ТАНЫМАЛ ТЕМІРЖОЛШЫ ТҰЛҒА

Тұлға
1 691 Views

Әуезхан САЛЫҚБАЕВ – Қазақстан темір жолдарындағы ең танымал теміржолшы тұлғалардың бірі. Ол 1929 жылы 20 мамырда Арыс өңірінде дүниеге келген. Жастайынан жоқшылықтың дәмін татқан Әуезхан 14 жасында темір жолға жұмысқа тұрады. Әуелі вагон санаушы, содан соң техникалық кеңсесінде техник, жоларалық кезекші қызметтерін атқарып, темір жолдың қыр-сырын меңгере бастайды.

1951 жылы Әуезхан Арыс стансасының дөңес кезекшісі қызметіне орналасады. Вагон сұрыптау дөңесінің жұмысына тек Арыс стансасынын өндірістік көрсеткіштері ғана емес, темір жол бөлімшесінің, бүкіл бір магистральдық бағыттың көрсеткіштері тікелей байланысты екені белгілі.

Дөңестен вагон құрамаларын жылдамдатып тарату жұмыстарын озат әдістемемен жүргізгені, вагондардың бос тұрып қалуын барынша қысқартқаны үшін Әуезхан Салықбайұлына 1965 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

1967 жылы ол станса бастығының орынбасары, одан кейін бастығы болып тағайындалды.

1979 жылы Әуезхан Салықбайұлы Шымкент теміржол бөлімшесінің бастығы қызметіне келіп, 14 жыл бойы осы бөлімшенің өркендеуіне, дамуына барлық күш-қуатын жұмсады.

Әуекеңнің кезінде Шымкент-Алматы аралығында жолаушылар пойызы – фирмалық «Алатау» экспресі жүре бастады. Халық бұл пойызды қатты ұнатады, осы уақытқа дейін пойыз үлкен сұранысқа ие. Осы жылдарда Шымкентте Мұнай өңдеу зауытының салынуына байланысты механикаландырылған сұрыптау дөңесі бар жаңадан ірі Қазығұрт стансасы салынып, пайдалануға берілді. Аз уақыттың ішінде Қазығұрт, Текесу стансаларында жүк қабылдайтын, жүк тиейтін аулалар, алаңдар салынды. Шымкент бөлімшесі Қазақстанның қиыр оңтүстігіндегі ең бір техниканың соңғы жетістіктерімен жарақтанған бөлімшеге айналды. Стансалар, аралық жолдар түгелімен дерлік «Автоблоктаумен», «Диспетчерлік орталықтандыру», жүйелерімен қамтамасыз етілді. Локомотивтер автоматты сигнализациямен (АЛСН), радиобайланыспен жабдықталды. Бағыттағыш бұрмалардың барлығы бекеттегі бір орталықтан жабдықталатын болды.

Әуезхан Салықбайұлы барлық уақытта Арыс стансасына ерекше көңіл бөліп отырды. Себебі, Орталық Азияның қақпасы саналатын Арыс стансасының жұмысына бүкіл бөлімшенің, қала берді «Қазақстан темір жолының» жұмыс қорытындылары тікелей байланысты болған.

1984 жылы Арыс сұрыптау стансасының жұмысын автоматтандырылған жүйемен басқаруды енгізуді аяқтадық, – де еске алады Әуескең. Бқл маңызды шара үшін СМ-2 типті ең жаңа электронды есептеу машиналарының екі комплексі орнатылды. VI, IX, X бесжылдықтарда Арыс стансасы Бүкілодақтық социалистік жарыста 34 рет жүлделі орынға ие болды. 4 рет КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Бүкілодақтық Құрмет тақтасына жазылды.

Социалистік Еңбек Ері Әуезхан Салықбайұлының енбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Октябрь революциясы» ордендерімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, 2 рет, «Құрметті теміржолшы» белгісімен, көптеген медальдармен марапатталған.

1976 жылы оның есімі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаулысымен бесжылдық жоспарды орындауда қол жеткізген зор табыстары үшін Қазақ КСР-нің Алтын Құрмет кітабына жазылды.

Әуезхан Салықбайұлы темір жолдағы басшылық кызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра қабат алып жүрді.

1957 жылдан бастап Еңбекшілер депутаттары Арыс аудандық Кеңесіне қатарынан үш рет депутат болып сайланды. Арыс қаласының, Оңтүстүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы атанды. 2005 жылы «Отан» орденімен марапатталды.

1993 жылы Әуезхан Салықбайұлы құрметті демалысқа – зейнеткерлікке шықты. Зайыбы Рәтай ана екеуі мұсылмандық парызын өтеу үшін Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, қажылық парызын өтеп қайтты.

Әуезхан қажы мен Рәтай ана екеуінен өрбіген ұл-қыздарынан немере және шөберелері жетіліп келеді. Ұл-қыздарының барлығы да жоғары білімді. Түрлі салада еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келген болатын.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *