ҰЛЫ ДАЛА ПЕРЗЕНТТЕРІ – ӨМІР ПАРАЛЛЕЛІНДЕ

Тұлға
1 117 Views

Асанбай АСҚАРОВ

ЖОРҒАЛАЙ ТҮС, ҚАЛАМЫМ!

Сөйлейін Ана тілімде

Басыма қиын іс түскен

Осынау ауыр күнімде,

Тағдырым жайлы айтайын

Жеткізген мені бұ күнге.

Отырмын жалғыз, ауа тар,

Шықпайды еркін үнім де.

* * *

Мен айтайын шынымды,

Басқа түсті, білінді.

Ұмытып қала жаздаппын

Анам берген тілімді,

Қиналып міне, отырмын

Ұқсата алмай жырымды.

* * *

Қыран едім,

Ұшып жүрген көктегі

Қанатымды

Шарпып оқыс от лебі.

Көтеріңкі көңілімді

Пәс етіп,

Жазатайым

Жарақат қып кеткені.

Кездейсоқта

Кездескені не еткені?

Көрер қызық

Болғаны ма өтпелі?

Айтыңдаршы…

Таусылды ма осымен.

Түсініксіз …

Дәуреннің тез өткені!

* * *

Партияның айтқанын орындадым.

О, Халқым,

Мен өзіңнің қолыңдамын.

Мені ешкім алған беттен

тайдыра алмас,

Өлсем де Лениннің жолындамын.

ЕЙ, МӘСКЕУ!

Ей, Мәскеу,

Аманбысың сүйікті ордам?

Көрдің бе

Бақыт, дәулет кетті қолдан.

Көрген қызық екен-ау бәрі жалған,

Ешкім де енді

Құрметтеп

Шықпайды алдан.

КӨҢІЛДЕГІ СҰРАҚ

/Шымкентке хат/

Кешегі жүк көтерген нарың қайда,

Оны елім іздемей ме, сағынбай ма?

Кім қалды бас көтерер

Шымкентімде,

Жібердің азаматтың бәрін қайда?

Шынымен кінәлі деп ойлайсың ба,

Бір мезгіл құлағың сал, айғай-шуға?

Арысым, азаматым кешікті деп

Біздерге сұрау салып қоймайсың ба?

Жоқ әлде, кетсе кетсін дедің бе екен,

Өйткенің менің үшін өлімге тең.

Шымкентім гүлденсін деп

тырысып ем,

Жерім жоқ Шымкентіме менің бөтен.

Өмірде жеткен дейсің мұратқа кім,

Келдім де Алматыға тұрақтадым.

Білмеймін не бүлдіріп қойғанымды?

Әйтеуір күндіз-түні сұрақтамын.

Құрметпен зейнет жасқа жеткенімде,

/Кейбіреу онымды да көп көруде/.

Қалам ба дәл осылай ескерусіз

Өмірдің асуы мол өткелінде?

Қаймықпас қара нарың

мен емес пе ем,

Шымкентім, шығармақсың

не деп естен?

Бұл сенің махаббатың деп білемін,

Бір самал келіп жатыр сенен ескен.

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ

АРАҚ

Айыра естен алжытып,

Бар абыройды құртады.

Денені шарлап еркінше

Ақылдың бәрін жұтады.

Көрмессің пайда арақтан,

Қылғытып қанша ішсең де.

Адамды арақ алжытар,

Түбіне егер жетпесе.

Құртады қу арақ

Адамды аң етіп.

Құлатар кей жерде

Теңкиген мал етіп.

Жылатты біреуді,

Қайғысын қоздырып.

Күлкі етті біреуді

Өмірін тоздырып.

Бірақ та арақ-ау,

Кінәлі сен емес.

Кінәлі араққа

Құныққан жарымес.

1963 жылғы тамыз айы

АНА ТІЛІҢ – ҚАЙ ТІЛІҢ…

Өз Бақыты, Бауыржанын

Боря деп,

Қуанышын Коля,

Үмітін деп Надежда,

Бақыт, Бауыр,

Қуаныш, Үміттен

Жиренуге болды екен не себеп?

***

Ұлт намысын,

Болашағын тереңінен түсінбей.

Күні ертең

Ана тілің қай тіл десе, не демек?

Бақша, мектеп,

Өндіріс пен өмірде

Ана тілдің абыройын

Арттырудың қамын жейік ертерек!

Ауған, Вьетнам, Негрдің

Тәуелсіздік, теңдік деп

Қандарын төгіп, жандарын қиып,

Күресіп, соғысулары тегін бе?

Қолдау таппай, қалсаң да жалғыз,

Қырағы көз, ержүректі Перзенттері ұлтымның.

Бостандық, теңдік, тәуелсіздік жолында

Болсаң да құрбан бір қадымға шегінбе!

Бір кездегі Ұлы Дала иесі һәм киесі –

Арий, Сақ, Ғұн, Қаңлы, Қыпшақ, Түріктің

Қара шаңырағын ұстап қалған шайқалтпай

Қазақтың кім болғаны бұл өмірде,

Нағыз қожа бола алмаса туып өскен жерінде.

1980 жыл.

АСАНБАЙ АСҚАРОВҚА

(ҚКП Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы 1978-1985 жылдар)

Саламатсыз ба

Халқымның қадірлі ағасы?

Алдыңызға келіп тұр өтінішпен

Дәу атанған диірменші Күмісбектің

Артында жалғыз қалған ер баласы.

Ағайын, дос, ұлтымның намысы деп

Жастайымнан қақтығысты көрдім көп.

Талай Жеңіс шыңына шыққаным бар,

Қуаттап, қолдайтын жан болмады тек.

Көмек сұрап, жалтаңдап көрмеген ем,

Әйтсе де жалғыз көпке киер ме тең?

Қолында тірнек-қыран қанат қақса

Құсбегі томағасын сыпырар деуші едім мен.

Азды-көпті ойымнан Сізге хабар,

Қырандар бірін-бірі шыңда табар.

Ал адамның ақниет, көреген, немеңгері

Талаптыға нұр шашып, қолын созар.

Өз ойым, өмірімнің мәні де сол,

Мерейі халқымыздың өссе деймін.

Дәм-тұзын туған жердің ақтау үшін

Әр адам белден бейнет кешсе деймін.

Қиындықтан жалтарып еш көрмеген ем,

Соңғы кезде көңіліме ұялапты бір белең.

Әлдебіреу өшіккен мұқату пиғылымен

Тағдырымды тәлкек ете ме деп қауіптенем.

Бар қайрат, жігерім де керек кезде

Тас емес, титанды да тесіп өтер.

Әйтсе де кең ойланып шақтап тігіп,

Киген тонның жылуына не жетер?

Маркс, Ленин идеясын, ісін қолдап,

Компартия қатарына өтпек едім,

Ұлт ұғымы жетімсіз, саяси сауатсыз деп

«Ұлы халық» ұлдары өшіккен алды «кегін».

Сол жағдайды көзбе-көз жеткізсем деп

Жеке қабылдауыңызды сұрап келдім.

Амал бар ма ер бағы ашылмаса,

Сөзін сөйлер бір батыр табылмаса.

Партияның ақыл-есі, мәртебесі кемір ме еді

Қатарына мендей бір қазақты қабылдаса.

1981 жылғы мамыр айы.

ӨМІР – ҰЛЫ ДҮБІР МАЙДАНЫ

Арманым таусылмайды ешқашанда,

Жұлдыздай жарқыраған көк аспанда.

Жатқанмен ағып түсіп әр түн оны,

Ортаймас асыл сезім – мәңгілік үміт қоры.

Арманым алтын қанат тұлпарымдай,

Жер тарпып, таңсәріде тізгін жұлған.

Жиырма жыл бұрын кеткен «Ұлы көшке»

Түсте шапсам жетем-ау кешке таман.

Арманым қырағы көз, болат тырнақ,

Қатерді еш білмейтін сұңқарымсың!

Қалықтап жүрсең-дағы жалғыз көкте

Беріксің ұрпақ, ұлтты қорғау деген сертке!

Арманым ата-анамнан қалған мұра,

Ақтасам деп ойлаймын таттырған дәм-тұзыңды.

Сөкпеңдер қайда дәулет, дәреже, қызметің деп

Әділдік, теңдік тәуелсіздік додасынан

Шыға алмаған ер мүсінді жалғызыңды.

Бет қайтып, тіл күрмеліп көргенім жоқ,

Бұл өмір – ұлы дүбір майданында!

Ұл-қыздарым Атажан деп тұрса аман,

Түсемін солар үшін алдағы ауыр, қатерлі сынға!

1984 жыл

Асанбай Асқарұлы Асқаров 1922 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген… 1942-1946 жылдары Кеңес әскерінің қатарында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскери шені – полковник. 1944 жылы КОКП қатарына кірген. 1954 жылдан бері партияның жетекші қызметінде болған. 1965-1985 жылдары Алматы, Жамбыл және Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облыстарында партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Компартия, Кеңес Үкіметі мен халыққа сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағы (1982 ж.) берілген. Бес рет Ленин орденімен, көптеген медальдер мен Құрмет грамоталарымен марапатталған…

1980 жылдардың басында белең алған қазақ зиялыларын Мәскеу тарапынан қудалаудың құрбаны ретінде тергеуге алынып, КСРО ІІМ оқшауланып тергеу түрмелерінде қамауда болған. 1991 жылдың 19 тамызынан кейінгі Одақ бір оқсыз ойран болып, Компартия масқарагершілікпен таратылғаннан кейін, А. Асқаров ақталып, КСРО кезіндегі абырой атағы қалпына келтірілген. Үкіметтің тарапынан алған марапаттардың барлығы қайтарылған.

1978-1985 жылдары Шымкентте тұрған. Осы қала әкімінің ұсынысымен және Шымкент қалалық мәслихаты І сессиясының 1994 жылғы 2 сәуірдегі № 17 қаулысымен зейнеткер Асанбай Асқарұлы Асқаровқа «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Аманқұл Күмісбекұлы Күмісбек 1944 жылы Шымкент облысы, Ленгір (қазіргі Төле би) ауданының Қаратас (қазіргі Найзатас көшесі, Шымкент қаласы) ауылында диірменші шаруа отбасында дүниеге келген.

Леңгір қаласының №2 қазақ орта мектеп-интернатын 1961 жылы бітірген. Қазақ химия-технология институтының механика факультетінің «Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын автоматтандыру» мамандығы бойынша 1968 жылы тәмәмдаған. 1969-1973 жылдары Еңбекшілер депутаттарының Леңгір аудандық Кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде қызмет еткен. 1969, 1972 жылдары КСРО-ның Ішкі-сыртқы саясаты мен басқа да жағдайларға сын көзбен қарап, оның және өзінің болашағын ойлап, Бразилияға тұрақты қоныс аударуға арыз жазған. Тек сол КСРО Конституциясымен, соның негізінде қабылданған заңдармен және БҰҰ «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен» кепілдендірілген құқықтарын пайдалану ниеті үшін, Компартия мен Кеңес Үкіметінің күш қолдану құрылымдарының ықпалымен, нұсқауымен және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен қудаланған, жалалар жабылған, Конституциялық құқықтары бұзылған, шектелген. Партия қатарынан шығарып, қызмет орындарында қысым көрсетілген («Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің 2019 жылғы №№ 15 (58), 22(65), 23(66), 24(67) және 26 (69) сандарын қараңыздар).

Өзіне сол 1969 – 1993 жылдары тағылған жалалар мен заңсыз бұзылған құқықтарын қорғау Қазақ КСР-інде мүмкін болмағандықтан, Мәскеу мен Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) Қоғам қайраткерлері, Жоғары Кеңес депутаты, прокуратура, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Сол қалалардың білікті мамандары қолдап, қорғауының нәтижесінде, берілген қорытындылармен өзінің және он жанды отбасының ар-намысын сот тұрғысынан қорғаған.

Ондай талап-арызын қараған Шымкент қаласы, Дзержинский (қазіргі әл-Фараби) аудандық сотында 1991 жылы 17-19 тамызда (КСРО-да «Путч» жарияланғанда) жеңіп шыққан. Содан кейін, 1969 – 1993 жылдардағы «негізсіз», «өз дәлелін таппады», «құқықтарың бұзылмаған» деп есептелінген мәселелердің кейбіреулері өзінің оң шешімдерін тапқан.

Шешілмей қалғандары одан да көп деуге негіздер бар.

Қазіргі кездегі қолда бар ақпараттар мен дәлелдемелік құжаттарға қарағанда, 1965-1991 жылдары «бөтен ойлылар» мен «диссиденттер» деген айыптаулармен КСРО-да негізсіз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 2 миллионға жуық адамның қатарынан өзінің әділдігін дәлелдеп, Конституциялық тең құқықтығын қалпына келтірген және оны қолдануға, сонымен қатар өз талаптарын Үкімет алдына қоюға толық мүмкіндігі бар жалғыз адам – қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматы Аманқұл Күмісбекұлы Күмісбек деуге болады.

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *