ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ТӨКЕН ҚАЖЫ

Тұлға
1 076 Views

Қадірменді Төкен қажы Танаұлының есімі атыраулықтарға ғана емес, бүгінде бүкіл елге мәлім. Мәрттігімен және атымтай жомарттығымен аты шыққан абзал ағамыз жуырда сексеннің сеңгіріне келіп, айналасын ақылмен ұйытқан данагөй ақсақалға айналып отыр. Құдайға шүкір, Төкен ағамыздың абыздық қасиеті мен Алла жолындағы адалдық ғұмыры мен әрбір сөзі, іс-әрекеті оқырман қауымға орасан ой артып, үлгі болары сөзсіз. Сексен жылдық өмір көшінде көргені мен түйгенін қағазға түсіріп, келер ұрпаққа көрегендікпен жол сілтеген Төкен ағамызға Жаратқан Алла Тағала жар болғай!

Төкен қажы ағамыздың ел қамы, дін жолына жұмсаған қайырымдылық жұмыстары мен толағай еңбектеріне бұрыннан куә болып келемін.Сырттай сүйсініп, дұға етіп жүретінмін. Қажыға барғанын, қасиетті сапарда дақайырымдылығымен жұртты тәнті еткенінен хабардар едім. Жуырда киелі Атырауаймағына барған сапарымда ағамыздың ақ дастарқанынан дәм татып, өзімен жақындидарласудың сәті туды. Ағамыз қазақы қонақжайлылығымен Діни басқарманыңделегациясын үйінде қонақ етіп күтті, бар пейілін алдымызға тосты. Өзі ғанаемес, туған-туыстарының, дос-жарандарының да өзі секілді ел, дін үшін жанберуге даяр абзал жандар екеніне көзім жетті.

Тағдырдың сан түрлі сынақтарын бастан өткерген Төкен қажының өмірі мен қайрат-қажыры кімге болсын үлкен үлгі-өнеге. Әкесінен ерте айырылып, 15 жасынан бастап еңбекке араласқан. Вагоннан жүк түсіріп, ауыр жұмысты арқасына артты. Кейін қоймада қызмет етті. Одан кейін киномеханик, көлік жүргізуші болды. Осы кезде өзінің болашақ жан жары Дина апамызды жолықтырды. Бүгінде екеуінен өнегелі ұрпақ өрбіп, ардақты ата-әже атанып отыр. Ағамыз бір сөзінде өзінің жас кезінде тентектеу болғанын, алайда өмірінде темекі тартып, ішімдік ішіп, карта ойнап көрмегенін айтады. Кеңестік кезеңнің тәрбиесінде болған жандар арасында бұндай тазалықтың сирек кездесетіні белгілі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінде: «Уа, мүміндер! Расында ішімдік, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар – ластық, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», –деп бұйырады. Алла бұйырған харамнан тыйылып, сақтанған жанның берекесі артып, беделі өсетініне де, мінекей, осы қасиеттердің әсері болары сөзсіз. Төкен ағамыз– ішімдікке жолап көрмеген адамның да қандай лауазымды қызметтерді атқара алатынын ақадал еңбегімен көрсетіп берген жан.

Атақты ақын Фариза Оңғарсынова Төкен Танаұлының ең үлкен байлығы деп құдай қосқан қосағы Дина апамызды атаған екен. Шынында азаматтың абыройы адал жарына байланысты. Қазақта «Жақсы әйел жарының жақсысын асырар, жаманын жасырар», «Жақсы әйел ерінің есіктегі басын төрге сүйрейді» деген даналық сөздер бар. Дина қажы апамыз әрдайым ағамыздың жақсысын асырып келеді. Азаматын ардақтап, қандай қиын кезде де қасынан табылып, жан жолдасына айналды. Тіпті Төкен ағамыздың бес уақыт намазға жығылуына осы Дина апамыз себепкер болған екен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір өсиетінде жар таңдағанда «тектілігі мен діндарлығына» баса мән беру керектігін айтқан болатын. Расында да небір қиын-қыстау күндерде қасынан табылып, Төкен қажы ағамыздың төрдегі абыройына адал қызмет жасаған Дина қажы апамыздың да асылдың сынығы екенінде дау жоқ. Алла жолындағы сүйіспеншілік, адал жар деген осындай болмақ. Алла разы болсын!

Төкен ағамыздың намазға жығылуы оның қажылық парызына ұласты. Апамыз екеуі қасиетті қос шаһарда болып, ұлық парызын орындады. Бүгінде өңірдегі дін насихатына көптеген қолғабыс жасап келеді. Қайырымдылық шараларын көбейтіп, аймақтағы Ислам дінінің жанашыры, қолдаушысына айналып отыр.

Шынында, азаматты азамат ететін төккен тері, еткен еңбегі. Дінімізде иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым ретінде бағаланады. Қасиетті Құранның «Жұма» сүресінде: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер»,–деп, құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған.

Иә, қай заманда болмасын жан-жағына жұғымды адамдар болады. Олар елдің, жердің қамын ойлауды өздерінің азаматтық парызы деп біледі. Төкен Танаұлы ағамыз да –сондай елім, жерім, тілім, дінім деген азаматтардың бірі. Қара жұмыс істеп әбден шыңдалған азамат атқа қонғанда бар күш-жігерін елдің қамына жұмсады. Аймақта басшылық қызмет атқарған тұста жұрт пайдасы, ел игілігі үшін толағай жұмыстар атқарды. Көпке көмегі тиіп, көпшіліктің алғадай алғысын алды. Істеген еңбегін міндетсінген жоқ, есесіне жұрты оны көкке көтерді, құрметтеді, ардақтады, бағалады. Атырауға барған сапарымда бұған көз жеткіздім. Себебі қай атыраулықтан сұрасаң да, Төкен Танаұлының іскерлік, ұйымдастыру­шылық қабілетін, мекеме, өндіріс кә­сіпорын басшысы, аудан әкімі болғанын, аймақ игілігі үшін мол жұмыс атқарғанын жақсы біледі. Жерлестерінің ол кісіге деген құрметі ерекше, жылы пікірін ғана арнайды.

Бірер жыл бұрын жарық көрген өзінің ғұмырнамалық кітабына заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Шарапатынан халқына шашу шашып, ел намысы жолында еңбек етіп жатқан ақпейіл жанның қай тілеуін де Хақ Тәңірдің өзі жеткізіп жатқаны кәміл. Өз келешегіне өзі жол салып, ешкімнің жебеуі мен демеуінсіз адал еңбегімен жете алған қарапайым қазақ ұлының өмір жолы мен жан дүниесі кейінгі жеткіншектерге өнеге болары сөзсіз», – деп жазған екен. Қара сөз зергерінің ойып айтқан осы бір сөзі Төкен Танаұлының бүкіл бітім-болмысын, ғұмыр-ғибратын айшықтап тұрғандай!

Алла Тағала Төкен қажы ағамыз бен Дина қажы апамызға ұзақ ғұмыр нәсіп етсін! Ұрпақтарының қызығына тоймай, елдің ықыласына бөлене беруін жазғай! Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

төрағасы, Бас мүфти

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *