АРЫСТЫҢ АЙҚАЙЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Қоғам
1 035 Views

Иә, «Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте», – деп Дінмұхамед Қонаев атамыз айтқандай, қас-қағым сәтте бүкіл бір қаланы қирандыға айналдырған Шымкенттен шамамен жүз шақырым жерде орналасқан 44 мың халқы бар Арыс қаласының әскери қоймасындағы зілді жарылыс қазақ елін, барша Алаш жұртшылығын төбесінен жай түскендей әсерде қалдырып, барша халықтың жүрегіне сызат түсіріп, көзіне жас алдырды. Орын алған жарылыс күннің, аптаның, тіпті айдың басты тақырыбына айналғаны сөзсіз. Мұндай алапат елімізде алғаш рет орын алып отырған жоқ. Арыстағы әскери қару-жарақ қоймасындағы алғашқы жарылыс 2009 жылы 18 наурызда орын алған болатын. Салдарынан төрт адам қаза тауып, жиырма шақты адам жарақат алған.

Сол жылы осы Арыстағы апат туралы парламентте Мәжіліс депутаты, ҰҚК-нің генералы Ержан Исақұлов депутаттық сауал жасап, «Бұл әскери қойманы көшірмесек, ендігі жарылыс өте жойқын және зардабы зор болады» – деп ескерткені баршамызға аян.

2014 жылы Арыс қаласында оқ-дәрілерді жою зауытындағы жарылысқа екінші рет тағы да куә болдық. Сол кезде жарылыстан екі адам көз жұмған еді. Арада ұзақ уақыт өтпестен үшінші рет қайталанып, елді даңғаза күйге бөлеп, халықты абыр-сабыр етіп, Арыстағы ағайынның басына тағы да қайғы түсті. Алайда бұл қасіретті күндерден сабақ ала алмай, кезекті бір жарылысқа жол бердік. Бұл етене төнген апаттың төртіншісі. Осындайда халықтың «У ішсең ұлтыңмен, жұтасың жұртыңмен» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Осылайша арыстықтардың айқайы – бүкіл халықтың жанайқайына айналды.

Арыста болған төртінші апаттан үш адам қаза тауып, 70-тен астам адам жараланды. Ал Арыс қаласының көрінісі қандай кейіпке еніп, нендей халге душар болғандығы айтпаса да түсінікті шығар. Бұл қазақ елінің, барша Алаш азаматының қабырғасына қатты батты. Алдын алу шаралары жасалмауы негізінде қайғылы жағдайға тап болдық. Осындайда халықты қорғауға тиіс Қорғаныс министрлігі қайда қарап, нені ойлап жүр екен деген сауалдар санамызда кілт ете қалғаны сөзсіз. Халықтың жанайқайы неліктен болды? Ауыр зардаптың алдын алуға болмас па еді?

Халық наразылығының негізгі себебі – бұдан алдын да бірнеше рет қайталанған оқиғадан сабақ алмай, қорытынды шығармаған басшыларға деген қара қазандай болған ызасы мен өкпесі еді. Алапат жағдай лауазымды тұлғалардың жиі ауысуы, жауапты іске дер кезінде мән берілмеуі, өз қызметтік жүйесін орнықты түсіне білмейтін мамандардың жауапты салаға орнығуы салдарынан туындаған жайт. Сондықтан бұл мемлекет басшыларының назарында болатын іс, тиісті сала басшыларының құлақтарына алтын сырға дегім келеді. Иә, «Бұл – табиғи апат» деп халықтан кешірім сұраудан бас тартқан Қорғаныс министрін «Ай мен күннің аманында оқ-дәрілер атылып, снарядтар қалаға қарай ұшқаны қалайша табиғи апат болмақ» деп сөккен наразы халықтың қарасы көп. Алдағы уақытта мұндай өрескел қателіктердің орын алуына жол бергендер заң шеңберінде жауапқа тартылуы, тиісті шаралар қолданылуы қажет. Еліміздің басқа аймақтарында да алдын алу шаралары жүргізілгені абзал. Себебі, Арыстағы алапат баршамызға сабақ болғаны дұрыс.

Қасіретті апаттың салдарынан қаншама адам үй-жайынан айырылып, жалаңаяқ сандалып, жансауғалап босып кетті. Айдың, күннің аманында, бейбіт елде өзіміз сақтаған оққа өзіміз тұтылдық.

Десек те «елім» деп өзегін жұлып берер ел азаматтары мен ел серкелерін әрдайым халқы дәріптеген. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлын атап өтпеске әсте болмас. Қос әкім өз әрекеттерімен халыққа деген жанашырлығын, сүйіспеншілігін көрсетті. Оқ-дәрілер, снарядтар, бомбалар қаланы қиратып, қаусатып әрлі-берлі ұшып жатқандағы қауіпке қарамастан елмен бірге болды, ондағы жай-күйді өз жандарымен сезінді, көрді. Қаланы қалыпқа келтіру, арыстық тұрғындардың көңілдеріне түскен кірбіңді кетіру үшін әлі де жұмыстар жүргізіп, әлі де еңбек етуде.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та оқиға орын алған сәтті ести сала Оңтүстікке, нақтырақ Арыс қаласына алып-ұшып жетті. Зардап шеккен халықтың жанайқайын, хал-ахуалын көріп, жүрегімен сезінді. Көзіне жас ала тұрып халықпен бірге жаны күйзелді. Қасіретті ұққан Мемлекет басшысы Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажеттігін де назарға алды. «Әскери қару-жарақ қоймасы жойылады» деген шешім шығарып, уәдесін берді. Ол әрекет басталып та кетті.

Бүкіл мемлекет, облыстар, кәсіпкерлер, тағы басқа сала мамандары Арысқа қамқорлығын көрсетіп, сүбелі жұмыстар атқаруда. Бір емес, бірнеше рет болған зұлматтың алдағы уақытта қайталанбасына кепілдік берілді деген сенімдеміз!

Басын қатерге тігіп, қауіпті аймаққа ат басын бұрған, халықтың өмірін өз жанынан артық қойған қасіретте де қайратын көрсете білген осындай басшы мен ер-азаматтарымыздың арқасында тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары жедел түрде жүргізіліп, халық эвакуацияланды. Осы орайда, әскерилер, полицейлер, әкімдік қызметкерлері мен өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлерінің еңбектері орасан екені айтпаса да түсінікті. Халықтың амандығын қамтамасыз еткендерге басымызды иеміз! Ерліктері көз алдымызда, жадымызда.

«Nur Otan» партиясы төрағасының жаңадан тағайындалған бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің алғашқы сапарын Оңтүстіктен бастап, Арыс қаласына арнайы барып, ондағы төтенше жағдайдан үйлері зардап шеккен отбасылармен кездесіп, ешкімнің назардан тыс қалмайтынын, мемлекет тарапынан бәріне бірдей қолдау көрсетілетінін, соған байланысты Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нақты шаралар қолға алынып жатқанын айтып, қаланы қалпына келтіру шараларымен танысты. Жас та болса, бас болып келіп отырған Бауыржан Байбектің бұл әрекетінен елдің сенімін арқалаған партияның алдағы уақытта да көш басында жүретінін, елге деген қамқорлығы, халықтың болашаққа деген үмітін селкеу түсірместен ақтайтынын аңғарта түскендей.

Арпалысқа түсірген жойқын апаттан баршамыздың қабырғамыз бірге қайысты. Арыстықтарды ойлап алаңдайтынымыз рас. Кешегі күн мен бүгінгі күнді байланыстырған халықтың ақ пейілі, бірлігі, ынтымағы әлі де жойылмағандығын, әлі де қанымызда бауырмалдық, жанашырлық бар екенін, біртұтас ел екенімізді танытып Қазақстанның барлық өңірінен көмек қолдарын созып, ағайындар қолдарында барын алып ағылып жатты. Бұл да бір қазақ халқының бірлігі мен жігерінің мұқалмағанының айғағы, айшықты көрінісі болды. «Ел-жұртыңның қадірін іс түскенде білерсің» демекші, барша халық жұмылып қиындықты еңсерді. Біз қазақ текті халықтың ұрпағымыз. Ал тектілік адамның ізгілікке, баянды мақсаттарға ұмтылып, жақсы үлгі-өрнек қалдыруынан көрінеді. Ал пендешілік пен нәпсіқұмарлықтың теріс жолына түскен азамат тексіздіктің құрсауына шырмала түседі. Теріс пиғылдан арылып тектілікпен үлгі болу да, бітімгерлік пен бірлігімізді таныту да, ірі елге айналуымыз да, шіріген елге айналуымыз да – өз қолымызда. Сондықтан Алла ақ пейілімізден, осындай ынтымағымыздан айырмасын деп тілейік!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Аналарымызды сәбилерінен, ал балаларымызды күлкісінен айырмасын! Жаратқан Елімізге жар болсын!

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *