ҚАРУ МЕН ҚАЛАМДЫ ҚАТАР ҰСТАҒАН БАТЫР

Спорт Тұлға
2 041 Views

Қарақозы Әбдәлиев 1908 жылы Сырдария губерниясының Шымкент уезіне қарасты Қазығұрт тауының етегін жайлаған Талдыбұлақ ауылында (қазіргі Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылы) дүниеге келген. Кей деректерде ол Төлеби ауданында туылған делінеді. Әкесі – Әбдәли Мұсабекұлы көп жыл кісі есігінде жалшылықпен күн кешкен. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғана арқа-басы босаған. Сөйтіп, алғашқылардың бірі ретінде ұжымдық шаруашылыққа мүше болған. Қарақозы 1923-1926 жылдары Шымкент қаласындағы мектеп-интернатта оқыған. Содан кейін ұжымшарда, ауылдық кеңесте хатшылық қызмет атқарған. 1932-1934 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген. 1934-1939 жылдары ұжымшардың, ауылдық кеңестің есепшісі, аудандық қаржы бөлімінің инспекторы болып қызмет істеген. 1939 жылдың желтоқсан айынан Ленгер (қазіргі Төлеби) аудандық партия комитетінде есепші болған. 1940 жылы сәуір айында Коммунистік партия қатарына қабылданған. Осылайша ол жер-жерде партия, кеңес органдарында, шаруашылық саласында жемісті еңбек еткен.

1942 жылы 19 сәуірде Қарақозы Әбдәлиев сүйікті Отанын қатыгез жаудан қорғауға аттанған. Гвардия лейтенанты 126-Горловтық дивизияға қарасты 690-атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысқан. 1943 жылы 22 қазан күні Украинаның Запорожье облысындағы Мелитополь қаласы үшін болған ұрыста өз взводымен дұшпан бекінісіне шабуыл жасап, 17 үйді жаудан босатып, фашистердің оқ жаудырып тұрған 23 ұясын, алпыстан астам гитлершілдерді жойған. Көше бойындағы жекпе-жек шайқаста сол қолынан жараланғанына қарамастан, қаптап келе жатқан жау танкілеріне пулеметтен оқ жаудырған. Тұтанғыш гранаталар лақтырып, олардың бірнешеуін істен шығарған. Жиырмадай автоматшыны өлтірген. Осы ұрыста қол созым жерден жау танкісіне гранат лақтырып, қаһармандықпен қаза тапқан. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 1 қарашадағы Жарлығымен Мелитополь қаласын жаудан азат етудегі көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

1978 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер ақындардың «Жыр – аманат» атты жыр жинағы жарық көрген. Құрастырып, «Ерлік пен жырға өлім жоқ» атты талдау мақаласы мен өмірбаяндық мәліметтерді жазған – ғалым, филология ғылымының кандидаты, Қазақ КСР Ғылым академиясы Мұхтар Омарханұлы Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Көбей Сейдеханов. «Майдангер атынан» деп аталатын алғысөзін жазған – Бауыржан Момышұлы.

Есімдері осы кітапқа енген авторлардың бәрі де Ұлы Отан соғысында (1941-1945) қаза тапқандар. Олардың ішінде бұрын жеке жинақтары шыққандары аз, көпшілігі көзі тірісінде бір шумақ өлеңін де жариялап үлгермеген, қалың жұртшылыққа бейтаныс есімдер. Соғыс құрбандарының шығармаларынан құрастырылған бұл тұңғыш жинақ 28 жауынгер ақынның шығармашылығын қамтиды.

Міне, солардың арасында қару мен қаламды қатар ұстаған біздің даңқты жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевтің де есімі кезігеді. Жыр бәйгесіне қосыла қоймағанымен, «аузының желі, қолының ебі бар» жігіт еді. Қаламды – найза, өлеңді – оқ еткен оның ғұмыры қандай қысқа болса, шығармашылық жолы одан да қысқа екенін көреміз.

«Аттан!» – десең, ұмтылам алғы шепке,

Сен үшін жан қисам да арманым жоқ! – деп өзі айтқандай, ездік өмірден ерлік өлімді артық санап, «Отан үшін!» деген ұранды ту етіп ұстаған хас батырдың есімі – ел есінен ұмытылмақ емес.

Енді Қарақозы Әбдәлиевтің сол бір жыр жинағына енген өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

ОТАНЫМ

Отаным, сен дегенде тасып жігер,

Жас жүрегім жалындап, шабыт үдер.

Аяладың, өсірдің, шынықтырдың –

Қиналсаң қиыныңа мені жібер.

Туса егер күш сынаспақ басыңа күн,

Бойыма бес қаруды асынамын.

Қас дұшпан қай жағыңнан тиіссе де

Мен оны аластауға асығамын.

Сертім сол – бұл сөзімнің жалғаны жоқ,

Үніңе құлақ аспай қалғаным жоқ.

«Аттан!» – десең, ұмтылам алғы шепке,

Сен үшін жан қисам да арманым жоқ!

1941 жыл.

АНАМА

Жан ана, өзің едің мәпелеген,

Мойнымда қарызым көп өтемеген.

Бейнеңді елестетсем тарыққанда,

Тағы да қайраттанып кете берем.

Шайқаста ойға кірмей өлім деген,

Екпіндеп рухтанам, көңілденем.

Байқасам, мұның бәрі сенің арқаң,

Білмеппін құдіретіңді тегінде мен.

Зұлым жау маған төніп төксе зәрін,

Қасымда сен жүресің – оққағарым.

Халқымның Жеңісіне үлес қоссам,

Сол болар сеніміңді ақтағаным.

Өн бойымды кек кернеп, намыс кернеп,

Тағы да алға ұмтылдым. Жеңіс анық.

Жан Ана, көмегіңді күшейте бер,

Ұжымшарда еңбегіңнен табыс алып.

1942 жыл.

СҮЙГЕН ЖАРҒА

Өзің де Асыл десе асыл едің,

Сен қашан қиындыққа жасып едің?!

Талайлар Отан үшін жанын қиды,

Артық деп қорқақтықтан батыр өлім.

Менің де мақсатым сол алға қойған –

Кек алу, дұшпаныма салып ойран.

Тегінде құрбандықсыз Жеңіс болмас,

Қашаннан қатал заңы қанды майдан…

Әрине, мен де өмірді бағалаймын,

Күтемін жақсылығын туар айдың.

Ұйықтасам Жеңіс күнін мерекелеп,

Түсімде туған жерді аралаймын.

Бұл түс те өңге айналар етсек төзім,

Жүрекке «Жеңіс» деген орнап сезім –

Барамыз жауды қуып өз жеріне,

Күн жақын оралатын Қарақозың.

1942 жыл.

ӘКЕМЕ

Мен жүрмін қызмет етіп елім үшін,

Тас көмір, алтын шыққан жерім үшін.

Әр күні фашизмге соққы беріп,

Аудармай күндіз-түні көздің ұшын.

Немістің уақытша алған жері,

Тоқтап тұр кәдеге аспай түрлі кені.

Сарбаздар ерлікпенен алға басты,

Фашистің кейін қайтып, қалды көңілі.

Фашистке Қызыл әскер берер өлім,

Күніне тастап жатыр алған жерін.

Артына бұрылуға әлі келмей,

Барады тастап кетіп танкілерін.

Жұмыскер снарядтар беріп жатыр,

Қоры оның істеп қойған толып жатыр.

Фашистен босатылған селоларға

Қайтадан жұмысшылар қонып жатыр.

Барлық жан еңбектенген майдан үшін,

Аямай ел қорғаудан жиған күшін.

Қайтадан зауыт-фабрик істеп жатыр

Фашистке қатты соққы беру үшін.

Ал, әке, өзіңді ұста қартаймастан,

Көп істер ойласаңыз өтер бастан.

Мен ұлың ажал-оқтан аман болсам,

Барамын көз алдыңа ұзамастан.

Қуат бер балаларға ақыл айтып,

Жүрмеңіз көп ойланып, күштен қайтып.

Жоғатып фашистерді жерден қуып,

Барамын аман болсам елге қайтып.

1943 жыл.

Осылайша қару мен қаламды қатар ұстаған Қарақозы Әбдәлиевтің өмірі өнегеге толы-тұғын. Әттең, сұм соғыс, сұм ажал оны арамыздан ертерек алып кетті. Батырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Ал ақындығы да ауыз толтырып айтарлықтай арда азаматтың есімі ел есінде мәңгілікке сақталмақ. Осы орайда газет оқырмандарына айтарымыз: егер Сіздердің үйлеріңізде Қарақозының жазған хаттары, өлеңдері, яки ол жайлы жазылған газет-журнал материалдары болса, біздің редакциямызбен хабарласуларыңызды сұранған болар едік. Батыр жайлы естелік, эссе жазамын десеңіздер де құп көреміз. Бұлардың бәрін келешекте шығатын кітапта жарияламақ ниеттеміз.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Спорт журналистері арасындағы республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *