ҰСТАЗЫН ҰЛЫҚТАҒАН ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Білім
1 330 Views

Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз.

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ,

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері мен қазақстандықтардың әл-ауқатын әрі қарай арттыру бойынша міндеттерге арналған. Бұл нақты тәжірибелік істердің бағдарламасы – сөз жоқ, барлық қазақстан­дықтарға, соның ішінде бірінші кезекте зиялы қауымның алдыңғы шебінде тұрған педагогтерге қатысты. «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім», – деп хәкім Абай айтқандай, ұстаздық қызметтің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірттерінің жүрегіне жол табады. Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы сөз қозғар алдында, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзі еске түседі. Яғни бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші жан – ол мұғалім. Қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Дегенмен де, білім мазмұнының өзгеруіне байланысты, мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» – деген сөзі мұғалімдер қауымы жауапкершілігінің қаншалықты жоғары екендігін білдіреді. Сондықтан ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында тер төгетін мұғалімнің дәрежесін көтеру мәселесі Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында айтылды. Жолдаудағы мұғалімдердің жалақысын көбейту тапсырмасына сай, мұғалімдердің жалақысы өсті. Сонымен қатар, қосымша үстемақы жүйесі де енгізілді. Жолдауға сәйкес жас мамандарымыздың ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек беру жұмыстарына да ынталы түрде атсалысқанымыз жөн.

Педагог мәртебесін айқындап, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін заң жобасында ұстаздар мерейін үстем етерлік жан-жақты мәселелер қамтылған. Заң жобасы мұғалімдердің мәртебесін күшейтуге, олардың абыройын қорғауға, сондай-ақ әлеуметтік жағдайын арттыруға арналып отыр. Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған.

Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға, төрт жылда екі есе өседі. Заң жобасында сынып жетекшілік пен дәптерлерді тексеруге екі есе көлемде үстемақы төлеу, еңбек демалысының мерзімін ұзарту сынды шаралар да қарастырылған.

Педагог мәртебесін арттыру педагог мамандығының оң имиджін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралардан тұрады. Заңнамада қарастырылған барлық міндеттер Үкімет пен Парламент қана емес, басқа да мемлекеттік органдар, қоғаммен бірлесе шешімін табуы тиіс. Осылай ғана тұтас кешенді шараларды қолдана отырып педагогтар мәртебесін арттыра аламыз. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға негізделген, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленгені белгілі. Аталған мемлекеттік құжат нәтижесінде – ғылым мен білімге ерекше жол ашылды. Қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуді онлайн тапсыруға дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының білім бөлімі бұл орайда қарқынды қызмет атқаруда. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев мырза да білім, ғылым саласына ерекше көңіл бөліп, жағдай жасауда. Бүгінде облысымызда балабақша мен білім ошақтарын салу үдемелі түрде дамып келеді. Таяуда Түркістан қаласында А.Байтұрсынов атындағы 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Педагог мамандардың жағдайын жасауда қала әкімдігі де жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруда.

Ойымды қорытындылай келе, бүгінгі мұғалім жылдам дамып келе жатқан қоғам мүддесіне сай қызмет етіп, кәсіби біліктілігін жетілдіріп, ұстазға тән қасиеттің барлығы бойынан табылып тұрса, ешкім ол мұғалімге негізсіз мін таға алмайтыны да анық дегім келеді. Олай болса, қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін арттыру, мұғалімінің өз қолында екені анық. Ал мұғалімнің мәртебесі артса, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолға қойылады. Шығыс ғұламасы «Орташа мұғалім айтып береді, жақсы мұғалім түсіндіреді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» – дейді. Ендеше, елімізде білімге негізделген инновациялық жетістіктерді елдің даму стратегиясымен сабақтастыратын, әрі оны жүзеге асыруына үлкен үлес қосатын ұстаздардың мерейлі еңбектеріне сәттілік тілеймін! Кіріп келген жаңа 2020 жыл баршамызға табысты, келешегіміздің кепілі – болашақ ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар мәртебесі ұлық болғай!

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА,

Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *