ХАНША ДАРИЯ ХИКАЯСЫ

Әдебиет
1 392 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Қарауыл төбені шырқ айнала түнгі аспанның жұлдыздарындай әскер қостарының оттары құжынайды; төбеде – жер қайысқан қалың қолдың ығы-жығы қостарының отындай жұлдыздар самсайды; біреулері әлі маздап тұрса, енді біреулері жер ошақта қалған қозадай солғын бозарады. Баурайда аттар пысқырады. Қостардың басындағы сан қилы сөздер, сан түрлі дауыстар араласқан алашабыр жабыр-жұбыр әңгімені қырдың түнгі самалы біресе қағып әкеліп құлағыңның түбінен самбырлатса, біресе талықсытып, түу-түу алысқа, шалғайға алып қашады. Ара-тұра жел жақта жайылып жүрген жылқылардың мұрын жарар күлімсі иісі мүңк ете қалады. Ащы тер, қажымас қайрат, алыс жорықтардағы сан қилы жолдардың шаңы, сан қилы шөптің нәрі ию-қию араласқан сол бір иіс – мынау маужыраған бейқам түнді серпілтіп кететіндей сергектіктің, сақтықтың, бұл маңай қанша жайлы, қанша рақат болса да, ертең тағы жорық барын, алда талай азапты кешу, арпалыс тұрғанын сездіріп, бір түрлі айбындырып тастайтын қатыгез рухтың қаһарлы сесіндей.

Аспан мен жердің ара-шегі жойылып, төңіректегі тұтасқан қалың мұнар мен жымыңдасқан оттарды көргенде ол жер басып тұрғанын ұмытып, сонау көз ұшында еміс-еміс жымыңдасқан жұлдыздардың ортасындағы хақ тәңірдің өзіне айналып кеткендей сезінеді. Сонау төбесіндегі, мынау іргесіндегі жыбыр-жыбыр көп от бұған тауап етіп жатқан көп ғаріптің жалбарыныш шырағындай; оларды осылай моншақтай тізіп маздататын да, бір үпіріп өшіріп тастайтын да құдірет тек өзі сияқты.

Осылай аспан мен жердің арасына сыймай, кеудесін кернеп, алып-ұшып бара жатқан желкілдек көңілін су сепкендей баса қоятын да әлгі бір келте самалға ілесіп мүңк ете қалатын күлімсі сілті иіс. Ол иіс бұның танауына мынау көкірегіңді, кеудеңді шайып жатқан саумал ауадан бетер жағады. Ат қосшыларын шақырып, төбенің басына ақ шаңқан киіз жайғызып, төсек салдырады, жел жағына өзінің ер-тұрманын қойғызады. Төсегін шыр айналдыра жылқының қылынан жаңа есілген қыл арқан тастайды. Жылқының тер иісі мен қылтанақ қылынан қашпайтын мақұлық жоқ көрінеді. Қараңғы түнде үрей тудыратын ібіліс-пәлекеттер де айғыр жылқының ащы тер иісіне жуи алмайды деседі. Бұл осындай қара түнде қапысын тауып кете ме деп қауіптенетін оқыс пәлекеттерінен жылқының күлімсі иісімен қорғанады да, жұмыр бастылар тарапынан келетін қатерден шыр айнала қоршап алып, таң атқанша кірпіктерін бір ілмейтін қырық жасауылы қорғайды, ал алда-жалда олардан келер пәле болса, оны әрі құралайды көзінен ататын мерген, әрі қараңғы түнде құмырсқаның жорғалағанына дейін сезе қоятын саққұлақ аңшы Касар досы бір өзі көріп алады.

Бұл қанша қаннен-қаперсіз ұйықтап жатса да, таң сібірлесе болды, біреу түртіп оятқандай төсегінен атып тұрады. Қалың қос тегіс оянып болғанда, ол ат үстінде жүреді. Қапелімде оның қайда түнеп шыққанын да өз нөкерінен басқа ешкім білмей қалады.

Әскерді аралай берсе, тіпті де шаршамайтын түрі бар. Бірақ қайта-қайта қостарына соғып, қайта-қайта табақтас бола берсем, қауқылдасқан қалың қолды бойыма үйретіп алам ба деп қорқады. Тіпті түмен басылардың да шатырына отырып жарымайды; қона қасы әзірлеп қалбаңдасып қалған талай қосқа тоқтамады да. Әскер басыларын өз шатырына аз жинайды. Көбіне біріндеп шақырып, жеке мәслихаттасады. Түмен басыларын айда-жылда болмаса, көбіне-көп бір-бірімен кезіктіре бермейді.

Өз шатырында болатын ұлықтарға да барынша іш алдыртпауға тырысады. Бұның мінез-құлқына бой үйретіп, сыралғы болып алғанын байқаса, дереу шатырдан аластаудың қамын ойлайды. Шатырдан аласталғандар содан қайтып бұның көзіне түспейді. Сондықтан да шығар, бұның шатырында қызмет атқаруға жұрттың тап онша құлқыны құри қоймайтын тәрізді.

Дүниеде билеуші атаулы бет-ажары келіскенмен, денесінде тыртығы бар сұлу әйелмен бірдей ғой. Әлгіндей әйел сыртынан алдына келген еркектің құлқынын құртып, құмартқызып отырғанмен, ішінен әлем-жәлем боп, қорынумен болады. Сұлулығыма табынған еркек денемдегі мінімді біліп қоймаса екен деп қуыстанады. Өйткені, әлгі міні әйгілі болған күні сұлу аты да құриды. Билеушілер де сыртымен ықтырып отырғанмен, ішінен сескенеді, бағыныштысын бойына дарытқысы келмейді. Ал сарай маңының сабылмаларының да нәпсіқор еркектердей қашан барлық гәпті біліп болғанша өліп-өшетін ежелгі әдеті бар. Сондықтан да бұл бағыныштысының қасы мен қабағын алдымен өзі аңдиды; егер ол алда-жалда мұның бір сырына түсініп қалса, дереу көзін құртады. Әйтпесе, өзіне қауіп. Өйткені билеушінің тағдыры да сұлу әйелдің тағдырындай. Қай күні жұрт оның ісі мен қылығына таңданудан қалса, сол күні оның да дәуренінің өткені.

Ол талайларды тамсантумен келеді. Әуелі өзімен қырғи қабақ болған ағайындарын алдап таңырқатты; олардың ауыздарын алып алған соң, дереу бастарын жалмап таңырқатты. Сосын біреуді орынсыз мадақтап, біреуді жазықсыз жазалап таңырқатты. Ол үшін істегенін жұрттың мақұлдаған-мақұлдамағаны бәрібір, әйтеуір таңырқаса, таңданса болды. Қайта оған сол жұрттың құптағанынан гөрі ұқпағаны керегірек. Ол шатырына ойындағысын айтпай танып отыратын сұңғылаларды жуытпайды, не істесе де таң-тамаша қалып отыратын жұмыр түйсік, маубастау адамдарға көбірек үйір. Қасынан Касар мергенді тастамайтынының да бір себебі сол. Касар мерген құм үстінде құмырсқа жорғалап келе жатқанын сыбысынан біле қоятын аңшыл, бірақ жұрттың не ойлап, не қоятынында атымен жұмысы жоқ. Оның үстіне хан отырған сары ала шатырдан гөрі қасқыр мен сілеусін қаптаған құз-қия шатқалдарға құмар. Ол өзгелерді сәл нәрсе үшін жер қаптырып жататын қатыгез ханның өзіне елден ала бөтен неге қаны қата қалғанына қашан да қайран. Касар мергеннің осы күнге дейін жыланды тірілей жұтып, шоқ шайнайтын тибет көзбояушысы Эрен мен өз әміршісінің осы мінезіне түсіне алмай таңырқаумен өмірі өтіп барады. Әлгі бір ұлы әміршінің басқан ізін жырға қосып, дастан қылып отыратын ақындардың өлеңдері оған әуелі әншейін жел буаз сөз сияқты көрінетін еді, қазір оларға да ынты-шынтымен ұйитын болды.

Мінекей, Касар мерген қасында, төңірегіне құлақ түріп, тың тыңдап келеді. Түнде қар жауған соң, бұйығып қалған аңдар әзір бой сергіте қоймаған. Андау-андау араны көп қара шатқалға енді жетті. Жақпар тасқа өрмелей өскен қарағай мен самырсынды қар кеміп алыпты. Сәл лып еткен лептен сүмелек қар сусып төгіледі. Қан сонардың мамық мұнары да сейілмепті. Күн жылы. Екі ат шатқалдың шатқаяқ жолынан аяқтарын санап басады. Барған сайын бұлтарыс көбейіп, жол қиындай түсті.

Қапталдан тау өзені жолықты. Сайдың сонау тұңғиық табанында ұлпа қарды жидіте тіліп ағып жатқан қап-қара судан бу бұрқырайды. Сай бойындағы әлдебір тасқын желкелеп айдап әкеліп тастаған шомбал-шомбал қой тастар келте тонынан бөксесі көрінген алыптардай үсті ағарып, асты қарауытып, дөңкиіп-дөңкиіп жатыр. Анандай лепіре, лекілдеп аққан тентек ағынның қасында, жол бойында мертіккен аттай теңкиіп жатқан неткен ерсі. Өмір де осы бір ескі арнаның алдамшы ағынындай. Сонау қырық үйіріліп, бұрқырап-сарқырап жатқан ақ түтек су осыдан қай жерлерге дейін барады. Жауды жапырып, жөңкіген қолдай өңмеңдеп аға береді. Қай құздан бас алып, қанша жартасқа айбат шегіп, қанша қой тастың басынан қарғып өткенімен жұмысы жоқ. Осы бетімен лағып барып, шалқып жатқан шалқар айдынның құшағына еніп, із-түзсіз жоғала ма, жоқ жол-жөнекей құмға сіңіп құри ма – оны да ойламайды. Сыңайы, осы бәр-бәрімізді өңмендетіп қойған өмір шіркіннің өзі де, түптеп келгенде, тап осы ағын судай баянсыздық, сылдыр-сұйық пәтуасыздық шығар.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *