –келешегі кемел мемлекет», «Елім деп, жұртым деп жалындап жасау керек», «Бізден азат та абат Отан қалсын» деген қанатты сөздері халық жадында мәңгілікке жатталып қалды. Сонымен қатар ол «Өзбекстанды өзбектен артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан да шетелдің ақылының бізге керегі жоқ», «Өз елімізді шетелден келген сарапшыларға қарағанда өзіміз әлдеқайда артық білеміз», «Орталық Азия аймағында бес тәуелсіз мемлекет бар. Біз олардың егемендігі мен дербестігін өзіміздікі сияқты құрметтейміз», «Біз мыңдаған жылдар бойы қырғыздармен, тәжіктермен, түрікмендермен, қазақтармен бейбіт өмір сүріп келдік», «Қазақтан жолдасың болса жолда қалмайсың» деген даналық сөздерді де жиі айтатын.

Жеке өміріне келетін болсақ, И. А. Каримов екі рет шаңырақ көтерген. 1964 жылы үйленген бірінші әйелі Наталья Петровна Кучмиден бірі ұлы бар. Бейресми деректерге сүйенсек, Петр Исламович Каримов бүгінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында тұратын көрінеді.

1967 жылы ықпалды отбасынан шыққан, мамандығы экономист Татьяна Акбаровна (Каримоваға) үйленеді. Ол Өзбекстан Ғылым академиясының экономика институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген. Экономика ғылымының кандидаты. Қосымша қоғамдық жұмыстармен айналысқан. Бүгінде зейнетте. Олардың қос қызы бар. Гулнар Исламовна Каримова (1972) Гарвард университетінің магистратурасын тәмамдаған. Саясат ғылымының докторы. 2010-2011 жылдары Өзбекстанның Испаниядағы елшісі болып қызмет атқарған. Әшекей бұйымдарының дизайнымен айналысқан. Оның ұсыныс-бастамасымен Ташкентте халық салт-дәстүрлерінің орталығы құрылған. Өлең жазады, сурет салады, әншілік өнері де бар. Каратэден төртінші данға ие. Оның бірінші некесінен Ислам (кіші Ислам Каримов 1993 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген) деген ұлы мен Иман атты қызы бар. Екінші қызы Лола Исламовна Каримова-Тилляева (1978) – Ташкенттегі Әлемдік экономика және дипломатия университетінің түлегі. Психология ғылымының кандидаты, дипломат. Өзбекстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі. Ол да өзінің қайырымдылық жұмыстарымен және мәдениет пен спортты қолдауымен елге танымал. Мариям және Омар есімді перзенттері бар.

*   *   *

Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті И. А. Каримов 2016 жылы 2 қыркүйекте ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Ол ертеңіне Самарқандағы Хазрет-Хзыр мемориалдық кешеніне жерленді. Егемен елдің халқы үш күн бойы қара жамылып, аза тұтты. Бұған бауыр-лас туысқан өзбек халқымен бірге төрткүл әлем жұртшылығы қатты қайғырды. Мемлекет басшылары мен аса беделді Халықаралық ұйымдардың жетекшілері көңіл айту жеделхаттарын жолдады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті И.А. Каримовтың қайтыс болуына байланысты Өзбекстан Республикасы Парламенті (Олий Мажлис) Сенатының Төрағасы Нигматилла Юлдашевке көңіл айту жеделдатын жолдады.

Онда Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасының Президенті И. А. Каримовтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын айтқан.

«Қазақстандықтар бұл мезгілсіз әрі орны толмас қазаның ауыртпалығын бауырлас Өзбекстан халқымен бірге бөліседі. 30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досымнан айырылғаныма қайғырамын», – делінген көңіл айту жеделхатында.

Сондай-ақ, Н. Ә. Назарбаев елдің экономикалық әлеуетінің дамуына, оның Халықаралық беделінің өсуіне, қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал еткен ауқымды өзгерістердің жүзеге асырылуы Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің бастауында тұрған И. А. Каримовтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өткен.

«Ол өзінің бүкіл өмірін туған халқына қалтқысыз қызмет етуге арнады, әрдайым Қазақстанның сенімді досы болды және біздің халықтарымыздың арасында достық пен тату көршіліктің нығая түсуіне үлкен үлес қосты», – делінген жеделхатта.

Соңында Қазақстан Президенті И. А. Каримовтың туыстары мен жақындарына және елдің басшылығы мен бауырлас Өзбекстан халқына қатты қайғырып көңіл айтқан.

13 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Самарқанға Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті И. А. Каримовтың рухына тағзым ету үшін арнайы барды. Н. Ә. Назарбаев И. А. Каримов жерленген орынға гүл шоғын қойды.

Мемлекет басшысы жиналғандарға арналған сөзінде И. А. Каримовпен екеуін ұзақ жылдар бойы берік достық, шынайы түсіністік, өзара тілеулестік байланыстырып келгенін айт-қан.

– Өзбекстандықтардың келер ұрпағы, келесі буыны И. А. Каримовты әрдайым есте сақтайды деп сенемін. Оның артта қалған мол мұрасын, мемлекеттік қызметінің нәтижелерін кейінгі ұрпақ зерттеп-зерделеп, атқарған істерін өзбек халқының тарихына алтын әріптермен жазады. Ол бүкіл әлемге танымал көшбасшы болды, ел экономикасының қалыптасуы мен дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы оның есімімен тығыз байланысты. Біз ұлы адамнан айырылдық, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Н. Ә. Назарбаев бауырлас елдердің арасындағы тарихи және стратегиялық байланысты нығайту жолында Өзбекстанның Тұңғыш Президенті баға жетпес рөл атқарғанына тоқталған.

– Қазақ пен өзбек халқы әрдайым бір-бірімен етене жақын болды. Ислам Абдуганиевич екеуміз 1992 жылы 24 маусымда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы» Келісімге қол қойдық, біздің қарым-қатынасымыз үнемі сол Келісімге негізделді. Қазақстан әрқашан өзбек халқымен қанаттасып, қатар келеді және солай бола береді. Біз Сіздермен барлық қуанышты бірге бөлісіп, қиын кездерде бірге қайғырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Н. Ә. Назарбаев И. А. Каримовтың отбасымен кездесіп, Қазақстан халқының және өзінің атынан шын ниетімен көңіл айтқан.

Тәуелсіз Өзбекстан мемлекетінің негізін қалаушы, аса көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, өзбек халқының ұлы перзенті, Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Өзбекстан Қаһарманы И. А. Каримовты мәңгі есте сақтау шаралары қызу қолға алынып отыр. Оның атындағы республикалық қайырымдылық қоғамдық қоры құрылған. Ташкенттің Янгиабад ауданына қарасты Фаргона йули көшесіндегі мешітке Ислом ота жоме масжиди деген атау берілді. Самарқанда ескерткіш және жерленген орнына құлпытас орнатылды. Ташкенттегі Оксарой резиденциясының (Узбекистон көшесі, 45) алдына да еңселі ескерткіші орнатылды. Осында И. А. Каримов атындағы ғылыми-ағартушылық мемориалдық кешен құрылып, бұл жерге оның атындағы республикалық қайырымдылық қоғамдық қоры жайғасты. Самарқан қаласында И. А. Каримов кесенесі мен музейін ашу жоспарланған. Бір кездері өзі тәлім-тәрбие алған Ташкент мемлекеттік техникалық университетіне; Асака қаласындағы өзі негізін қалаған автомобиль зауытына; Ферғана қаласындағы өнер сарайына; Ташкент Халықаралық әуежайына; Қарақалпақстан Республикасы, Ташкент қаласы мен барлық облыс орталықтарындағы орталық көшелерге оның аяулы есімі берілді. Жыл сайын 30 қаңтарда – Өзбекстан Республикасы Тұңғыш Президентінің туған күні; ал 2 қыркүйекте – Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президентін еске алу күні ретінде атап өтілетін болды. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап И. А. Каримов атындағы мемлекеттік стипендия тағайындау; оның өмірі мен қызметіне арналған ғылыми және көркем дүниелер жасау, құжатты және көркем фильмдер шығару; портреті салынған арнайы пошта маркаларын шығару; Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президентін мәңгі есте сақтау шараларын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау шаралары қызу қолға алынып отырғаны қандай ғанибет. Алдағы 80 жылдық мерейтойына орай Самарқанда мемориалдық кешен ашылып, «Ислам Абдуганиевич Каримов – тәуелсіз Өзбекстан Республикасы мемлекетінің негізін қалаушы» тақырыбында Халықаралық ғылыми конференция өткізу, Қаршида ескерткіш ашу көзделіп отыр.

*   *   *

Енді қазақ-өзбек қарым-қатынастары туралы қысқаша әңгіме өрбітіп көрелік. Американдық белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский өзінің «Великая шахматная доска» атты еңбегінде Орталық Азия геосаяси болмысын сипаттай келе Қазақстанды «аймақтың қалқаны» десе, Өзбекстанды «аймақтың жаны» деген болатын. Шығыстың жұлдызы іспеттес Ташкенттің Шайхантаур деп аталатын шағынауданында қазақтың Ұлы жүзден шыққан атақты биі – Төле би Әлібекұлы, ал Науаи облысының Нұрата ауданында Кіші жүздің беделді биі – Әйтеке Байбекұлы мәңгілік мекендерін тапқан. 1992 жылғы 23 қарашадан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған. Елшіліктер жұмыс істейді. Өзбекстанның Қазақстанға деген көзқарасы жақсара түскенінің айғағы ретінде 2013 жылы 13-14 маусымда Ташкенттегі Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимараты ашылып, оның алдына қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың ескерткіші орнатылғанын айрықша атап өтер едік.

Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті И.А. Каримов Орталық Азиядағы бауырлас, туысқан республикалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, татулық пен достықты ту ете білген басшы болатын. Әсіресе Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға айрықша ықылас танытқан еді. Өзбекстан мен Қазақстан арасында саяси-экономикалық, әскери, мәдени, тағы басқа салаларда берік байланыстар орнаған. Қазақстанға минералдық өнімдер, электроника жабдықтары, тамақ өнеркәсібінің өнімдері, сан түрлі сусындар, мәшинелер, оның жабдықтары мен механизмдері әкелінеді. Өзбекстанға негізінен минералдық өнімдер, рудалар мен концентраттар, өсімдіктерден жасалған өнімдер, химия және онымен байланысты өнеркәсіп өнімдері тасымалданады. Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі жыл сайын еселеп артып келеді.

Қос Президенттің ұсынысымен 1991 жылдан Ташкентте қазақ тілінде республикалық «Достық туы», ал Шымкентте өзбек тілінде облыстық «Дустлик байроғи» газеттері шыға бастады. Кейіннен бұл басылымдар тиісінше, «Нұрлы жол» және «Жанубий Қозоғистон» деп аталды. Өзбекстан астанасындағы республикалық телевизияда қазақ тілінде «Дидар» деп аталатын хабар берілсе, Шымкенттегі «Оңтүстік» телеарнасында өзбек тілінде хабар таратылады. Сонымен қатар екі ел бір-бірімен радио хабарларын да алмасады.

1992 жылғы 24 маусымда Түркістан қаласында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы» Келісімге; 1994 жылғы қаңтарда Ташкентте «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы» Келісімге; 1997 жылы 10 қаңтарда Бішкекте «Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері арасындағы «Мәңгілік достық туралы» Шартқа; 1998 жылы 30 қазанда Ташкентте екіжақты қатынастардың негізі болып саналатын «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы» Шартқа және «Экономикалық байланыстарды кеңейту туралы» Келісімге; 2000 жылғы 21 сәуірде Ташкентте «Өзбекстан Қазақстанмен, Қырғызстанмен және Тәжікстанмен бірге терроризммен, саяси және діни экстремизммен, транспорттық ұйымдасқан қылмыспен және тағы басқа да тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін күштермен күресудегі іс-қимылды біріктіру туралы» Шартқа; 2002 жылы 9 қыркүйекте Астанада «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының кейбір учаскелерін делимитациялау туралы» Келісімшартқа және 1998 жылғы 30 қазанда Астанада «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы Шарттың орындалу барысы туралы» Декларацияға; 2013 жылы 13-14 маусымда Ташкентте «Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы» Келісімге, тағы басқа да көптеген аса маңызды құжаттарға қол қойғанын бәріңіз жақсы білесіздер.

И. А. Каримов Қазақстанға достық сапармен әлденеше рет келді. Екі ел арасындағы туысқандық қарым-қатынасты жетілдіріп, жақсарта түсу үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевпен көптеген кездесулер өткізді. Өз кезегінде Н. Ә. Назарбаев та Өзбекстанға ресми сапармен бірнеше рет барып, екіжақты тиімді келіссөздер жүргізді. Халықаралық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін И. А. Каримов төрткүл әлемнің бірнеше елінің наградаларымен, соның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы 2 маусымдағы Жарлығымен берілген «Алтын Қыран» орденімен наградталды. Өз кезегінде ол 1998 жылғы 31 қазанда Қазақстан Президентіне Өзбекстанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Буюк хизматлари учун» («Сіңірген зор еңбегі үшін») орденін табыс еткен болатын.

Н. Ә. Назарбаев өзінің өзбекстандық әріптесі жайында: «Біз көрші бола отырып, тәуелсіздік жағдайында өз қарым-қатынастарымызды лайықты деңгейде қалыптастырдық. Қазақстан Өзбекстанның барлық бастамаларын қолдайды. Біз екі елдің арасындағы достықты нығайтып, сауданы кеңейтуге, өзара қарым-қатынастарды, соның ішінде ішкі және сыртқы қауіпсіздік және өзге де бағыттар бойынша қарым-қатынастарымызды дамытуға ықыластымыз. Бүкіл аймақтағы тұрақтылық Қазақстан мен Өзбекстанның өзара қарым-қатынасына байланысты болғандықтан бұл келіссөздерге біздің елдеріміз де жіті көз тігіп отыр», – деп айтқан. Біздің де бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.

Әбдісаттар ТӘШІМБЕТ,

журналист, ақын, аудармашы,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *