ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ФЕСТИВАЛІ

Қоғам
2 857 Views

Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орын тепкен қасиеті Түлкібас ауданының орталығында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында жылдағы дәстүрге сай «Ақсу – Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалі өтті.

Фестиваль мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына байланысты мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға, баршаны, оның ішінде жастарды табиғатты аялау, қорғау, сақтауға шақыру, сонымен қатар жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу болып табылады. Сондай-ақ, фестиваль аясында 2013-2015 жылдары өткізіліп, 2018 жылы қайта жаңғыртылған «Шұрайлым, Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер мен композиторлардың байқауы жаңа форматта өткізілді. Шара барысында аталмыш байқаулардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шұбайқызыл шоқысы – еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда да кездеседі. Ең көп шоғырланған жері – осы Түлкібас ауданының Шұбайқызыл шоқысы.

Жылына бір рет, небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 15-20 гектардай жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл жерді «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қаламгер Мархабат Байғұт ағамыздың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» қайта атауы берілді. 1977 жылдан бері бұл жер мемлекеттің қарауындағы аймақ болып саналады.

Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Сонымен қатар бұл өсімдіктің емдік қасиеті де бар. Отандық дәрігерлеріміз бұл гүлді бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда.

2018 жылдан бастап табиғатымыздың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа бар маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу – Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы!» аты қызғалдақтар фестивалін өткізу дәстүрге айналған.

Дәстүрлі шара барысында «Шұбайқызыл – Қызғалдақтың Отаны» театрландырылған қойылымы мен «Шұбайқызыл Қызғалдағым» сазды-хореографиялық көріністері қойылып, тақырыпқа сай ән мен билер қалың жұртшылыққа паш етілді.

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *