САЗГЕРГЕ СӘТ САПАР ТІЛЕЙМІЗ!

Әдебиет
1 181 Views

­­­­­­­­­Молдабек Жүнісбекұлы 1947 жылы 12 сәуірде қазіргі Шымкент қаласы Қаратау ауданы Өтеміс елді мекенінде дүниеге келген. 1965 жылы Сайрам ауданына қарасты Қарасу елді мекеніндегі Ордженикидзе атындағы орта мектебін бітірген. Еңбек жолын Сайрам ауданындағы «Ленинский путь» ұжымшарында колхозшы болып бастаған. 1969 жылы Түркістандағы индустриалды-педагогикалық техникумын бітіріп, техник-механик және өндірістік оқу шебері мамандығын алған. Арнайы жолдамамен Орал облысының Тайпақ ауданындағы Калмыково елді мекеніндегі № 184 СПТУ-де, кейіннен Сайрам ауданындағы № 68 СПТУ-де өндірістік оқу шебері болып істеген. Өскемен жол-құрылыс институтын бітірген соң 1978 жылы арнайы жолдамамен келіп Шымкент жүк-тасымалдау басқармасында аға инженер, бөлім бастығы, осы басқармасының партком хатшысы, Теңіз автокөлік мекемесінің бас инженері болып қызмет атқарған.       

1973-1975 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде ХХ ғасырдың ең алып құрылысы – Байкал-Амур теміржол құрылысына қатысқан. Зейнетке шыққанша бизнеспен айналысып, «Цептер» компаниясында менеджер болып қызмет істеген.    Отбасылы, зайыбы Мағиза Құмарқызы да зейнеткер. Жомарт, Олжас есімді ұлдары, Алина деген қызы, сегіз немересі бар. Перзенттері жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар.

Молдабек Жүнісбекұлы – сазгер, Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі. Қазіргі таңда қырыққа жуық ән жазған. «Ғарышкер Қазақстан» атты әндер жинағын баспаға әзірлеп отырған жағдайы бар. 2017 жылы 24 ақпанда Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда авторлық шығармашылық кеші өткен. Сонда 17 музыкалық туындысы орындалған. Қалалық «Шымкент келбеті» газетінде «Мәңгі жаса, Шымқала», «Ұстазым», республикалық «Президент және Халық» газетінде «Астана», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» атты әндері жарияланған.

Енді біз оның Қожа Ахмет Ясауидің сөзіне жазылған «Жаратушы жан – Алла» атты жаңа әнін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. Ал, сазгерге жазар әндер көбейсін дейміз.

Ізгі тілекпен,

республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы.

ЖАРАТУШЫ ЖАН – АЛЛА

Сөзін жазған Қожа Ахмет Ясауи (1042-1167)

Әнін жазған: Молдабек Жүнісбекұлы

1. Жаратушы жан – Алла,

Жарылқаушым ғаламда.

Мейіріңнен дәметем,

Кірпігімді жабарда.

Қайырмасы:

Әзірейіл төнгенде,

Қарқараға келгенде,

Көз жанарым сөнгенде,

Не істерміз, Құдай-ай?!

Не істерміз, Құдай-ай?!

2. Қиналдырмай жанды ал да,

Сапарымды оңда, Алла.

Жан кеудеден самғарда,

Тәнім жерде қалғанда.

Қайырмасы:

Жан тапсыру уайымын,

Әзәзілдің ойынын.

Сенен жәрдем болмаса,

Не істерміз, Құдай-ай?!

Не істерміз, Құдай-ай?!

3. Түстім талай арнаға,

Баттым талай харамға.

Бола алам ба панаңда

Жаратушы жан – Алла?!

Қайырмасы:

Менен рух тайғанда,

Тәнім жерде қалғанда,

Сұрақ-жауап алғанда,

Не істерміз, Құдай-ай?!

Не істерміз, Құдай-ай?!

4. Кеудеге тас басылып,

Жерге мәңгі жасырып,

Жиылған жұрт үйіне,

Кетер бәрі асығып.

Қайырмасы:

Жеті қадам ұзарда,

Мүңкір-Нәңкір сұрарда,

Сенен жәрдем болмаса,

Не істерміз, Құдай-ай?!

Не істерміз, Құдай-ай?!

5. Рухты тән қарсы алып,

Қылған күнәм жаншылып.

«Раббың кім?» деп періште,

Қысқан кезде сан сұрақ.

Қайырмасы:

Құл Қожа Ахмет мақтанба,

Нәпсі кірге батқанға!

Мақшар таңы атқанда,

Не істерміз, Құдай-ай?!

Не істерміз, Құдай-ай?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *