Бельгияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ресми өкілдігі ашылды.
2019 жылы 1 сәуірде өкілдіктің ашылу салтанатына ЕҰУ-нің бірінші проректоры Әсемгүл Молдажанова, MERI негізін қалаушы Аксана Позднякова, Екатерина Царанока және Қазақстанның академиялық қоғамдастығы, Еуропалық Одақ өкілдері мен ресми тұлғалар қатысты. ЕҰУ-дің бірінші проректоры атап өткендей, бұл қадам отандық білім беруді әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялаудың негізгі факторларының бірі болып табылады және Еуропалық Одақ елдері мен Қазақстан Жоғары мектебін нығайтуға үлкен серпін береді. Еуропа төрінде өткен шара аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен MERI арасында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды.
Айта кеткен жөн, салтанатты шара барысында қазақстандық және еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Оған MERI директораты, ЕҰУ басшылары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетелде ашылған алғашқы Өкілдігі емес, бұған дейін оқу орнының Беларусь, Иран, Қытай, Түркия елдерінде білім және ғылым орталықтары ашылып, қазіргі таңда нәтижелі жұмыс атқаруда.
ЕҰУ-нің баспасөз қызметі.