ТАРИХПЕН ТІЛДЕСКЕН, БОЛАШАҚПЕН ҮНДЕСКЕН Түркі әлемі және Түркістан жайлы ойтолғау

Туған жер
1 300 Views

Түркі халықтарының бірлігі бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Бірлік мәселесі қоғамдық өмірдің аса бір қажетті шарты екендігі әлімсақтан белгілі. Бірлік сақталған жерде ғана толыққанды өмір бар. Ұлттық бірлік ұлт өмірінің бірден-бір шарты. Ұлттық ішкі бірліктің сақталуы – ұлт өміршеңдігінің басты кепілі. Сондықтан да бұл мәселе түркі халықтары қоғамдық өмірдің даму жолына түскелі бері күн тәртібінен түскен емес. Түркі әлемінің бірлігі әлсіреп, құлдыраған, біртұтас болып әлемді аузына қаратқан тұстары да тарихта жеткілікті. Орталық Азия мен Кіші Азияның, Байкал мен Балканның аралығындағы ұлы кеңістікті, дүниедегі ең үлкен екі құрлықты иен жайлаған түркі халықтарының, бағы жанып, мәртебесі биіктеген де, сәтсіздікке ұшырап, зардаптар шеккен де кезеңдері аз болмаған.

Түрік сөзінің әрі этностық, әрі мемлекет атауы ретінде алғашқы қолдағандардың арасында Көктүрк мемлекеті екендігінде дау жоқ. Мұның дәлелі ретінде ХІХ ғасырда оқылып-танылып, ғылыми айналысқа енген Орхон жазба ескерткіштеріндегі тасқа қашалып жазылған жазуларды айта аламыз. Бұл тарихи оқиға өз дәуірінен бастап түркі немесе түркішілдікке байланысты ой-тұжырымдар мен пікірлерге дәйеккөзі ретінде пайдаланып келеді.

Орхон ескерткіші ашылып, алғашқы сөзін «түрк» деп оқып, түркілердің үлкен мәдениет пен рухани байлыққа ие екендігін әлемге паш етуі, шын көңілмен «түркімін» деген зиялыларын серпілтіп қанағаттандырғандай болды.

Тілі, ділі, діні, салты, дәстүрі ұқсас туысқан жұрттар өзара ынтымақ тапқан кезде даңқы көтеріліп, ал алауыздық дертіне ұшырап, берекесі қашқан уақытта сырт жаулардың қармағына түскенін тарихтың бұралаң жолдарында қанша рет қайталағанын ешкім де толық айтып бере алмайды. Әсіресе, соңғы бес ғасырдай уақыт бір кездерде әлемдік өркениетке айтарлықтай үлес қосқан түркі әлемінің берекесі қашыңқырап, оның салдарынан тұтастығына сызат түсіп, бір-бірінен ажырай бастады. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, көпшілігі бодандыққа ұрынып, этнос ретінде жойыла бастады. Өткен ғасырдың басында түркі халықтарының не ел болып қалу, не тозып, тарихтың сахнасынан түсуі тарихтың таразысына қойылған сәттерде түркі бірлігі жаңаша мазмұнда барынша қайтадан көтерілді. Түркі жұртын сақтап қалудың бірден-бір жолы ретінде «тіл де, діл де, іс те бірлікте (Ысмайыл Гаспарлы) болуға шақырған түркішілдердің ұраны түркі әлемінің көгінде қалықтады. Мұны түсінген түркі әлемінің зиялылары барынша бірлікке ұмтылғанымен де астыртын қарсы күштердің жасырын әрекеттерінің барысында бұл мақсатқа толықтай қол жеткізе алмай келеді. Сондықтан да бүгінгі жаһандану үдерісі барынша қатты қарқын алып, мұның өзі Түркі әлемінің тұтастығына, болмысына айтарлықтай зиянын тигізіп жатқанда да бұл мәселе барынша өзекті болып отыр. Түркішілдік, түркі бірлігі – бұл түрк ұлтын сүю, оны биіктету деген сөз. Түркі бірлігі шашыраған түркі халықтарын ынтымаққа, бірлікке шақыру. Қазір жаһандану кезеңінде өзіндік болмысты сақтап қалуға күш салу керек. Өмір барлық жағынан бәсекелестікке қабілеттілікті талап етіп отыр. Шындығын айтқанда, біз сияқты ұлттық дамуында әлі де жеткенінен жете алмай келе жатқаны көп елге жаһанданудың жолымен жеке дара жүру аса қауіпті екендігіне бүгінгі күндері көзіміз анық жетіп отыр.

Түркі халықтарының ішіндегі ұлттың мәселелері біршама мығым шешілген 80 миллионнан астам түріктердің өзі жаһанданудың ұлт болашағына тигізер әсері жайлы толғана бастауының өзі басқа азсанды халықтар үшін көп нәрсені аңғартуы тиіс. Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрк Түркия Республикасының он жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында сөйлеген сөзінде «… Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатындығына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де, оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден табады», — деп, түркі бірлігінің болашағына үлкен үміт артқан болатын. Сонымен, жаһандануға жұтылып кетпес үшін бізге ең қолайлысы – түркілік жол, яғни тегі, тілі, рухани құндылықтары ұқсас, түркі халықтармен бір болу.

Бағзы тарихқа көз жүгіртсек, қуатты империялар құрған түркілер ғасырлар бойы ұлан-ғайыр аймаққа билік жүргізіп арғымақтың тұяғы жеткен аймаққа иелік етті. Алтайдан тарайтын айбынды ел тілі жақын, танымы мен талғамы ұқсас бір әлемді – ортақ өркениетті құрады. Түркінің даңқты қағандары, ардақты тұлғалары «Мәңгілік ел» орнатуды армандады.

Түрік тарихы зерттеулерін жүргізген ғалымдар «түрк» атауының бір буыннан тұратын «түрк» сөзі екендігін және ол Көктүрік балбал тастарында «түрүк» ретінде жазылғандығын айтады, мағынасы «күш-қуат»болып, сын есімді жалғауы түрі «күшті, қуатты» формасында кездеседі. Түрік елінің жері туралы тарихшылар, тілшілер мен антропологтар мынандай тұжырым айтады: Тарихшылар қытай дерек көздеріне сүйене отырып, Алтай тауы өңірін түріктердің атажұрты ретінде қабылдайды. Өнер тарихын зерттеушілер Тянь-Шань – Тәңірі тауы мен солтүстік-батыс Азия өңірін түркілердің ата жұрты дейді. Ал мәдениеттанушы-культурологтар Ертіс-Орал бассейні мен Алтай-қырғыз даласын және Байкал көлінің оңтүстік-батыс өңірін таңдап тұспалдайды. Тілші ғалымдар Алтайдың шығыс өңірі мен Кинган бассейнін, немесе 90-шы меридиан сызығының шығыс жақ өңірін түріктердің атамекені деп көрсетеді. Мұның себебі түріктер әу бастан-ақ өте кең аумаққа ие болуымен қатар, мәдениетінің өте ерте замандарға иек артатындығынан болса керек. Биыл «Егемен Қазақстан» газетінде ғалымдар түркі жұртының шыққан жері Жетісу өңірі деген дәлелдер келтірген мақалада жарияланды.

Түріктер өмір сүрген аталмыш өңірлер негізгі эпицентр болып есептелсе, уақыт өте келе миграцияға ұшырағандарын көреміз: түріктердің әсіресе б.з.д. дәуірлеріндегі мекендерін дәл айту қиынға соғады. Алайда Орал тауларының шығыс жақ бассейні, Моңғолия мен Қиыр Шығыс өңірлеріне дейінгі аумақтарда өмір сүргендігі туралы тарихи деректер молынан кездеседі. Осы орайда көне түріктердің бір тармағы болып саналатын Якут-саха түркілері Сібірдің солтүстік қойнауына тереңдеп енгенін көре аламыз. Сонымен қатар Түркістан аумағы, Үндістан, Иранға дейін жеткендері, одан әрі Мессопатамия жеріне кіріп, Шумер мәдениетін қалыптастырғандығы, Еділ өзені бассейнінде Искиттер атымен танылып, қазіргі Ресей аумағына кең жайылып қоныстанғаны айдан анық.

Көне Қытай, Иран, Византия, Мысырмен иық тіресіп, өзіндік мәдениетімен оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған «Ұлы Жібек жолы» арқылы әлемдік сауданың күретамырына, әлемдік дипломатияның дәнекеріне айналды.

Ұлы Дала өзінің толқымалы тарихында зауалды заманалар мен жеңісті жолдарды да көріп келеді.

Дегенмен түркі жұрты өз әлемін сақтап қала білді. Дүниеге нұрын шашқан Ислам діні түркі топырағында Бұхари, Рази, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Бируни, Баласағұн, Жалаири, Қашқари, Дулати, Иассауи сынды ғұламалар мен данышпандардың білігімен жүйеленіп, іргелі ілімге, өміршең өркениетке айналды. Осы қайнардан нәр алған даналар философия, математика, алгебра, астрономия, медицина сияқты ғылым салаларында бұрын-соңды болмаған төңкеріс жасап, адамзат өркениетіне зор жаңалықтар енгізді.

Байтақ түркі тарихының терең тамырлары байырғы руларға барып тірелетіні белгілі. Дүниеге тарыдай шашыраған туыс жұрттың өзегін құрайтын бұл іргелі ру-аталар барған жерлерінде көбіне жұтылып кеткенімен, түпкі қазықтары қазақ жерінде қағылғандықтан, олардың атаулары да қарашаңырақта қаз-қалпында сақталып қалған.

Д.Неру «Әлемдік тарихқа көзқарас» деген еңбегінде: «Еуропа мен Азияға кәдімгідей көзді ашып бір қарайықшы. Атлас ашсақ, Ұлы Азия құрлығына жапсарласып жатқан кішкентай Еуропаны көресің. Ол өз алдына дербес құрлық емес Азияның жалғасы сияқты. Ал тарихты оқитын болсаң – ұзақ уақыт бойы, белгілі бір кезеңде Азияның үстем болғанына көзің жетеді. … Азияның ұлылығын ұмыту әбестік. Азияның адамзаттың ұлы тарихи көсемдерін бергенін естен ешқашан шығармау керек. Оның ұлы ойшылдарын айтпағанның өзінде әлемдегі ең басты, екі діннің негізін қалаушы ұлылар Ғайса мен Мұхаммед Пайғамбарларды берген де Азия ғой» дейді.

Біздің жыл санауымыздан мың жылға жуық бұрын Алтайдан Донға дейін Еуразия сахарасында пайда болып, эволюциялық даму сатыларынан өтіп, бірегейлік, біртұтастық қадір-қасиеттерін сақтаған өркениет – Дала өркениеті 7 000 шақырым аралықта өрбіді. Бұл географиялық аймақта этномәдени тұтастық қалыптасты, славян, финоугор, үндіарийлік, түркі тектес тайпалар өзара әлеуметтік – экономикалық үрдістер барысында өзара байланысты. Осы тектер тоғысында түркі тегі, оның бірегейлігі жеңіп шықты. Біздің жыл санауымыздан IV мыңыншы жылдың аяқ шенінде адамдар даланың ең жүйрік хайуаны – жылқыны қолға үйретті. Салт атты көшпелілер пайда болды. Біздің өркениетіміз өте ерте дамыған және ол қала мен даланың синтезі. Дала өркениетінің әлемдік дамуға қосқан үлесі аз емес.

Төл тарихын ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр, ондай халық әлем өркениетінен орын ала алмайды. Тарихсыз ұлттық рух жоқ, ұлттық рухсыз тәуелсіз ел ретінде өмір сүру де қиынға соғады.

Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз өмір сүруіміздің қиын кезеңдерінде де тарихтың қоғам дамуында қуатты фактор екендігін, халқымыздың шынайы тарихын қалпына келтіру мәселесін назарынан тыс қалдырып көрген емес. «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау туризм инфрақұрылымын сабақтастыра дамыту» туралы мемлекеттік бағдарламаға аса зейін қойып, 1998 жылы 27 ақпанда арнайы Жарлық беруі елімізде саяси, экономикалық және мәдени маңызы зор кең ауқымды істерге жол ашты. Бағдарлама халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруда, тәуелсіз еліміздің басқа мемлекеттермен саяси, экономикалық, дипломатиялық және мәдени байланыстыратын тарихи тұрғыдан негіздеуде, қазақ жерінің көшпелі және отырықшы көне мәдениеттер ошағы екендігін әлем жұртшылығына паш етуде, туризм инфрақұрылымын дамытуда аса қажетті, ұлттық және халықаралық маңызға ие құжат болды.

Ұлы Жібек жолы алғашқы кезде Қытайды Орта Азия, Каспий жағалауы, Жерорта теңізі және Батыс Еуропа елдерімен жалғастырған халықаралық сауда-дипломатиялық трассасы болып табылды. Ал бұл жолдың Жетісу және Қазақстанның оңтүстік бөлігі арқылы өтетін «даланың» бөлігі Түрк қағандығы кезінен XIV ғасырға дейін халықаралық байланыстардың басты арнасы болды. Осыған байланысты Жібек жолының қазақстандық бөлігі Орталық Азия халықтары көшпелі және отырықшы – егіншілік мәдениеттерінің сан-алуан тарихи, археологиялық, архитектуралық мәдени ескерткіштерінің бірегей кешеніне айналады.

Мағжан ақын «екі дүниенің есігі, ер түріктің бесігі» деп жырлаған қасиетті Түркістанның тарихында жаңа парақ ашылды. Түркістан түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығына айналды.

Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихи маңызы бар үлкен өркениет орталығы. Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Иә, әуелде Шауғар, Ясы (Асы) атанған бұл қала қазақ жерінде мемлекеттіліктің қалыптасуына ерекше ықпал еткен. Ол бірнеше ғасыр бойына тұңғыш ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығының астанасы болып келді. Қазақтың талай қайраткер хандары осы жерде ақ киізге салынып, хан көтерілді. Халқымыздың тарихындағы талай тағдырлы шешімдер сол кесенедегі Үлкен Ақсарайда қабылданғаны мәлім. Түркістанның түркі, қазақ руханиятында алар орны ерекше. Өйткені, осы шаһарда өмір сүріп, мәңгілікке дамыл тапқан әулиелердің сұлтаны — Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың «Диуани хикмет», «Пақырнама» және «Мират-ул-Кулуб» секілді еңбектері қазақ халқының ұлттық болмысы, дүниетанымы мен мәдениетінің қалыптасуына зор ықпалын тигізген. ХV ғасырдан бері қарай қазақтың игі жақсылары өздері дүниеден озған соң Түркістанға жерлеуін артындағыларға аманаттап отырған.

Тарихымен тілдескен, болашақпен үндескен Түркістан тәуелсіздік жылдарында қайта түлеп, ажарланып келеді. Мың бес жүз жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өткен шаһарда Қ.А. Йасауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің арқасында үлкен ғылыми-шығармашылық орта қалыптасты. Өткен жылы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы атанып, оның даңқы шартарапқа тарады.

Қасиетті Түркістанның Қазақ елі үшін ғана емес дүние түркілерінің ғажайып орталығы болуға мүмкіндігі зор.

Біріншіден, Түркістан географиялық тұрғыдан өте қолайлы орналасқан қала.

Екіншіден, Түркістанда 365 күннің 340-345 күні ауа райы ашық. Климаты жұмсақ. Жыл он екі ай бойы теңізден соғатын бриз секілді Қаратаудан самал есіп тұрады.

Үшіншіден, Түркістаннан Қызылордаға қарай солтүстік жақ тегіс, ашық дала, қаланың дамуына мүмкіндік мол.

Төртіншіден, қаланың шығысында Қаратау тұр, батысында Сырдария ағып жатыр. Табиғи туризмді дамытуға қолайлы.

Бесіншіден, қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда ерен ерлігімен танылған атақты хандарымыз, би батырларымыз жерленген киелі топырақ.

Алтыншыдан, Түркістанның бай тарихы бар, оны терең зерделеу керек.

Жетіншіден, Қ.А. Иасауидей дана, әулие мәңгілік байыз тапқан жер.

2017 жылдан бері тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы іспетті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алдық. Осының нәтижесінде барша адамзат тарихымен ұштасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісі кеңейді. Даңқты бабаларымыздан мирас болған рухани қазыналар халқымызды өткеннің өшпес өнегесімен қауыштырып, жарқын болашаққа жол аштыруда.

Түркі әлемінің шығу тарихы, тілі, даму жолын білімдар оқымысты лингвист, атақты ақын, үлкен қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ұзақ жылдар зерттеп келеді. Ірі-ірі әлемдік конференция, симпозиум алқалы жиындарда ол дүниежүзінің оқымыстыларын елең еткізер тың дерек, дәйекті тұжырымдар айтып жүр. Сонау көне тарихтағы біздің дәуірімізге дейінгі арғы кезеңдегі түркі әлемінің дүниеге келуі, таралуы, өркениетке қосылуы жайлы құнды ойларымен баршаны таңырқатып, қызықтыруда.

Түркі әлемі жан-жақты зерттеле беретін мәңгілік тақырып.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *