1974 жылдан бері егемен елімізде 9 қазанда – Дүниежүзілік пошта күні тойланып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйытқы болуымен өмірге келген бұл айтулы мереке жылсайын келесі жылдың газет-журналдарына жазылу науқанының басталуына орай Баспасөзге жазылушылар күні ретінде де атап өтілуде. Қалыптасқан сол ізгіліктіде игілікті дәстүрге сәйкес биыл да бұл қос мереке қатар тойланды. Шымкенттегі әсем безендірілген Бас поштаның алдына таңертеңнен жинала бастады. Олардың арасында байланыс саласының қызметкерлерімен қоса-қабат бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қарапайым жұртшылық көп болды.
Салтанатты республикалық «Қазпошта» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Б. Б. Ысқақ қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты:
– Тәуелсіз де егемен елімізде «Қазпошта» мекемесінің құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Тарихқа үңілетін болсақ, Қазақ поштасының тарихы сонау 1860 жылдан бастау алады. Сол кезеңде Верныйда (қазіргі Алматы) алғашқы пошта бөлімшелері ашылған екен. Міне, содан бері бұл саланың қызметкерлері халыққа хат-хабарлар, газет-журналдар, сан түрлі сәлемдемелер жеткізу жолында жемісті еңбек етіп келеді. Байланыс саласы, пошта қызметі тіпті, қанқұйлы сұрапыл соғыс жылдары да толастаған емес.
Байланыс саласы бүгінде өскелең заманауи талаптарға сай жабдықталғанымен ерекшеленеді. Барлық жұмыс электрондық жүйеге көшірілген. Соған сәйкес мамандарымыздың да білім және білік деңгейлері көтерілген. Біз тұрғындарға газет-журнал таратып қана қоймастан, сан түрлі төлемдер қабылдаймыз, жаңадан қосылған тағы басқа да қызметтерді көрсетіп келеміз. Осы орайда әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен тығыз байланыс орнатқанымызды айрықша атап өтуге болады. Олардың шығаратын баспасөз өнімдерін оқырмандарға едел-жедел жеткізу жолында тынымсыз еңбек етудеміз. Мұндай тығыз байланыс алдағы кезде де өзінің жарқын жалғасын таба беретін болады. Қос мереке құтты болсын! – деді ол.
Бақытжан Бекболатұлы сөзінің соңында Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай мерзімді баспасөз басылым өнімдерінде елдегі, төрткүл әлемдегі болып жатқан оқиғаларды, мәдени-танымдық, тәрбиелік тақырыптардағы материалдарды, Қазпоштаның жаңа қызмет түрлерін дер кезінде халыққа жеткізіп, жарнамалап, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларын Алғыс хатпен марапаттады. Олардың арасында республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы Әбдісаттар Әліп те бар.
Бұдан кейін Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Сабырбек Олжабаев, қалалық «Шымкент келбеті» газетінің редакторы Бақтияр Тайжан, «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің жауапты хатшысы Әбдісаттар Әліп, «Қазақстан жолы», «Аталар сөзі», «Ұстаз нұры – информ», елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында жарық көретін «Төртінші билік» газеттерінің бас редакторлары – Оңғар Тәжиев, Ерназар Пернеев, Әнуарбек Бейсе, Төлемырза Балтабаев, тағы басқалар сөз сөйлеп, байланысшыларды төл мерекелерімен шынайы құттықтаумен қоса-қабат екіжақты байланыстарды өрістете беретіндіктерін жеткізді. Өзбек тілінде жарық көретін облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің редакторы Алишер Сотволдиев облыстық «Қазпошта» ұжымына белесебет тарту етті. Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» және облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінің атынан естелік сыйлықтар тапсырылды. «Дөңгеленген дүние», «Еркін ой» газеттерінің бас редакторлары – Талғат Орманов пен Балтабек Түйетаев бір топ байланысшыларға Алғыс хат табыс етті.
Іс-шара барысында «Қазпоштаның» облыстық филиалы ППБ басшысы Жанна Сақбаева, ҚСБ бөлімінің басшысы Майра Исаева, мекеменің кәсіподақ қызметкерлері одағының төрағасы Қалдарбек Әбдірайымов сөз сөйлеп, әріптестеріне Алғыс хатпен қоса-қабат сан түрлі тарту-таралғылар ұсынды. Сонымен қатар бір топ еңбек ардагерлеріне де сый-құрмет көрсетілді.
Аталмыш мекеменің жанынан құрылған «Айқаракөз» триосы «Қарағым-ай», «Ақ бантик» секілді әсем әуезді әндерді әуелетті. Сондай-ақ Жақсыгүл Өтеулиева шырқаған әндер де көпшіліктің көңілінен шықты.
Сағат 12:00-де республикалық «Қазпошта» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Сәкен Сейітжаппарұлы Сәрсенов барлық байланыс саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен шынайы құттықтады. Ол сала қызметкерлерінің еңбегіне табыс, отбасыларына бақ-береке тіледі. Мұның бәрін аталмыш сала қызметкерлері үлкен монитор арқылы тамашалады.
Кейіннен Бақытжан Бекболатұлы басқаратын ұйымшыл ұжым еңбек ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арнап ақ дастарқан жайды. Сөйтіп, әсерлі әңгіме-сұхбат құрып, алдағы жоспарлары жайлы өзара ой бөлісті.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.
Суретті түсірген
Ғалымжан АЛТЫНБЕКОВ.
Шымкент қаласы.