МЕГАПОЛИСТЕ АТҚАРЫЛАТЫН ШАРУА КӨП

Билік
918 Views

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов 2019 жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен басқосуда әкім 2019 жылыэкономикалық және әлеуметтік салаларда атқарған жұмыстарға тоқталып, алдағыжылда іске асырылатын жұмыс жоспары туралы баяндады. Жиынға жергілікті билік өкілдері,бір мыңнан астам қала тұрғыны және БАҚ өкілдері қатысты. Тұрғындарда қалабасшысының есебін әкімдіктің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebookпарақшасында жүргізілген тікелей эфир арқылы тыңдауға мүмкіндік болды.Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы да келелі кездесугеқаланың дамуына байланысты ұсыныстары мен сауалдарын ала барды.

Үшінші мегаполис атағын алысымен қала дамуы жаңа деңгейге көтерілгені сөзсіз. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы мәртебесін алған соң да бұл жүйе өз жалғасын табады деп сенеміз. Тағайындалғанына аз болса да іскерлігімен көзге түскен әкім ағымдағы жылдың Шымкент үшін маңызына тоқталып, қаланың мәдени келбетін жаңарту аясында жобалар жоспарын мәлімдеді.

Өткен жылы қалада біршама жұмыстар атқарылғанын айтқан әкім жоспарлы өзгерістерге қол жеткізгеніне тоқталып өтті. Атап айтқанда, 2019 жылы өнеркәсіп өндірісі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға, ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал бөлшек сауда 7,1 пайызға артқан.

Есепке сүйенсек, республика бойынша іске асырылып жатқан индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Шымкентте үш жылда 24 кәсіпорын ашылып, 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болған. Сонымен қатар 64 миллиард теңге инвестиция тартылып, 72 жоба іске қосылған. Осының есебінен төрт мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 13,4 миллиард теңге салық түскен. Алдағы үш жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылып, оған 2,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылатынын болады. Нәтижесінде, екі мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылады.

Өткен жылы ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар бойынша 29 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл салаға соңғы үш жылда 2,6 миллиард теңге инвестиция салынып, 56 гектар жерге жылыжай және 215 гектар жерге қарқынды бау егілген. Ал, 24 мың бас ірі қара етке бордақыланып, 111 отбасы сүт фермасы ашылған. Бұл мақсатқа бюджеттен үш миллиард теңге субсидия төленген.

«Биыл субсидия көлемін төрт миллиард теңгеге дейін көбейттік. Алдағы үш жылда жеті сүт фермасы ашылады, 36 мың ірі қара бордақыланады. Үлкен үш құс фермасы іске қосылады. 1600 гектар қарқынды бау егіледі. 92 гектар өндірістік жылыжай салынады. Бұдан бөлек, агроиндустриалды аймақ жобасы іске асырылады. Бұл өнім көлемін 40 миллиард теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді», – деді қала басшысы.

Есепті жиында шаһар әкімі шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарымен де бөлісті. Алдағы үш жылда бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілмек. Ондағы жобалардың құны – 3,3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, салада жұмыс істейтіндер саны 148 мыңнан 175 мың адамға дейін көбейеді. Жалпы, өнімдегі үлесі 27 пайыздан 33 пайызға жеткізілмек.

Бұдан әрі қаладағы өзекті мәселе инженерлік инфрақұрылым туралы сөз болды. Халық саны жедел өсіп жатуы, жаңадан 41 елді мекеннің қалаға қосылуы әсерінен магистралды жүйелердің қуаты жетпеуде. Алдағы үш жылда қала әкімдігі осы мәселені шешуге барынша жұмыс істейтінін хабарлады. Айта кетейік, биыл 140 мың халқы бар, тасымал арқылы су ішіп отырған сегіз елді мекен және жартылай сумен қамтылған бес елді мекеннің мәселесі шешілмек.

«Ауыз су бойынша қаладағы 81 елді мекеннің 63-і толық қамтылған. Қамтылуы 94,7 пайызды құрайды. Халықты ауыз сумен қамту үшін өткен үш жылда 31 мыңнан астам тұрғыны бар тоғыз елді мекенге ауыз су құбыры тартылған. Қазіргі таңда қаланың солтүстік бөлігіндегі жаңа шағынаудандарды дамытуға ауыз судың қуаты жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін үш магистралды құбыр салуымыз қажет. Биылғы жылы қалалық бюджеттен сегіз елді мекенді сумен қамтитын екі магистралды су құбырының құрылысы жүргізіледі. Қазір шалғайдағы бес елді мекенді сумен қамтитын магистралды су құбырының құрылысы жүргізілуде. Алдағы үш жыл ішінде жартылай қамтылған 10 елді мекен және қалаға жетіспейтін магистралды су құбырларын тартуды жоспарлап отырмыз», – деді Мұрат Дүйсенбайұлы.

Сонымен қатар 2020 жылды Президент Волонтерлар жылы деп жариялағанына орай, қалада ауқымды іс-шаралар өтеді. Волонтерлар жылын ұйымдастыру үшін волонтерлар мектебі ашылады. Ол жерде: «Біргеміз» жалпыұлттық жобасы, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Тәлімгер» жобасы, «Шымкент – қайырымды қала» жобасы ұйымдастырылатын болады.

Еске салсақ биыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанып отыр. Осыған орай наурыз – қараша айларында маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл Шымкенттің Халықаралық аренада танылуына алғашқы қадам. Қалаға бірнеше елден делегаттар мен туристер келеді. Бұдан бөлек ЮНЕСКО-мен бекітілген қаланың 2200 жылдық мерейтойы аталып өтіледі.

Республикалық деңгейде Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай мерекелік іс-шаралар өтеді.

Жиында жоғарыда айтылған мәселелермен қатар Жібек жолы магистралды кәріз жүйесінің құрылысы, АГРС құрылысы, Электр подстансаларының құрылысы, 12 117 пәтерлі 227 тұрғын үйдің құрылысы, көшелердегі жөндеу жұмыстары, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша да есеп берілді.

Кездесу соңында тұрғындар мен БАҚ өкілдері Әкім Мұрат Дүйсенбайұлына қаламызды көркейтуге арналған ұсыныстары мен толғандырған түйткілдерін қойып, толымды жауаптарын алды. Кері байланыс барысында қала басшысы бірнеше тұрғынның мәселесін жеке қабылдап талқылауға уәде берді. Сұрақ-жауап алаңында сөз айтқысы келгендер көп болса да уақыттың тығыздығына байланысты барлығы тыңдалып үлгермеді. Сондықтан түс қайта көрме орталығында тұрғындарды қабылдап, олардың сауалдарына жауап берді. Әкім қалған сауалдар алдағы уақытта болатын жеке қабылдауларда талқылатынын айтты.

Гүлнұр БАЙДУЛЛА,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *