Газетіміздің 2018 жылғы 5-6 нөмірінде Шымкент қаласындағы бір «шатқалға» ағаш көшеттері егіліп, негізі қаланған болашақ саябаққа Юнус Эмренің аты қойылып, белгітас орнатылғаны туралы хабар берген едік. Онда бұл ат қоюды ОҚО әкімі Ж.Түймебаевтың ешкіммен ақылдаспай, тиісті ұйымдардың рұқсатын алмай, белгітас қойып, өзінше заңдастырып жібергені туралы айтылған еді. Осыған орай біздің сұрау салған хатымызға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен және ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасынан біріне-бірі ұқсас екі жауап хат келді. Мысалы, ОҚО мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының жауабы төмендегідей:
«2017 жылы облыс әкімінің бастамасымен «Шатқал» бағдарламасы қолға алынған. Бұл бағдарламаның мақсаты қала аумағындағы үлкен сай мен жыраларды қоқыс полигонынан сақтау болып табылады. Осыдан бір жыл бұрын наурыз мерекесі қарсаңында және 2017 жыл «Түркістан қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін иеленіп, барша бауырлас ұлттардың ынтымағы ұйыған ордасына айналған жылы Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы әкімшілік іскерлік орталығы маңында түрік ақыны, философ, ағартушы Юнус Эмре атындағы шатқалдың іргетасы қаланған болатын.
Юнус Эмре Қожа Ахмет Яссауидің жолын қуған, түрік ақыны. Ақын бар ғұмырын ислам қағидаларын Яссауи жолымен халыққа түсіндіру үшін арнаған. Алайда, бұл шатқалдың атауы әзірге заңдастырылмаған.
Юнус Эмре шатқалының атауын заңдастыру үшін «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңы 13-бабының талаптарына және ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 Қаулысына сәйкес (Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы) төмендегідей жұмыстар жүргізілуі қажет:
1) жергілікті әкімдік жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу мерзімін анықтайды және оның өткізілетін күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өздерінің интернет-ресурсында орналастырады (бар болса) және тиісті аумақта таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жиналыстың күн тәртібі, өткізілетін күні, орны және уақыты көрсетілген хабарландыру (қажетті құжаттар мен материалдарды қоса) орналастырады;
2) жиналыс ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылып, оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Хаттамада «қолдап» немесе «қарсы» дауыс бергендердің жалпы саны көрсетіледі. Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысқандардың тізімі қоса тіркеледі, дауыс беру қорытындысы жиналыс өткен жерде жарияланып, хаттамамен ресімделеді;
3) жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары ол өткізілгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында (бар болса) және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады;
4) жергілікті өкілді және атқарушы органдар тиісті аумақ халқының пікірін ескерудің қорытындысы бойынша бірлескен шешіммен республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады;
5) ұсыныс республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, оң қорытынды алған жағдайда, облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімімен бекітіледі.
Басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Г. Нысанбекова».
Байқаған боларсыздар, Г. Нысанбекова ханым «Шатқалдың аты заңдастырылмаған» дейді. Біз соны мәселе етіп көтеріп отыр емеспіз бе? Өз сөзімізді өзімізге қайырғаны несі? Одан әрі жауап иесі ат қоярдан бұрын осы мәселеге байланысты көпшілік қауымның пікірін жинап, рұқсат алу үшін республикалық ономастикалық комиссияның қарауына ұсыну керектігін ежіктепті. Міне осыдан кейін ғана, яғни ономастикалық комиссиядан оң қорытынды алған жағдайда облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімі қажет болады екен. Біз бұны да жақсы білеміз. Білгендіктен де облыс әкімінің өзімбілермендікке салынып, Астанадағы тиісті органдардың рұқсатынсыз-ақ болашақ саябаққа Юнус Эмренің атын бере салғанын, тіпті соны мәңгілік етіп, белгітас орнатып та қойғанын сынадық емес пе.
Иә, әкімдіктің де, оған қарасты басқарманың да бұндай сырғытпа жауабына таң қалудың қажеті жоқ. Бұлар сөйтпесе шенеунік бола ма?!