ӨНЕРДІҢ ХАС ШЕБЕРІНЕ МӘҢГІЛІК ЕСКЕРТКІШ

Руханият Тұлға
1 819 Views

Республикамызға белгілі қайраткер, көркем сөздің шебері, жезтаңдай әнші де дәулескер күйші Нар-Иман Үлкенбайұлының азаматтық болмысы туралы, өнердегі орнымен өнегелі ғұмыры жайлы сыр шертетін бұл кітап рухани дүниемізді толықтырған маңызы зор қазына деп айтсақ, әсте қателеспейміз. Сөз өнерін, оныңқадір-қасиетін бағалаушы оқырман бұл кітаппен танысқанда оған көз жеткізері анық. Кітап Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасынан ҚР Еңбек сіңіргенқайраткер, Заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараұлының бастамасыменжәне демеушілігімен жарыққа шығып отыр. Осы орайда, рухтас ағасы туралы жазған кітаптың алғашқы бетіндегі Бекеңнің жүрекжарды алғы сөзін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Нар-Иман, нар-Тұлға!

Ұлы Абай «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы», – десе, Нариман аға өлең мен өнерді тең алып жүрген, асыл сөзді ардақтап, қиыннан қиыстырып сөз құраған, өз қадірін біліп, сөз қадіріне жеткен саңлақ сазгер. Асыл тас су түбінде, асыл сөз ой тұнығында жатады дегендей, көркем сөзді көрікті ойдан туғызып, өнерін өмірім деп, асылын аялаған абзал жан еді.

Осындай тұғырлы тұлғамен мені таныстырған ұлы бабаның ұлан-асыр тойы болды.

Бекет атаның 260 жылдық мерейтойына қатысып, ұлы бабалар қабіріне барып, мұсылмандық парызымыздыөтеу үшін іні, дос академик Абдрахман Омбаев, тағы басқа ел азаматтарымен жолғашығып, Шопан Атаға келгенімізде, демалыс үйінің алдында отырған жастары орта жастанасқан, бастарын қырау шалған үш кісімен кездесіп, сәлемдесіп өзіміздітаныстырдық. Олар елімізге кеңінен танымал Атымтай жомарт атанған қайраткеразамат Төкен Танаұлы мен сөз етіліп отырған Нариман Үлкенбаев, тағы біржолдастары болды. Жылы жүзді амандасу, таныс-білістен кейін, ақкөңіл Төкең «МенТөкен Танаұлымын» деген көркем безендірілген ғұмырнамалық кітабын қолымызғаұстата салды. Біз ризалық сезімімізді білдіріп, алдағы кезде кездесуге жазсындеп жүріп кеттік. Арада екі ай өткенде Ұлы бабаны ұлықтау ниетімен Солтүстікжәне Оңтүстік өңірінің зиялы қауымын Шымкент қаласына шақырып, Ж.Шанин атындағытеатрда Бекет атаның 260 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференцияөткіздік. Сол жиынға құрметті қонақ ретінде Нариман аға да келіп қатысты. Бізол кісінің шақыруымызды қабыл алып келгеніне және сүйікті қызы, атақты күйшіАйгүл Үлкенбаеваның жиынға қатысып, бірнеше күй тартып, елдің ыстық ықыласынабөленгеніне қатты қуандық. Сол жиыннан соң оңаша отырыста әнші-композиторЕскендір Хасанғалиев пен оның ұлы әнші Біржанның әндерін тыңдап, әншілікталантын тамашалап марқайып қалдық. Ол кісі сол сапарында біздің үйде қонақтаболып, жанұямызбен жақын танысып кеткен еді. Арада жыл өтпей маған арнағанкүйтабаққа жазылған әнін жіберіп, тағы да қуантып тәнті етті.

Содан соң «Өздерің болсаң жанымда» атты жаңа кітабын алтын дәуренінде, биік мұратты, өнегелі өмірінде кездескен дос, жолдастарының торқалы тойына арнап жазған жүрекжарды тілектері мен өлең-жырларын, шырын достықтың биік белгісі ретінде көпшілік оқырманға ұсынған еді.

Кітаптың өн бойы Нариман ағаның өмір жолында кездескен жаны жайсаң жақсылардың ыстық ықыластары мен жүректен шыққан ізгі тілектеріне толы. Онда Нәкеңнің биік адамгершілігі, шебер күйші, бекзат әнші, жаны таза, жақсы адам екені, өнер өлкесіндегі айтулы азаматтығы, достыққа берік, жолдасқа сенімді серік бола білетін ізгі қасиеттері шынайы көрсетілген.

Кітаптың әр парағын ақтарған сайын халықтың өнерге деген құштарлығына, сол өнерді жетік меңгерген табиғи талант иесіне, оның шалқар шабытына, шеберлікпен шерткен күй өнеріне бас иесің, жан пернеңді басып, бойыңды балқытып, ойыңды толқыта түсетініне көз жеткізесің.

Халықта «шебердің қолы ортақ, ақынның сөзі ортақ» деген ұғым бар. Сол айтқандай, Нәкеңнің ақындық таланты өзгелерден ерекше. Оның талғамы биік, талабы зор, қабілеті қарымды, зердесі зейінді, болмысы бекзат. Ақындық дара дарыны кімді болса да таңғалдырады. Ол бір әріппен басталған өлеңін соңына дейін сол әріппен бастап алып шығады. Ол ойлы таланттың таптырмас шеберлігі, ұшқыр қиялы, бұл сирек кездесетін тума талантқа тән қасиет.

Халықта «шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ұғым бар. Ал біздің Нәкең өнердегі өрісін кеңейтіп, қаншама шәкірт тәрбиеледі. Қаншама бұлақтың көзін ашып, бастауында тұрды. Сондай шәкіртінің бірі – өз қызы Айгүл. Ол дүниенің төрт жағына талантымен танылған, шалқар шабыт иесі. Оның күй орындау шеберлігі қасиетті қара домбыраның иесі Құрманғазы мен Динаны дөп басып жатқандай көрінеді. Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген ұғым бар. Сол ұғым өлшеміне өрнектесек Нәкең күйші Айгүлді жасынан жандырып, күй құдіретін терең ұғындырып, шыңдағы шынардай биіктерге жетеледі. Айгүл әке аманатына еш дақ түсірмей келеді.

Нариман ағаның қоңырлата ән айтып, күмбірлете күй тартатын өнерпаздығы, сөз өнерін жетік меңгерген шешендігі, адами тазалығы, дос-жарандарының рухани әлемін, қадір-қасиетін көрікті ой, көркем сөзбен сипаттауы, қазақтың құнарлы тілін құлпырта, құбылта қолдануы шеберліктің шегіне жеткендігін көрсетсе керек.

Мұндайда қазақтың жақсы-жайсаңдарының ұлтының ұлына сүйсінген сәтін бейнелейтін «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін текті теңеуін еріксіз есіңе алып, ағаға берер асыл баға осы болар деп ойлайсың.

Талғам таразысымен өлшер болсақ, дарқан даланың дарынды ұлы, көркем сөздің көрігін қыздырған сұңғыла шешені, өнердегі өрісі кең, тұлпар тұяқты, сұңқар қияқты, шынардай шыңдағы биік парасат иесі Нариман аға, нар тұлға десек жарасады.

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» деген сөз бар. Олай болса Нариман ағаның аты да, хаты да халқымен бірге өмір сүреді деп ойлаймын.

Нар ағаның сексен жылдық мерейтойына орай «Нар-Иман Үлкенбайұлы» деген кітаптың жарық көруі дүниеде жаны жайсаң азаматтың өлмес ізі болып қалады. Рухтас болған ағама рухани ескерткіш болсын!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заңгері, құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор,

«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *