Түркістан қаласының әкімі Әліпбек ӨСЕРБАЕВ: МАҚСАТЫ АЙҚЫН, НӘТИЖЕСІ ТИІМДІ БАСТАМАЛАР

Билік
996 Views

(Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде нақтылаған тапсырмалары бойынша)

Ел Президентінің жүргізіп отырған сарабдал саясаты мен экономиканың түрлі саласындағы барлық реформалары қашан да ел әлеуетін арттыруға бағытталған.

Жуырдағы «Нұр Отанның» ХVIII съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның жеткен жетістіктеріне тоқтала келіп, тәуелсіз мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, әлемдік өркениеттің даму көшіне бағыттайтын батыл қадамдар жасады. Бұл басқосудың барысында 20 жылдағы партияның дамуы қорытындыланып, мақсаты айқындалды. Партияның мақсаты – елдің мақсаты. Партияның халықтық маңызына сай тұрғындар сөзі қашанда үстем – халыққа қызмет етеді. Партияның кезекті съезінде 10 жылға арналған«Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» жаңа бағдарламаны қабылдауы өте маңызды оқиға болып отыр. Бұл бағдарламада мемлекетімізді өркендету жолындағы бағыттарда партияның қосатын нақты үлесі мен орны айқындалған. Себебі біз елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосуға мүмкіндік беретін индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу үшін маңызды кезеңге аяқ басып отырмыз.

Осынау алқалы жиында Елбасымыз «Халқымның ертең емес, бүгін бақытты болғанын көргім келеді» деп қазақстандықтардың келешекке деген сеніміне мол серпін берді. Мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың астары әрбір нақты адамға арналатыны, оның өмір сапасын көтеруге бағытталатыны ақиқат. Сондықтан да Елбасы көтерген әлеуметтік жаңартулар мен реформалардың басты мақсаты – адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мұны біз болашақ бағдарымыз деп бағамдасақ одан ұтарымыз да көп, мүмкіндік те мол. Мемлекет басшысы соңғы кездері қоғамда көпті толғандырып жүрген өзекті мәселелердің түйінін тарқатып, кез келген мәселенің шешімі болатынына көзімізді жеткізді. Еліміздің әрбір өңірінің стратегиялық тұрғыдан маңыздылығына тоқтала келіп, жергілікті әкімдіктерге әлеуметтік проблемаларды табандылықпен шешуді тапсырды.

Бүгінде облыстың орталығы болған Түркістан халқының тұрмыс сапасын арттыру да кезек күттірмейтін мәселеге айналғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы нақтылаған тапсырмалар тұрғылықты тұрғындар әлеуетін көтеру мен қалаға жаңадан қоныстанушылардың баспана мәселесін шешуге септігін тигізетіні сөзсіз. Мәселен, та­бысы төмен көп балалы және толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала­лары бар отбасылар үшін баспана алу­дың қолжетімділігін арттырып, екі-үш пайызбен тұрғын үй заемдарын ұсы­нудың жеңілдетілген тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Елбасының бұл шешімі қаламызда тұрғын үй кезегінде тұрған сегіз мыңнан астам тұрғынның баспаналы болуға мүмкіндігін арттырады деп білеміз. Себебі, облыстың орталығында жаңадан қоныстанушылардың қатары күн санап артып жатқанын ескерсек, баспанаға сұраныстың бұдан да артатыны ақиқат. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілетін кепілдікті көмектердің ұлғайтылуы маңызды екені белгілі. Себебі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мәселесін шешудің тетігі – нақты әлеуметтік көмек көрсетуді белгілеу болып отыр. Осы бағыттағы мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік атаулы көмектің өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайызға дейін арттыруы өз тиімділігін көрсетеді деп білеміз.

Мемлекет басшысы көп балалы отбасылардың әлеуетін көтеруге көбірек басымдық берді. Бұл өте өзекті, өйткені демографиялық ахуал маңызды мәселелердің бірі. 2000 жылдарда демографиялық өсу экономикалық өсудің негізін құраған болатын. Сонымен қатар әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі қағидаты ретінде отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шаралары мен толық емес көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай туғызу тетігін қарастыру қазіргі таңда тұрғындар тұрмысын арттыру үшін қисынды шешім болып отыр. Себебі нарықтық қоғамның сипаты – адамдардың еңбекке қабілеттілігімен, кәсіпке бейімделуімен айқындалады. Бұл әрине қоғамның ілгерілеуіне мол септігін тигізеді. Сондай-ақ жиында Елбасы ерекше тоқталған денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық саласын дамыту, жергілікті жолдарды жөндеу – маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе тұрғындар тұрмысының жайлылығын арттыруда барлық тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуі мен кең ауқымды газдандыру жұмыстарын жүргізуді жандандыру маңызды басымдық болып табылады. Бұл бағыт Түркістан тұрғындарын жаппай табиғи газбен қамту шараларын жеделдетуге үлкен септігін тигізетін болады.

Елбасының съезде көтерген бастамалары ел дамуындағы жаңа бетбұрысты кезеңнің басталғанын көрсетеді. Мемлекеттік органдардың адамдардың мұқтаждығына ерекше көңіл бөліп, халықтың түйткілді мәселелерін қараусыз қалдырмауда партиямен бірлесе жұмыс жасауға шақыруы үлкен көрегендіктің белгісі дер едім.

Жалпы, «Нұр Отан» партиясының съезінде нақтыланған тапсырмалар мен шешімдер еліміздің тұрақты дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтық партияның жұмысының болашақ бағдарын да айқындайды деген сенімдеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *