ХАЛЫҚ НАҚТЫ НӘТИЖЕ КҮТЕДІ

Билік
743 Views

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы АЙТАХАНОВ мырзаға

А Ш Ы Қ   Х А Т

Тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жыл ішінде сүйікті Шымшаһарды басқарған әкімдер әр екі-үш жыл сайын алмасып отырыпты. Әрине, олардың бәрі де өз қал-қадірінше қаланы өркендетуге елеулі үлес қосты, атқарған жұмыстары тарихта қалды, халықтың көз алдында тұр. Енді міне, тізгінді он төртінші болып Ерлан Қуанышұлы Айтаханов қолға алды. Сүйікті Шымқаланың өткеніне көз жіберсек, әрине, қазіргі жағдайды бұдан он-он бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға мүлде келмейді. Ел ақуалы, экономикасы мен әлеуеті, мәдениеті өркендеп барады. Шымкент Нұр-Сұлтан мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис қала мәртебесіне ие болды. Уақыт ағымына қарай қаланың бүгіні мен ертеңіне деген көзқарас та өскелең талап тұрғысына сай өте жоғары дәрежеге көтерілгенін естен шығармауға тиіспіз.

Жақсымызды ешкім тартып алмайды, ол мақтанышымыз болып жұрт игілігіне айналады, жүрек төрінде жылы ықыласпен сақталады. Бірақ қалада атқарылуы тиіс, көптен түйіні шешілмей келе жатқан мәселелердің, халықтың наразылығын тудыратын, барымызды ұқсата алмай отырған келеңсіз жәйттердің шаш етектен екенін, оны көрмей, білмей, айтпай айналып кетуге тағы болмайды.

Жаңа басшының назарын қазір қалыптасып отырған бірқатар түйткілді мәселелерге аудара отырып, әкімнің командасы мен бүкіл қала жұртшылығы біріге қолға алса деген ұсыныстарымды ортаға салсам деймін.

Бұл тұрғыда әңгімені күлбілтелетпей тікесін айтар болсақ, бірінші кезекте халыққа жағдай жасау керек. Жағдай дегеніміз, бұл ұл-қыздарымызға сапалы білім беру, өнімді жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндікті жасау, несие алып, жұмыс істегісі келетіндерге несие беру, ал кәсіпкерлік қолынан келмегенімен қолдан келетін тірлікпен айналысам дегендерге жұмыс орнын тауып беру.

Жастарды қыруар ақша жұмсап, шетелге оқуға жібереміз, ал олар біздің экономикалық саясатымызға сәйкес келмейтін, өз елінде қолдана алмайтын білім алады. Елге біздің заңымыздан мүлде мақұрым болып келеді. Ал, енді оқып келдің ғой, өзіңді көрсет, жұмыс істе десең, неден бастарын білмейді. Білетіні тек шет тілі. Шетелге оқу үшін емес, тәжрибе алу үшін жіберу керек.

Мысалы, лауазымды қызметінен кеткен әкім Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Германияда оқыды, орталық органдарда істеді. Шамасы мәліметтерді уақтылы, сапалы жинап отырды, сол арқылы басшысының көңілінен шыға білген болар. Оған үлкен сенім артылып, жауапты да жоғары лауазымды қызмет берді. Бірақ тәжірибесінің аздығынан, тіпті жоқтығынан десе де болар, сенімді ақтай алмады. Президент Аппаратының басшысы осылай демеді ме? Содан да халықтың әл-ауқатын көтеру үшін нақты іс жүргізуді былай қойғанда, өзі қабылдаған бағдарламасын да естімедік.

Айтқаны болмай сандалып, жергілікті биліктен түңілген ызалы әйелдер балаларын әкімдікке тастап кетеді, сәбездің алды қарақұрым наразы қауымынан босамайды. Бірінші сәуірден бері төрт ай бойына шешілмейтіндей ол қандай күрделі мәселе. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап беріле бастайтын жаңа көлемдегі атаулы әлеуметтік көмекті алудың жолдары мен оған қажет құжаттар жөнінде берген түсініктемесі барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды ғой. Бұған қоса «Тиісінше, отбасына сәйкестендіру үшін жеке куәлігін және өтінішін тапсыру жеткілікті», – деп атап көрсетті вице-министр.

Жаңа ереже бойынша өтінім берушіден қосымша анықтамалар сұрамайтын болады. Оны тек ақпараттық жүйелерді деректер болмаған жағдайда сұрай алады.

Басшылық тізгінін ұстағандар проблеманы шешуге әрекет жасаудың орнына «Шұбыртып бала туа бермеңдер», – дейді екен. Сонда оның өзі қайдан келген? Ол дегеніміз ұрпағыңды жоюмен тең емес пе? Бұл – қылмыс қой.

Иә, өкінішке орай, ескі әкім осылайша қордаланған проблемаларды уақтылы және ойдағыдай шешу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай, келді де кетті, сенімнен шыға алмады.

Жаңа әкім Ерлан Қуанышұлы інімізден көп үміт күтіп отырмыз. Ол ысылған, тәжірибесі толысқан, іскер маман. Шаруашылықтан бастап, ауданда, облыста, қала берді орталықта да еңбек етті. Барынша тәжірибе жинаған секілді.

Облыстық қаржы басқармасының жанынан жиырма жылдан астам уақыттан бері шығып келе жатқан «Қаржы» экономикалық газетінің бас редакторы ретінде өңірді дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті жасау мен олардың атқарылуын қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы билік басшыларының, экономика, қаржы, мемлекеттік кіріс саласының ардагерлері мен білікті мамандарының қаланы басқару, экономикасы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы құнды пікірлеріне сүйене отырып, өз ұсыныстарымды жинақтаған едім.

Қаланың жаңа әкімі өз бағыт-жоспарларына қоса мынадай істерді қолға алып, жүзеге асырса жұмысының нәтижелі, қаланың дамуына аз да болса ықпалы тиер еді деген оймен сол ұсыныстарды жолдап отырмын.

Бірінші кезекте қаланың әлеуметтік-экономикалық жоспарын қайта қарап, еңбек және өндіріс ресурстарының теңгерімін жасап алу керек. Жұмыссыз бос жүрген қаншама азаматтарды атқаратын мамандықтарына қарай топ-топқа бөліп, олардың ішіндегі ер адамдар мен әйел адамдардың санына назар аудару қажет.

Бұдан соң жұмыс орнын ашпас бұрын кәсіпкерлермен кездесіп, нақты жұмыс орындарын анықтап алудың және кәсіпкерлерге ең төменгі пайызбен несие беріп, олардың өз кәсіптерін ашуына жәрдемдескен жөн.

Жұмыссыздар іске кіріскен соң қосымша кіріс табумен бірге қала бюджетінің толығуына да үлес қосады. Мемлекеттік кірістерді толықтыруда танымал донор болып отырған республикалық бағыныстағы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының деңгейіне жетуге тиіспіз. Ал, біздің қала тұрғындары негізінен о бастан кәсіпкерлікке бейім, істің көзін таба білетін, еңбеккер халық бола тұра әлі күнге дейін республикалық бюджетке тәуелділік құрсауынан шыға алмай келеді.

Содан соң қала бойынша шығатын өнімдердің өтуіне көмектесуді міндетіне алып, айлық жалақының төменгі көлемін бірлесе бекітіп, бақылап отыру қажет. Бұл жерде қаланың әлеуетіне қарай экономикалық аймаққа (ауыр өндіріс, жеңіл өндіріс, химия өндірісі, ауыл шаруашылығы өндірісін қайта өңдеу, тағы басқа) бөліп алған дұрыс болар еді.

Әлеуметтік теңгерім жасауға баса назар аударған жөн. Бұл үшін бірінші кезекте халықтың орташа өсу қарқынын (балабақша жасына дейінгі, мектеп жасындағыларды, жоғары оқу орындары мен колледждерде оқитындарды, қарттар мен зейнеткерлерді) анықтап, соған байланысты қала бойынша қанша әлеуметтік нысандар қажет екенін белгілеп, оның шешу жолдарын нақтылап алу керек.

Екінші кезекте әлеуметтік төлемдер (атаулы әлеуметтік көмек, заңмен белгіленген тағы басқа да жәрдемақылар мен төлемдер) көлемін анықтап, бұл көмектердің жылдан-жылға азаюы үшін нақты есеп жүргізіп отыру керек. Бұл орайда қанша адам жұмысқа орналасып, отбасылық кірістер көлемін ұлғайтқанын бақылап, біліп отыру маңызды. Осылайша халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етумен бірқатарда әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларының санын мейлінше азайтуды – бірінші кезектегі және ең маңызды мақсат ретінде санау керек.

Шымкент – инфрақұрылымы жақсы дамыған, Қазақстанның жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталықтарының бірі. Қарқындап дамып жатқан қазіргі жаһандану заманы ырғалып-жырғалуды көтермейді. Сондықтан бұл жоспар кем дегенде үш айдан аспай толық жұмыс істеуі тиіс.

Халық әр әкімнен нақты нәтиже мен қамқорлық күтеді. Құр сөзден шаршады. Жұрт шынайы бетбұрысты сезгенде ғана басшыны сыйлап, құрметтейді, қолдайды. Кез келген әкім қабілет-қарымын нақты ісімен дәлелдей алса, олар үшін там-тұмдап қана, тіпті сараң қалыптасатын бедел, сенім, рейтинг сияқты зәру көрсеткіштерді тез-ақ көтеріп алуына болады.Сонда бұқаралық ақпарат құралдарындағы қыңыр, бұралқы сөздер, аяқтан шалу, өсек айту дегендер де өзінен өзі жойылады. Әкім мырзаның осыларды терең ұғынғаны жөн болмақ.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

«Қаржы» экономикалық газетінің бас редакторы,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *