АЙБЕК АСҚАН АСУЛАР

Спорт
1 410 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында ұлттық рухты көтеру мәселелеріне баса назар аударылған. Әсіресе жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды мемлекеттік саясаттың негізгі мәні болып отырғаны баршаға мәлім. Биылғы 2019 жыл – қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Жастар жылы деп жариялануы соның айғағы. Өйткені, жастар қоғамның белсенді мүшесі ретінде ел өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Елімізде жастарға жан-жақты қолдау мен қамқорлық көрсетіліп келеді.

Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген даналық сөз бар. Сан түрлі саладағы жас таланттарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беру – аға ұрпаққа жүктелген аманат. Сонда ғана олардың қанаты қатайып, шеберлігі шыңдала түседі. Осы орайда жас жеткіншектерді грек-рим күресіне баулып жүрген білікті бапкер Данияр Сәрсембаевтың есімі ерекше аталады. Шымкент қаласындағы №15 жекпе-жек түрлерінен кешенді олимпиада ізбасарларының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерінің ширақ қимылдайтын шәкірттері өте көп. Соның бірі – Айбек Тәңірқұл дер едік. Талай дүбірлі додалар мен байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген оны өзі тәлім-тәрбие алатын Бауыржан Момышұлы атындағы №44 жалпы білім беретін орта мектебі орынды мақтаныш тұтады.

Таяуда Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим күресінен 2004-2005 жылдары туылған кадеттер (жасөспірімдер) арасында еліміздің кезекті чемпионаты мәреге жетті. Міне, осы жарыста 62 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Тәңірқұл қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтыннан алқа тағып қайтты. Бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұдан кейін Түркістан қаласындағы өткен өткен Х. Ақалиевті еске түсіруге арналған республикалық турнирде де топ жарды. Енді ол О. Сатоев, Н. Қыдырбаймен бірге Азия чемпионатына дайындық бойынша 10-26 мамыр күндері Түркияның Ризе қаласында өтетін бірінші кезеңгі оқу-жаттығу жиынына қатысқалы отыр.

Айбектің алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Артынан ерген іні-қарындастары тілекші болып жүрері хақ! Қазақ халқының абыройын асқақтатып, мәртебесін биікке көтеруіне шын жүректен тілектеспіз!

Бейсенкүл ЗУЛПИЕВА,

Шымкент политехникалық колледжі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндер бірлестігінің оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *