АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІНЕ ЖОЛ БЕРГЕН БАС ДӘРІГЕР былқ етпей отыра бере ме немесе ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАР

Мәселе
1 612 Views

Түркістан облысының әкімі Ө. Е. ШӨКЕЕВ, Шымкент қаласының әкімі Ғ. Р. ӘБДІРАХЫМОВ,

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Е. А. БІРТАНОВ мырзалардың назарына!

АНА МЕН БАЛА ӨЛІМІНЕ ЖОЛ БЕРГЕН БАС ДӘРІГЕР былқ етпей отыра бере ме немесе ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАР

2019 жылы 23 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғашқы сапары – Түркістанға келіп, қаланы аралаған кезінде осында ана мен бала өлімі тіркелген. Осы қайғылы оқиғаға байланысты республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің редакциясы 2019 жылы 28 наурызда Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысына № 126 қызметтік хат жолдап, оған мына төмендегі сұрақтарды қойған болатын:

«1. Г. Е. есімді жүкті әйел мен оның сәбиінің өліміне қандай уәж айтасыз?

2. Бұған кінәлі медицина қызметкерлері кімдер және оларға қандай шаралар қолданылды?

3. Облыстың бас дәрігері ретінде өз тарапыңыздан осы мәселеге жауапкершілік аласыз ба?

Өйткені, ана мен бала өлімінің көрсеткіші – медицина саласындағы жұмыстың аса маңызды факторы болып саналады. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігінің назарында тұрған мәселе екені белгілі. Сол себепті басқарма тарапынан осы қайғылы оқиғаға байланысты толыққанды ақпаратты Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының талаптарына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз», – дегенбіз.

Бұл қызметтік хатымызды сол күні түс қайта аталмыш мемлекеттік мекеменің кеңсесіндегі Сүлеймен Мүсіретәліге қолма-қол табыстадық. Содан салалық басқарма басшысы, мамандығы бойынша дәрігер-педиатр Мұхан Кеңесбекұлы Егізбаевтың есігінің алдына келіп, оған жолығып, осы қайғылы оқиғаның жай-жапсарын білейін десек, Ақбота есімді хатшы қыз бізді оның кабинетіне кіргізбей қойды. Өзі ішке кіріп шығып, бар мәселені басқарма басшысының айтқанындай, тек баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова арқылы ғана білуге болатынын айтты. Сол арада басқарма басшысының орынбасары міндетін атқарушы Наушарман Сейілманқызы Боранбаева ары-бері жүгіріп, әбігерге түсті де кетті. Кейіннен ол жиналысқа кетіп қалды. Басқарма басшысының бірінші орынбасары Розия Қалыбайқызы Абытова: «Қызметтік хаттарыңызды қабылдап алдық қой. Енді оған жазбаша түрде жауап беретін боламыз. Ауызша жауапты басқарманың баспасөз хатшысынан аласыздар», – деп шығарып салды.

Сөйтіп, Түркістанда тұрмайтын, Шымкенттегі баспасөз хатшысымен ұялы телефон арқылы хабарласқанымызда ол: «Бүгін кеш болып қалды. Мәліметті ертең берейін», – деді.

Сонда дейміз-ау, біз сонау 180 шақырым жерден Түркістанға еріккеннен барғанымыз жоқ қой. Мұның үстіне қайғылы оқиға – ана мен бала өлімі тіркеліп отыр емес пе?! Біз барғанда өзінің жұмыс кабинетінде отырған аталмыш басқарманың басшысы, алдына келген журналистерді қабылдауға неліктен жүрексінді екен?! «Сезікті секірер» демекші, оның тұла-бойын белгісіз бір үрей басты ма екен?! Әйтпесе, орын алған мән-жайды баяндап, толыққанды ақпарат беруге болатын еді ғой. Тым болмаса, орынбасарларының біріне тапсырма беріп, мыналарға істің жай-жапсарын түсіндіріп беріңдер», – деуге де шама-шарқы жетпегені қалай?! Сонда оның басшы ретіндегі біліктілігі, ғалым ретіндегі ғибраты, тым құрығанда Гиппократ антын қабылдаған ақ желеңді жан ретіндегі парасат-пайымының, жауапкершілігінің жеткен жері осы ма?! Біз қайткен күнде де аталмыш басқарманың бірінші басшысының бұл өрескел іс-әрекетін түсінбей, дал болып қалдық.

Содан жолай Кентау қаласына қарасты Ынтымақ ауылындағы қайғы жамылған шаңыраққа ат басын тіредік. Отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айттық. Марқұмдарға Құран бағыштап, дұға жасадық. Отырғандардың әңгімесіне құлақ түрдік. Жас келіншек Шымкенттегі оқу орындарының бірінде тәлім-тәрбие алады екен. Қос бүйрегі ауыратын ол арнайы есепте тұратын көрінеді. Медициналық картасы Арыс қаласында екен. Оны Кентау қаласына әлі ауыстырып үлгермеген. Соңғы рет 12 наурыз күні тексеруден өткен. Наурыз айының аяғы мен сәуірдің басында босанғалы отырған екен. Бір күн бұрын көңіл-күйі көтеріңкі болған десті. Үй-ішілік жұмыстарын істеген. Ертеңіне таңғы сағат алты мен алты жарымның арасында ұйқысы мен толғағы қатар келіп, дүние есігін ашпаған перзентімен қосыла көз жұмған. Үйдегілер әрі-сәрі күй кешкен. Келіншек тілін жұтып қойған. Жұрттың бәрі сонымен әуре-сарсаңға түскен. Жедел медициналық қызмет көрсету мәшинесін шақырғанымен, олар келгенше қос жүрек те соғуын тоқтатқан. Сөйтіп, оларға ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген күйде үйінде бақилық болған. Жас ана да, бала да қыршын кеткен. Сөз орайы келгенде, биыл елімізде «жедел жәрдем» қызметі үшін мемлекет қазынасынан 27 миллиард теңге қаржы бөлінгенін тілге тиек ете кетейік. Бұл қомақты қаржының біраз бөлігі жаңадан құрылған Түркістан облысына да бөлінгені айтпаса да түсінікті шығар.

Сонда дейміз-ау, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина мекемелерінің, атап айтқанда, емхана мен перзентхананың акушер-гинекологтары мен мейірбикелері айы-күні жетіп, бүгін-ертең тұла-бойы тұңғышын жарық дүниеге әкелейін деп отырған жас ана мен оның сәбиінің күтімін неліктен тиісті талап деңгейінде атқармаған деген сауал туындайтыны айдан анық. Мұның үстіне медицина қызметкерлері бірінші рет босанайын деп отырған жас анаға айрықша қамқорлық пен күтім керек екенін қалайша ұмыт қалдырған?! Мемлекет қаржысы есебінен Оңтүстік Корея, Израиль, Ресейдің беделді деген медицина орталықтарына барып, біліктілігін арттырғандағы үйреніп келгендері осы ма екен?! Неліктен олар өздерінің ақ желеңдеріне қара дақ түсіріп алып отыр?! Сұрақ көп, жауап жоқ.

Аталмыш басқарманың баспасөз хатшысы Мира Сүлейменовамен қайта-қайта хабарласқанымызбен, одан мардымды жауап ала алмадық. 29 наурыз күні сөйлескенімізде бар айтқаны: «Арнайы офисім жоқ. Қазір біреумен сөйлесіп отыр едім. Қолым босағаннан кейін өзім хабарласамын». Тағы бірде: «Мен ешнәрсе білмеймін. Түркістанмен сөйлесіп көрейін. Ондағылардан жауап алғаннан кейін Сіздермен өзім хабарласамын», – дегенімен бізбен кері байланысқа шыққан жоқ.

Онымен 1 сәуір күні сөйлесіп, тағы да сұхбат алуға шақырғанымызда: «Түркістанда жиналыс болып жатыр екен. Облыстағылар жазбаша жауап жазамыз деп отыр. Әзірге ешнәрсе айта алмаймын», – дейді. Сонда қалай?! Басқармасы мен бар басшылығы Түркістанда, ал баспасөз хатшысы Шымкентте жайғасқан бұл қандай мемлекеттік мекеме?! Бірінші басшысы кабинетіне кіргізбесе, баспасөз хатшысы ресми мәлімет бермесе, сонда біз жауапты аспаннан аламыз ба, қайтеміз?! Тағы да сұрақ көп, жауап жоқ.

Ана мен бала өлімі – күншуақты өңір үшін бас ауыртар ауыр қатерлі дертке айналғаны қашан. Ел аузындағы әңгімеден естуімізше, кейбір аудандарда ана мен бала өлімін жасырған деген қауесеттер де кезігеді. Бұған сенгіміз келсе де сене алмаймыз. Осы мәселе жөнінде редакциямызға бірер ақпар келіп түскен. Олар жайлы газетіміздің алдағы сандарында баяндайтын боламыз. Ал, мұсылманшылыққа салынып, «Тағдыры солай екен. Алланың ісі ғой. Пешенесіне жазылғаны сол шығар», – деп жылы жауып қоя салғандары қаншама. Сөйтіп, мына қайғылы оқиғада да қос бірдей жанға ешқандай медициналық көмек көрсетілмей, үйінде бақилыққа аттанып отыр. Жас ана да, бала да қыршын кетті. Олардың обал-сауабы кімге?! Ал егер жас келіншек пен оның бойына біткен балаға медициналық көмек дер кезінде көрсетілген кезде жағдай басқаша болар ма еді. Біз бұл шаңыраққа көңіл айту үшін емес, шілдеханаға баратын ба едік, бәлкім.

Осы қайғылы оқиғадан кейін айқай-шу өршіп, тексерістер көбейген. Қылышын мезгілінен кеш сермеген салалық басқарма басшысы қоластындағы бас дәрігерлерді апшыдай қуырған. Соңғысы Кентау қаласындағы орталық аурухананың бас дәрігеріне де айтылып, «кет-кеттің» астына алған көрінеді. Негізінде, «Балық басынан шіриді» демекші, бар кінә жұмысты ұтымды ұйымдастыра алмай, бақылауды бәсеңдетіп, қадағалауды қатайтпай отырған басқарма басшысының тікелей өзінен емес пе екен?! Ана мен бала өліміне былқ етпей отырған басқарма басшыларының іс-әрекетіне қандай баға беруге болады?! Осы орайда, Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» №193- IV кодексінің талаптары өрескел бұзылып отырған жоқ па екен?! Тағы да сұрақ көп, жауап жоқ.

Жалпы алғанда, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті тірлігі түңілдіріп, толғандырып тұрған Түркістан облыстық медицинасы жайлы аз жазған жоқ. Бірнеше мәрте қызметтік хат та жолдағанбыз. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы тым төмен екені ешкімнен жасырын емес. Мемлекеттік сатып алу шаралары, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар да көңіл көншітпей тұр. Бұған мемлекет қазынасынан бөлінген қомақты қаржыны игеруде шикіліктер бары байқалуда. Тіпті, бағасы қымбат медициналық құрылғылар мен жабдықтарға қаржы аударылғанына қарамастан, оны да ала алмай отырған аудандар мен қалалар да баршылық. Біз бұлар жөнінде жазған қызметтік хатымызға толыққанды жауап ала алмай отырмыз.

Жаңа жылдың басында Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханаға түскен денесінің екі жерінен пышақталған әйелдің тағдыр-талайы жайын білу мақсатында жазған қызметтік хатымыз да жауапсыз қалған. Осы ауруханаға емделуге келген сайрамдық келіншек жатырынан айырылып, бала туу бақытынан мақрұм болған. Бүгінде оның туысқандары құқық қорғау органдарына шағымданып отырған жағдайы бар.

2016 жылы наурызда Шымкентте науқасты балағаттап, қабылдаудан бас тартқан дәрігер облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған. Шымкентте өз кабинетінде науқас пен оның туыстарын балағаттаған облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері М. Егізбаевтың бағы жанды. Ақ халатты қызметкер №11 сайлау округі бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлаған.

Айта кетейік, сол жылғы 15 наурыз күні ғаламторда М. Егізбаев мырзаның өз кабинетінде науқас пен оның туыстарын қабылдап, оларды балағаттай жөнелген бейнебаян тарап кеткен болатын. Науқас туысының «Сіз біздің орныңызға өзіңізді қойып көріңізші, айналайын бауырым», – деген өтінішіне «Маған ақыл айтпа!» – деп айғайлаған болатын. Осыдан соң, дұрыс ем көрсетілмеген науқастың қайтыс болғаны туралы хабарланған.

2017 жылдың күзінде облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері М. Егізбаев сол кездегі Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа берген уәдесін орындамастан, оны алдап соққаны тағы бар. Бұл жайлы NAR.TV сайты хабар таратқан. Алайда, ол жаңадан Түркістан облысы құрылған кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшы болып шыға келген. Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханадағы өзінің орынтағына сенімді ізбасарларының бірін отырғызып кеткен.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен науқастарға тегін таратылуға тиісті дәрі-дәрмектер мен сан түрлі препараттардың тапшы екені де ойлантады. Оны айтасыз, қант диабетімен сырқаттанатын жандарға арналған қазақша таңбаланған инсулин препараты көршілес Өзбекстанға заңсыз саудаланып отырғаны жайында жайсыз хабар тарағаны қашан. ZAKON.KZ cайтының жазуына қарағанда, биылғы 2 сәуірде Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртанов бұл оқиға жайлы тергеу амалдары жүргізіліп отырғанын мәлімдеген. Тіпті, 28 қылмыстық іс қозғалғанын да айтқан.

Республикадағы жаңа туылған сәбилердің 15 пайызы Түркістан облысында дүние есігін ашатыны белгілі. Алайда, олардың әрбір оныншысы аз салмақпен әлжуаз болып туылатын көрінеді. Бұған жүкті әйелдерде жиі кездесетін қаназдық кеселін қосыңыздар. Сол себепті де болса керек, күншуақты өңірде ана мен бала өлімі оқиғалары өрши түспесе, тыйылатын түрі жоқ. Әрине, мұның бәрі адамзатқа сәби сыйлайтын аналарға айрықша қамқорлық пен күтім жасауды міндеттейді. Бұл әсіресе бірінші рет сәби сүйгелі отырған жас келіншектерге қатысты әңгіме екені айтпаса да түсінікті болса керек.

Мына жауап хатта басқармадағылар өздерін мүлде кінәсіз деп отырғанын (несұмдық!!!) қалай түсінуге болады?! Кінәлі болмаса, онда шетінен марапатталсын.Неліктен дәрігерлерге «кетші-кет» дейді, сөгістер береді. Негізінде, «жеделжәрдем» мәшинесі науқас жан(дар)ға он минут ішінде жетіп келуі тиіс. Мұны қайдақоясыз?! Жүкті әйелдер 12 аптадан кейін арнайы есепке алынып, ай сайын қатаңбақылаудан өтіп тұруы тиіс. Республика көлемінде көшіп-қонып жүргенімен, барғанжеріне ақпарат түсуі керек қой. Басқармадағылардың мәліметі бойынша мұндағы баркінә марқұм келіншектің жалғыз өзінде ғана сияқты болып тұр ғой. Мәйіттісот-медициналық сараптамадан өткізбеу соның нақты дәлелі іспеттес. Мұны аурудыжасыру болып табылады десек, әсте қателеспейміз. Егер істің бәрі де еліміздіңқолданыстағы заң талаптарына сай жүргізіліп, медицина қызметкерлері өзжұмыстарына асқан жауапкершілікпен атқарған кезде мұндай жантүршігерлік жағдайорын алмас па еді, бәлкім?! Басқарма басшысының аяқастынан демалысқа шығыпкетіп, бізге жолданған жауап хатқа басқарма басшысы орынбасарының міндетінатқарушы Н. Боранбаеваның қол қоюы да күдік-күмән тудырады.

Бұл салада бұдан басқа да сорақылықтар кезігуде. Жуырда Шымкентте 10 айлық нәрестеге ыстық сумен клизма жасаған медбике жұмыстан шеттетілді. Қазіргі уақытта балада бірінші-екінші дәрежелі термиялық күйік байқалады. Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқан жасына толмаған нәрестеге ыстық сумен клизма жасап күйдіріп алған медбикелер жұмыстан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 айлық бала 2019 жылдың 25 наурыз күні Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген.

Сол күні «ЖРВИ орташа ауыр» диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Ауруханада ем қабылдаған соң, баланың жағдайы жақсарып, үйге шығару жоспарланған. Бірақ, анасы дәрігерлерге баласының іш қатуына байланысты шағымданған. Кейін анасының айтуы бойынша баланың іш қатуына байланысты дәрігер тазалау клизмасын тағайындаған. Аурухана медбикесі 28 наурыз күні бұл процедураны жүргізу кезінде судың температурасын тексермеген.

Салдарынан баланы термиялық күйік шалған. Қазіргі уақытта балада бірінші-екінші дәрежелі термиялық күйік байқалады және тері жамылғысының бір пайыздан төмен. Баланы комбустиолог, балалар хирургі толық тексерді. Баланың диагнозы мен жай-күйін ескере отырып, тиісті емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізілуде. Баланың қазіргі жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық.

Оң динамикалық өзгерістер байқалады және бала тиісті емін одан әрі жалғастыру үшін Түркістан облыстық балалар ауруханасының бейінді бөліміне ауыстырылған. Шымкент қалалық ДСБ-ның мәліметінше, баланың жағдайында республикалық ұйымға ауыстыруды талап етпейді.

Ата-аналармен және қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 10 айлық балаға ыстық сумен клизма жасаған 7-бөлімшенің екі медбикесі және аға медбике тергеу аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетілді.

«Аурухананың медицина қызметкерлері мен ұйымның лауазымды тұлғаларына қатысты қабылданған шаралар туралы Шымкент қаласы бойынша ҚДСД-нің тексеру аяқталғаннан кейін хабарланатын болады.

Аталған факті бойынша ішкі аудит комиссиясымен ЖАА-да қызметтік тексеру жүргізілді, сонымен қатар Шымкент қалалық ДСБ-ның қатысуымен Шымкент қаласы бойынша ҚДСД тарапынан нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес және еңбек кодексі бойынша тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады Шымкент қалалық ДСБ-ның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Шымкент қаласында жұқпалы аурулар ауруханасында медбике бір жасқа толмаған нәрестеге қайнаған сумен клизма жасап күйдіргені туралы хабарланған болатын.

* * *

Ұзын сөздің қысқасы, тірлігі түңілдіріп тұрған Оңтүстік өңіріндегі денсаулық сақтау басқармаларына өскелең заман талабына орай реформа жасау қажет сияқты. Сөйтіп, бұл салаларға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдері басты назарға алып, жұмысты ұтымды ұйымдастыратын, кездескен кедергілерді батыл түрде шеше алатын, қоғам үшін ашық, білімді де білікті басшыларды таңдап, тағайындайды деген үкілі үмітте қаламыз әзірге.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Шымкент – Түркістан – Шымкент.

P.S. Басылымның осы саны жарыққа шығуға дайындалып жатқан кезде редакциямызға 2018 жылы Түркістан облысы аумағында орын алған ана мен бала өлімі жағдайларын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы тарапынан жасыру фактілері орын алғаны жайлы сенімді дерек көздерінен ақпарат келіп түсті.

Бұл сұмдық жағдайларды ҚР Денаулық сақтау министрі мен облыс әкімі естісе денсаулық сақтау саласының басшыларын басынан сипай қоймасы анық.

Дегенмен, газетіміздің келесі санын күтіңіз, құрметті оқырман, Сіз үшін мәселені зерттеп, біліп, шындықтың шымылдығын ашатын боламыз! Себебі, халық денсаулығы – әрқашан біздің басты назарымызда!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *