ҚАЗАҚ ИМПЕРИЯСЫ

Рухани жаңғыру Тарих
2 142 Views

Орбұлақ сапарынан соң осы бір тіркес қайта-қайта тіл ұшына орала берді

 

Қызық. Өмірі ойыма келмеген бұл пайым қайдан пайда бола кетті? Белжайлау сұлудың бұрымдарындай бұратылған мың-сан мөлдір бұлақтар сыбырлады ма? Үйгентас аңғарында тарыдай шашырап жатқан тас қорымдар үндемей-ақ ұқтырды ма? Әлде адам аспас екі таудың арасын қоса, көсіле жантайған қытай қорғанындай биік әрі тік жотаның көк желкесін бойлай ұзына-бойы қазылған ор-шұқырдың әлі де көзге анық көрінетін бедер-сілемі ойтүрткі болды ма?

«Қазақ империясы!». Бойды үйрету үшін шығар, іштей сан рет қайталадым, дауыстап та айтып көрдім, ақ қағазға түсірдім…ақыры. Ешқандай тосындығы жоқ. Жібектей есіліп тұр. Еркіндікке жіберуді сұрайтындай…

I.

Бірде қазақ руханиятының жанашыры Бекет Тұрғараев Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш орнатуды қолға алыпты дегенді естідім. Тұрғараевтың сөзі жерде қалған емес. Бұл жолы да солай болды. Жоба қысқа мерзімде жасалып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы арнайы комиссияның талқысына ұсынылды. Астаналық сарапшылар нысанды жақсарта түсу бағытында бір-екі ұсыныс айтып, бекітіп берді. Енді Бекең Орбұлаққа барып, шайқас болған жерді өз көзімен көріп қайтуға бекінді. Шымкенттен біз ілестік. Алматыдан Орбұлақ шайқасын көптен бері зерттеп жүрген Бексұлтан Нұржекеев қосылды.

Қазақтың ұшы-қиырсыз ұлан-байтақ ұлы даласында жер бетінде болуы мүмкін ғажайыптар мен кереметтердің бәрі бар ғой, шіркін! Бірнеше қилы-қиын асу-белестерден, бірнеше қайнарлар мен өзендерден өткен соң қатар жатқан екі таудың арасына көсілген атақты Белжайлау көзге оттай басылды. Ұзына бойына көз жетпейді. Екі қапталы – биік таулар. Қаптаған сансыз бұлақтар. Сылдырай аққан шағын өзендер. Жер бедері жасыл кілемдей… Біз ғайыптан тайып XVI-XVII ғасырлардың біріне кіріп кеткендейміз. Әр бұлақтың басында бір-бір киіз үй. Өзендерді жағалай қонған малшылар. Қаптаған үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой-ешкі. Оларды бағып, қайырмалап, күзетіп жүрген жан жоқ. Әппақ киіздері алыстан менмұндалайтын қазақы үйлер. Жайлау сәнін бұзатын қора-қопсы, қоршау-шабақтар көзге шалынбайды. Біз мінген жол талғамайтын машиналар ғана уақыттың шамасын аңғартады. Жайлауда тіпті шыбын-шіркей де, жыртқыш аң-құс та жоқ. Бізге мұнда өріп жүрген қызыл-қоңыр қоңды сиырлар басқаша көрінді. Шетелден – Америкадан арнайы әкелінген мал тұқымы деседі. Өздері қазақтың осындай жерұйығына тап болғандарына дән риза сияқты, жерге қадала жайылуларынан гөрі тау самалына тұмсықтарын тосып, кекірейіп тұрулары көп. Есімізге Орбұлақтағы жеңістің 350 жылдығы мерекеленген күні қаламгер Әбіш Кекілбайұлы айтыпты деген сөз орала берді: «Қалмақ түгілі Құдайдың өзіне қимайтындай жайлау ғой мынау!».

Жайлауға сұғына енген тұста, «Үйгентас» деп аталатын жерде жолбасшымыз Бексұлтан ағаның айтып-көрсетуімен Салқам Жәңгір хан мен оның бір топ сардары жерленген төбеге жетіп, аялдадық. Ел тәуелсіздігі жолында шейіт болған ерлерге құран бағышталды. Алда Орбұлақ шайқасы өткен тарихи орын бар. Оған жақындаған сайын жол қиындай түсті. Бірақ «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, біршама уақыттан соң жұбы жазылмаған тобымыз биік жотаның төбесіне шықтық. Жеңістің 350 жылдығы тойланғанда белгітас қойылыпты. Жалғыз белгі сол ғана. Содан кейін екі таудың арасын қосып, аңғармен келгендердің жолын бөгеп жатқан жотаның көк желкесін қуалай қазылған 2 шақырымға созылатын ор-шұқырдың әлі де біржола өше қоймай, сайрап жатқан сілемі сақталыпты. Салқын жел етек-жеңді дамылсыз жұлқылаған жотаның басында тұрып, Орбұлақ шайқасына қатысты түрлі-түрлі рас-өтірігі, аңыз-ақиқаты аралас әңгімелерді еске түсірдік. Бұрын бұлдыраған кей жайлар айқындала түсті, бұрын шын көрінген кей сөздердің жалған екені байқала бастады. Орбұлақ биігіне бір шықпай-ақ, Орбұлақ туралы басылым беттеріндегі деректерді бір шолып шықпай-ақ, ол туралы білгішсініп айта беретін, айтқанда да туралықтан қиғаштай тартатын керауыздардың қазақ тарихын бұрмалаған әрекеттері әшкереленіп жатты. Әсіресе «ол ор-шұқырды қазақтар аң аулау үшін қазған» іспетті әңгімелер мүлде қисынсыз көрінді. Қазақ әскербасылары мен сардарларының Орбұлақ шайқасында қолданған әскери айла-тәсілдері атақты генерал, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі, соғыстың көкесін көрген қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовты қатты таң қалдырыпты. Қазақ әскерінің аз қолмен қалың жаудың жолын бөгегені ерекше айтуға тұратын ерлік, ерлік қана емес, ақылдылық, әскери өнердің бір биігі десе артық емес. Бірақ…

 

II.

Орбұлақ шайқасына қатысты ауызша әңгімелерді былай қойғанда, жазбаша деректердің өзінде бірізділік жоқ, әсіресе соңғы жылдары жарық көрген кітаптар қым-қиғаш қателерге толы. Тарихшы ағайындар бірін-бірі орынсыз көп қайталайды. Ол да ештеңе емес-ау. Тәуелсіздіктен бұрынырақ жазылған еңбектердің иелері көбіне-көп орысша хатқа түскен мәлімет-ақпараттарға иек артады және соларды ғана бұлтартпас дәлел ретінде ұсынуға құмбылдық танытады. Айналып келгенде жазба деректердің басым бөлігінің айтары Салқам Жәңгір хан Орбұлақта аз ғана әскермен, бар болғаны 500 сарбазбен жоңғардың Батур қонтайшы бастаған қалың қолын, яғни ұзын-саны 50 000 әскерін тоқтатты дегенге саяды. Сөйтеді де, 500 бен 50 мыңды бір-біріне қарсы қоюдың қисынсыздау екенін сезетін шығар, қазақ әскербасы таулы жердің жағдайын тиімді пайдаланды, ор қазды, таңдаулы 500 сарбаздың бір бөлігі сайда қалған жоңғарларға оқ жаудырды, ал хан бастаған екінші бөлігі басқыншылардың ту сыртынан, күтпеген тұстан соққы берді дегенді алға тартады. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы белгілі «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабына Салқам Жәңгір ханның Орбұлаққа 700 сарбазбен барғанын жазады. Бұл да шама-шама, екі қос уыс бір келі шығар, о заманда әр сарбазды тізіп, есепке алып отырған кім болды дейсіз. Қалай дегенмен сол заманның өкілі емес пе, ол қазақ-жоңғар қарым-қатынасының қыр-сырын кейінгілерге қарағанда дұрысырақ аша білген деп ойлаймыз. «Енді біздің бар тауарихымыз да, ғұмырымыздың ең бір өзекті шағы да осы ойраттармен, яғни орыстар бізге айдап салғандармен болды, – деп жазады Қазыбек бек. – Әйтпесе бізден бұрын өткен Тәуекел хан тұсында қалмақ та оған қараған. Ешбірі қыңқ дей алмаған… Орыс патшасының қалмаққа жаны ашып бара жатпаған-ды. Олардың көздегені: асты – кен, үсті – қаптаған мал қазақ жері… Осының ақыры біреуінің біржола құрып кетуіне, екіншісінің шамадан тыс қырылуына, сөйтіп әлсіреп, қабырғасы сөгіліп қалуына соқты», шынында да жоңғарды арғы жақтан Қытай арандатып, бергі жақтан Ресей айдап салып, қазаққа қарсы қою саясатын белсенді жүргізді. Бұл туралы Тәуке ханның тұсында жоңғармен соғыста 23 жыл бойы бас әскери қолбасшы болған, «Елім-ай» дастанын жазған Қожаберген жыраудың тұжырымы сол зар заман шындығын тап басып тұр:

Бастаған ойрат ісі ұрыс болды,

Бұл соғыс Ресей үшін дұрыс болды.

Қалмақты жабдықтаған қос көршінің,

Әуелден көздегені қоныс болды.

Орбұлақ жотасындағы ұзындығы 2 шақырымнан асатын ор-шұқырдың сұлбасына қарап тұрғанда қазақ қолының шын мәнінде 500-700-ден көп болғанын сезінбеу мүмкін емес. Өйткені сонау жер түбіндегі Түркістаннан асығыс, сүрлігіп жеткен атты әскер, яғни кілең сен тұр мен атайын батырлар келе сала, тынығып, күш жинаудың орнына таулы-тастақта жерден ор қазуға кірісе ме? Өмірі қолынан қаруы түспеген қазақ сарбаздарына кім ор қаздырады (қаздыра алады)? Демек, 500 де, тіпті 700 де қате сан. Бұны кейбір дерек көздерінің жанамайлап айтып қалатыны да бар. Олар «Түркістаннан шыққан Салқам Жәңгір қолына жол-жөнекей қазақ қосындары қосылып отырды» дейді. Бұның үстіне қазақ аймағының бір шетіндегі тәуелсіз Самарқан әміршісіне хабаршы аттандырған хан өз иелігіндегі мың-сан рулардың би-батырларына жаушылар шаптырмауы мүмкін бе?! Сонда жолай қосылғаны бар, соңынан келіп жеткені бар, хан әскері кемінде 5-6 мыңды құраса керек қой. Ұрысқа таңдап алынған жер бедері де соған меңзеп тұр. Екі шақырымнан асатын ұзын орды кез келген жерінен үзбей ұстап тұруға және жаудың ту сыртынан соққы беруге бұдан аз әскердің шамасы жетуі неғайбыл. Біздіңше, бұл орайда ескермеуге болмайтын тағы бір жағдай мынау: Орбұлақ бәрінде аттары аталатын атақты Қарасай, Ағынтай. Көксерек, Жақсығұл, Елтінді, Жиембет, Сарбұқа сынды батырлар қазақтың белді-белді, көп санды руларының атынан келіп отыр. Олардың бірлі-жарымы болмаса, көбісі Жәңгір ханға Түркістаннан ілесіп шықпаған шығар, бірі жолай қосылды, бірі ертерек келді, тағы бірі ілесе жетті. Ендеше атағы жер жарған батырлардың жалғыз-жарым жүрмегені анық. Сол сияқты бір елдің атынан екі қырғыз батыры ғана келді дегенге кім сенеді? Көрші ауылдағы көкпарға топ құрап баратын қазақ-қырғыз жан берісіп, жан алысатын шайқасқа қалай бірлі-жарымдап аттанады?

Сонда дейміз-ау, әр жерден көзге жиі түсетін 600 саны қайдан шыққан? Бұл деректің жоғарыда біз еске салып өткен орыс жазбаларынан алынғаны талассыз. Өйткені сол тұста көздің құртына айналған ұлан-байтақ даланы зерттеуге шындап кіріскен ақ патшаның қазақ ішіне шпиондарын да жіберіп, мәлімет жинап отырғаны белгілі.

Сондай жалпы қазаққа қарсы іс-әрекеттерге қатысушы орыс елшілерінің бірі «Жәңгір сұлтанның алты жүз әскері бар екен» – деп жазыпты. Болды. Бітті. Әр мақалада, әр кітапта алдымызды орағыта беретін сиқырлы санның бастауы, міне осы! Автор Жәңгір ханның ылғи да жанынан табылатын тұрақты әскері туралы айтып отыр емес пе. Олар, шамасы, сол кезде ел ішінде қазіргі милиция-полиция міндетін атқарса керек. Зерде, пайым мен қисынға салмастан-ақ көзге түскенді осылайша көшіре салу әдеті Орбұлақ шындығын едәуір бұлдыратып, сенімсіздеу аңыз әңгімелердің қоздауына себеп болған сыңайлы. Қалай дегенде де Орбұлақ бар, алапат шайқастың ізі де өше қоймаған. Тек ол тарихшылардан ендігі жерде жан-жақты зерттеп, талдауды, дәнді қауыз бен сабаннан ажыратып алуды қажет етеді…

 

III.

Орбұлақты, Үйгентасты, Сарыбелді, жалпы Белжайлауды машинамен де, атпен де, жаяу да аралап шықтық. Талай әңгіме шешілді. Жергілікті малшының үйіндегі шай үстінде, қоштасар сәт таянғанда Бекет Тұрғараев, сірә, ешкім күте қоймаған ұсынысын ортаға салды.

– Орбұлақ шайқасының батырларына Шымкент жағында айбынды ескерткіш орнатуды қолға алғанбыз. Қазір ол нысанда жұмыс қызып тұр. Бірақ Салқам Жәңгір хан мен оның сарбаздары жерленген қорымның қоршаусыз, қараусыз жатқаны қалай болады? Ескерткішті ашудан бұрын осыны ретке келтірген жөн шығар.

Әдетте шәй үстінде таусылып бітпейтін шұбалаңқы сөз сап тыйылды да, бәріміз дүр көтеріліп, Сарыбел жазығына беттедік. Келе жігіттер қорым айналасын өлшеп, нақты істің алғашқы қадамын жасады.

Сонымен арада екі-үш апта өткенде Орбұлаққа екінші рет аттандық. Бұл жолы Шымкентте жасалып, Белжайлауға жеткізіліп, тарихи орынды айғақтап тұрған белгінің ашылуына қатысу үшін жолға шықтық.

Абырой болған екен. Белжайлау бізді сіркіреген жаңбырмен қарсы алды. Тау шыңдарын қар басыпты. Малшылардың алды қыстауға көшуді бастап кетіпті. Біраз кешіккенде ауыр жүк артқан Шымкент жүк машинасының тау асуларынан аса алмай қалуы әбден мүмкін-ді…

Шіркін қазақтың бауырмалдығы-ай! 1643 жылы сонау Самарқаннан Жалаңтөс баһадүр Орбұлақтағы қандастарына көмек беру үшін ат ойнатып, атойлап жетіп, ерліктің үлгісін қалдырса; арада төрт ғасырға жуық уақыт өткенде жаужүрек әрі бауырмал баһадүрдің Оңтүстікті мекендейтін бір жұрағаты Бекет Тұрғараев алыстағы Белжайлауға әне-міне дегенше екі рет келіп, елдіктің өнегесін паш етті.

Бекең өзі ғана тынымсыз әрекет етумен шектелмей, облыстық әкімдікке, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қозғау салды. Мемлекеттік хатшының атына хат түсіріп, Орбұлақтағы Ұлы Жеңістің 375 жылдығын республикалық деңгейде атап өту жөнінде мәселе қойды. Мына жақта жұмыс қайнап жатты. Болашақ ескерткіштің тұғыры мен панорамасының қабырғасы бой көтерді. Ат үстіндегі хан мен баһадүр бейнелері Астанада сомдалуда. Осылардың арасында хан бейіті қоршалып, белгітас орнатылды. О баста біз осындай-осындай жaйлардан көпшілікті хабардар етуді ойлағанбыз. Алайда осы бір өнегелі істен бастау алған түрлі-түрлі ойлар бізді әр тарапқа жетеледі. Көп жыл шындықтың бетін жапқан перде сыпырылғандай болды. Алдымызда көптен бері тарихшылардың ізі түспеген соқпақтың бұлдыр сорабы жатты. Қайда бастап, қайда апарар екен?

 

IV.

Империя дегенді қазіргі саясаттану мемлекеттік құрылымның күрделі формасы деп түсіндіреді. Басқаша айтқанда, бірнеше елдің, бірнеше ұлттың басын біріктіретін мемлекет, яғни күші басым бір ұлт айналасындағы әлсіздеу жұрттарды өзіне бодан етіп алады. Сондықтан империя құрамындағы халықтар арасында тіл, құқық, сайлау және сайлану, тағы басқа мәселелерде теңдік cақталмайды. Империяның негізгі ерекшеліктерінің бірі – жер көлемінің қатардағы республикаларға қарағанда әлдеқайда кеңдігі. Тағы бір ерекшелігі, әрине, танымалдығы болса керек. Ал енді қазақ елінде осы ерекшеліктер мен заңдылықтардың қайсысы бар, қайсысы жоқ?

Біздіңше, империя деп атандыруға негіз болатындай ерекшеліктер қазақ хандығында жетерлік. Іс жүзінде ондай статусты иемденбесе де, империялармен теңескен, теңестірілген тұстары аз емес. Мысалы, орыс жазбаларында кезінде «Қасым патша», «Ақназар патша» деп жазу қалыптасыпты. XVI ғасырда Ресей империясында тәуелсіз, еркін, ешкімге алым-салық төлемейтін, ешкімге ешқандай есеп бермейтін билеушіні «патша» деп атаған. Ал патша дегеніңіз әдетте империяның билеушісі. Хафиз Таныш қазақ билеушілерін «хақан» деп те жазады. Сол сияқты заманында Қазы Ахмад Ғаффари «Қасым хан Дешті Қыпшақтың билеушісі болды», «Хақназар хан Дештінің билеушісі болып табылады» деп көрсетті. Орыс мұрағаттарындағы құжаттарда «Қазақ ордасы» деген тіркес те кездеседі («Қазақ ордасы ноғайларға қысым көрсетіп отыр»). Алтын орда, Ақ орда және Қазақ ордасы атауларындағы сабақтастықтың астарында нендей сыр жатқаны жұртқа белгілі. Жалпы Ресей империясы Қазақ ордасын аз уақытта бірден басып алып, бағынышты ете алған емес. Орыс патшаларының ұлы даланы байқауы, зерттеуі және бөлшектеу, әлсірету саясаты ұзаққа созылды. Ақыры бөлшектеп, әлсіретіп, халқы талай-талай қырғынға ұшыраған орданы шетінен, біртіндеп, жекелеп бодан етуге бет бұрды. Жоңғарлармен арадағы ұзаққа созылған соғыс та көрші империялар ұстанған сондай саясаттың салдары еді. «1537-38 жылдардан кейін жер бетінде қазақтың ізі де қалған жоқ» деп жазыпты М. Х. Дулати. Бұл пікірді толықтай жоққа шығару қиын. Алайда қазақ мемлекеті сақталып қалды ғой. Қалай?!

 

V.

Қытай жазбаларында қазақтарды ертедегі Қаңлы мемлекетінің халқы деп көрсетеді. Бұған қоса Батыс өңірдегі жұрттардың көбі оған тәуелді екенін айтып отырады. Беріде, Қазақ хандығы күшейген кезеңде оның жері Дешті Қыпшақ аумағынан асып, Еділдің құнарлы алқаптарына дейін қанат жайды. Жалпы Қазақ хандығына қарасты тарихи аумақты түгендей бастасақ, онда бірнеше көрші мемлекеттердің жеріне сұғына еніп кетуге тура келеді. Осыған керісінше де жағдайлар бар. Ерте заманда қазіргі Тараз қаласын парсы ақындары жарыса жырлаған да кезең болған. Одан көп беріректе қойылған Зайсан, Кеген, Талғар, Шамалған, Боралдай, тағы басқа толып жатқан шет жұрттық атаулар еліміздің шекарасынан тым ішкері бөлігінде сақталып тұр. Ежелгі Отырар тіпті алыстағы араб мемлекеттерімен жалғасқан ғой. Түркістан тарихына бойласаң да, Қазақ хандығының әр замандарда әлемді дүр сілкіндірген атышулы империялардың құрамына кіргенін, солардың біразында ұйыстырушы рөл атқарғанын, ақырында бәрінен бас тартып, Керей мен Жәнібектің қазіргі өлшеммен алғанда бір аудан тұрғындарындай аз жұртпен бөлініп шығып, Қазақ хандығының негізін қалағанын көреміз. Тағы бір көретініміз: сол кішкене хандық тарих үшін қас қағым сәт саналатындай ғана уақытта бір кезде өзі құрамында болған империялар аумағының көп бөлігін өз құрамына қосып алған. Сонда Алтын орданы, Ақ орданы империя десек, сол екеуінің негізгі мұрагеріндей Қазақ хандығын неге солай атамасқа? Оны былай қойғанда, сонау жер түбіндегі Жерорта теңізін жағалаған Осман империясының мұрагері Түркияның өзі Қазақстанды Ана жұртым деп отыр емес пе. Империялар тудырып отырған елге неге ондай дәрежені иемденбеске? Бір-біріне тәуелсіз үш хандықтың басын қосқан мемлекет екеніміз, айналадағы бірнеше аз ұлттар мен ұлыстарды мәжбүрлеусіз-ақ қанатымыздың астына алып келгеніміз кәрі тарихтың есінде шығар. Біз жоғарыда әбден тәптіштеген Орбұлақта екі қырғыз батыры неге соғысып жүр? Себебі жоңғарлар қазақ жеріне қадам басардан бұрын аз санды қырғызды жайпап өткен. Енді қырғыздарға қалған бір жол бар, ол – қазақпен бірігу арқылы еркіндікке қол жеткізу. Мына дерек те назар аударарлық. Әрі батыр, әрі ақын Қожаберген Толыбайұлы қазақ-жоңғар соғысында ұзақ жылдар бойы біріккен қазақ, ноғай және қарақалпақ жасақтарына басшылық етіпті.

Ұлы далада ғасырлар бойы мызғымай келген «малға – жекеменшік, жерге – қауымдық меншік» қағидасы ше! Бұл дамудың көрсеткіші емес пе?! Қасым ханның тұсында қазақ әскерінің саны 1 миллионға жетіпті. Бұл империяға тән емес көрсеткіш дей аламыз ба?!

 

VI.

Қазақ тарихшылары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл тарихымызды жаңаша таразылай бастады. Бұның бір дәлелі – «Қазақ мемлекетінің тарихы» кітабы. Міне, осы еңбекте қазақ мемлекетінің бастауы Ақ орда екені шегеленіпті. Бұрын Шыңғыстың тұңғышы Жошы хан құрған Алтын ордадан оның сол қанаты болып келген Ақ орданың өз алдына бөлініп, шаңырақ көтеруі қазақ мемлекетінің бастауы емес, өмірде бар мемлекеттің жаңаша құрылымдануы екен. Көңілге қонатын тұжырым. Әйтпесе құрылғанына небәрі 550 жыл толған жаңа хандық тұрғындарының шығыс-батыс және оңтүстік-солтүстік тараптарға соншама кең жайылып, ұлан-байтақ аймақтарға қожалық етуі біртүрлі сенімсіздеу көрінетін. Ал шындығында Қазақстан аумағында Қазақ хандығына дейін де қазіргі ұлтымыздың құрамына еніп кеткен Сақ, Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Керейт, Найман сынды талай бірлестік, қағанат, ұлыс және хандықтар болғаны белгілі. Сондай-ақ Батыс Түрік, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ мемлекеттерінің негізін қазақтар құрамады деп айта аламыз ба? Ол мемлекеттер аспанға ұшып кеткен жоқ қой. Қай-қайсысы да өзінен кейінгі мемлекеттің іргесіне кірпіш болып қаланды, сөйтіп өмірін ары жалғастырды. Бұндай қалыптасу, яғни бір текті емес, көп текті ұлт-ұлыстарды біріктіру тарихы империяға тән құбылыс болса керек.

Біздіңше, Орбұлақтағы шайқас та Қазақ хандығының әр кезеңдерде империя деңгейіне көтеріліп отырғанын көрсетеді. Осы алапат соғыстың қарсаңында Батур қонтайшы оннан аса ұлысқа бөлініп жатқан жоңғарлардың басын қосып, «Дала ережесі» атты заң қабылдап, ел іргесін бекітіп алады. Содан соң басқыншылық соғысты бастайды. Орыс деректерінің айтуына қарағанда, «Батур қонтайшы алдымен қырғызда талқандайды. Тоқмаққа дейін жетеді. Бұл заманда қырғыз халқы Қазақ ордасының бір ұлысы еді. Ел шетіне жау тигенін естіген Жәңгір сұлтан қарсы аттанады». Жәңгір хан басқыншы жоңғар әскері қазақ жеріне кірместен бұрын қарсы аттанып, біраз дайындық жүргізген. Орбұлақтағы шайқасқа қырғыздардың да белсене қатысуының сыры осыдан мәлім. Ал енді жау аяғы жетпеген, жете қоймайтын сонау Самарқаннан Жалаңтөс баһадүр қазақ ханы шақырды екен деп, қандастарым ғой деп қана көмекке ұмтылмаған шығар. Тек осы екі жай ғана себеп болса, өзбектің жоғары билеушілері міндетті түрде қарсылық білдіретіні анық. Бұл арада қуатты көрші мемлекетпен санасу, оны мойындау, ертең күнім қалай боладыны ойлау да бар екені талассыз. Тарихта күшті елдің өзінен әлсіз елге нақты әскери көмек көрсетуге ашық шығуы кездесе бермейді. Бұл орайда қазақ империясының беделі жұмыс істеп тұрған болар.

Жарайды, шет жұрттар мойындасын, мойындамасын – онда тұрған дәнеңе жоқ. Қазақтардың өздері ше? Байқасақ, қазақтар әрқашан өз күшіне сенген, өзінің мықтылығын мақтаныш етіп, айтып отырған. Жас ұрпақты осындай рухта тәрбиелеген. Сондықтан шығар шетелдік өкілдер «Қазақтар соғыста не жеңеді, не өледі» дейді екен. Яғни әрқашан ұлттың патриоттық сезімі жоғары болған. Елі мен жері үшін жанын пида етуге дайын тұрған. Қарасай батыр «жауға шабайық» дегенде біреулер «Қыс ортасында жауға шабар қол қайда, жауға жеткізер жол қайда?» деген көрінеді. Сонда батыр: » Қазақ баласының бәрі қол емес пе, қазақ даласының бәрі жол емес пе» депті.

Өз мемлекетінің жай хандық емесін қазақтар сезбеді, білмеді деймісіз. Білгенде қандай! Біліп қана қоймай, орнымен мақтан еткен. Ол ауыз әдебиетінің үлгілерінен де көрініп тұр. Көпшілікке белгілі Сүйінбай мен Қатағанның айтысына көз жүгіртейікші. Қырғыз ақыны еліндегі бірлі-жарым бай-манабын ауызға алып, жарылардай мақтанатыны бар. Сонда Сүйінбай үш жүздің ірі-ірі руларын санамалап, солардың әрқайсысын бір елге балап, бастырмалата төкпелейді. Мазмұнын бүгінгі тіл мен түсінікке сай әңгімелейтін болсақ, дербес үш хандығы бар, ірі-ірі бір-екі рулары бірігіп, көрші мемлекеттермен тайсалмай соғыса беретін Қазақстанды империя мәртебесіне дейін көтеріп тұр:

… Шапырашты елім бар,

Асқар таудай белім бар…

… Одан бері Ыстым бар,

Алатаудай күштім бар…

… Одан бері Сіргелі,

Ол да бір жұрт іргелі…

… Төрт Дулаттың баласы,

Күннің көзін жасырған…

… Арғын деген сансыз ел,

Қоныс қылып жайлаған,

Дүниенің жарымын…

… Кіші жүзге жетейін,

Елімнің қандай екенін,

Түсінген шығар көкейің…

… Толып жатқан көп қазақ,

Көк пен жердің арасы…

 

VII.

Салқам Жәңгірге дейін билік құрған 13 қазақ ханының алтауы жорықта, соғыста, жекпе-жекте қаза тауыпты. Салқам ханның да жазмышы дәл сондай болды. Хандардың қолынан қылыш түспеген замандарда қарашаның қандай күй кешетіні айтпаса да түсінікті. Жылдар емес, ғасырлар бойы ат үстінен түспей, елін, жерін қорғаудан қолы бір босамаған қазақты неге басқа империялар сияқты тарихи жеңістеріңді хатқа түсірмедің, қорған соғып, қала салмадың деп жазғыру орынсыз шығар. Соғыстан енді көзім ашылды ма дегенде бодандыққа түсіп қалды. Бодандықтан құтылдым ба дегенде социализмге шырматылды. Сырттан жұққан, қанында болмаған жаман әдеттер аяғын тұсады… Әйтеуір «мың өліп, мың тіріліп» жүрсе де дінін, ділін, тілін, ұлттық болмысын сақтай білді. Енді соған шүкіршілік етіп, кешегі асқақ рухымызды, ұлттық ерекше кодымызды қайта жаңғыртуды қолға алдық. Әркімге жалтақтаумен күн кешкен хандықта асқақ рух бола ма? Тәуелсіз елді қызықтыратындай ұлттық код ше? Н. Назарбаевтың біраз жыл бұрын «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ» дегені есте. Осы сөзімен, рухани жаңғыру туралы идеясымен Елбасы қайда нұсқап тұр? Өткен жолымызға қарағыштап, сол жақтан бүгінгі қарыштап алға кетіп қалған уақыт сынына төтеп бере алатындай үлгі-өнеге іздеуіміздің сыры неде? Демек өткеніміздің бәрі бүгінгі биігімізден төмен жатпағаны ғой. Өткен тарихымызда асыл текті ата-бабаларымыз бағындырған заңғарлар да бар екен-дағы…

Егер біз жоғарыда мысалға келтірген Сүйінбай ақынның өлең жолдарын саяси-қоғамдық баяндама тіліне аударар болсақ, «Сен бар болғаны шағын ғана автономиялық аудансың, ал мен азуын айға білеген алып империямын» дегенге саяды емес пе. Жалпы қазақ хандары мен билерінің, батырлары мен ақындарының егес пен тайталаста, кімнің кім екені айтылуға, салыстыруға тиіс сәтте, таразы мен талқыға салынар шақта Сүйінбайша шалқып сөйлейтіні дәстүрге айналған. Тіпті арыға бармай, бүгінгі шешендеріміздің өзі ә дегеннен «Атыраудан Алтайға дейін» деп бастамай ма сөзінің біссімілләсін. Шындығында солардың көкейінде Атырау мен Алтайдың арғы жағы да қосарланып тұратыны әр қазаққа түсінікті.

Себебі кеңес өкіметі орнағанда қазақ жерінің солтүстік бөлігі Ресей Федерациясы құрамындағы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасына, оңтүстік жағы Түркістан Республикасының құрамына енді. Екі республиканы да қазақтар (Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Н. Нұрмақов) басқарды. Кейінірек қазақ жері біріктіріліп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Бірақ осы екі ортада В. Ленин заңдастырып берген Қазақстан аумағы біраз жерінен (Орынбор қаласы мен губерниясы, Қарақалпақстан, тағы басқалары) айырылып қалды. Владимир Ильичтен кейін Одақты басқаруға келген Бас хатшылар (И. Сталин, Н. Хрущев, М. Горбачев) Ұлы даланы бөлшектеп, жан-жаққа таратуға құмар болды. Осы арада мына жайды айта кеткен артық болмас. әсіресе 1937 жылғы қазақ азаматтарының басына төнген жосықсыз қуғын сүргінге дейін қатары онша селдірей қоймаған Қазақ Үкіметінің қайраткерлері ерекше табандылықпен, айрықша ұлтжандылықпен жұмыс істеді. Ішкі Ресейден бері ауған қара шекпенділерді тоқтатып, қазақтарды құнарлы жерлерге қайта орналастыру бағытында батыл күрес жүргізді.

«Империя» терминін әлемнің қалай түсінетіні белгілі жай. «Империя» терминін біз қалай түсінеміз? Біздіңше ол ру-тайпа, жүздердің, жалпы қазақтың бірлігі; алты Алаш балаларының бірлігі; түркі тектес халықтар бірлігі; мұсылман халықтар бірлігі; көрші елдермен тату-тәтті достық қарым-қатынас; жақын да алыс елдерге деген ашықтық…

Бір атап өтерлігі, демократияға негізделген империя – құрылым туралы идея қазақ билігіндегі тұлғаларда қашанда болған. Қиын-қысылтаяң кезеңдердің өзінде Алашорда, түркі тұтастығы идеяларының алға шығуы осы сөзімізге куә. Әлем қай нәрсені де атына емес, затына қарап бағалайды. Ендеше «Қазақ хандығы» деген атына емес, сол хандық емін-еркін жайлаған ұшы-қиырсыз ұлы далаға қарап баға берсек, тіл ұшына қандай термин оралар еді? Бәрін айт та бірін айт, мемлекеттігі хандық дәрежеден аспаған халықтардан Ә. Бөкейханов, Т.Рысқұлов, Н. Назарбаев сынды әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалардың шыға қоюы неғайбыл.

Жалпы «Қазақ хандығы» деп қарапайым ғана аталатын ел-мемлекеттің арғы-бергі тарихына қатысты деректерді, ой-пікірлерді, баға-бағамдарды саралап, ауыз және жазба әдебиетіндегі он-сан өлең-жырларды, аңыз әңгімелерді бүгінгі таным-түсінік тұрғысынан талдап байқасақ, біреуге тізе батыратын емес, бірлікке, достыққа шақыратын империя көз алдыңа келіп тұра қалады. Жазбай танисың: Қазақ империясы!

Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *