МӘЙЕГІ МЫҒЫМ МӘДЕНИЕТКЕ ТУРИСТЕР ДЕ ҚЫЗЫҒАДЫ

Сұхбат
755 Views

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы ӘЙТЕНОВТІҢ республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты

Шырайлы Шымкент шаһары үшінші мегаполис мәртебесін алысымен Халықаралық іс-шараларға белсене араласа бас­та­ды. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан 2200 жылдық тарихы бар ежелгі қала 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени аста­насы болып жарияланды. Енді шетелден келген қонақтарға Қазақ елінің меймандостығын, мәдениетін, тұрмыс-салтын, дәстүрін жақсы қырынан көрсету қажет. Осы арқылы миллионнан астам тұрғыны бар қаланы Халықаралық ірі туристік бағыттарға қосқан ләзім. Таяуда тұрғындарға берген жылдық есебінде шаһар басшысы Мұрат ӘЙТЕНОВ бұл тұрғыда қаланың жоспары айқын, мақсаты биік екенін жеткізді. Қала әкімімен әңгімемізде аталған тақырыпты тарқата түстік.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, биылғы жыл – шымкенттіктер үшін ерекше жыл. Өйткені Шымкент шаһары 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Шын мәнінде бұған қуанып жатқандар аз емес. Осы атаулы жылға байланысты үшінші мегаполисте қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ? Алғашқы сауалды осыдан бастасақ.

– Ең алдымен Шымкент қаласының тұрғындарын осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Шымкент – ұлтымыздың ұйытқысы, құт қонған киелі мекен! Шымкенттің ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін иеленуі сүйікті қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізеді деген сенімдемін. Мән-маңызы зор бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне барша шымкенттіктер жұмыла кірісіп, атсалысуы қажет. Шымкентте «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай 34 іс-шара бекітілді. Ресми ашылуын 22 наурызға жоспарлап отырмыз. Ашылу салтанаты Шымкенттегі 20 мың адам сыятын Орталық стадионда өтпек. Бұдан бөлек осы мерейлі шарамен орайластырып қаламызда шоқтығы биік ірі шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, ғұлама ойшыл әрі ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына және кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ғылыми конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ТМД Жоғары оқу орындарының форумы, ТМД елдерінің опера және симфониялық оркестрлерінің фестивальдары, «Душа Евразии» фестивалі, шаттыққа толы түрлі Гала-концерттер мерекенің ажарын арттыра түспек. Ұлы Жібек жолы дәстүрлі қолөнер шеберлерінің көрмесі, ТМД елдері ұлттар циркінің өнерлері де көптің көңілінен шығады деген ойдамыз. Шымқаланың шырайына шырай қосатын тағы басқа да іс-шараларды тамашалайтын боламыз. Қысқасы, Шымкенттің бүгінгі келбетін, тұрғындарының ыстық ықыласын ТМД елдеріне жан-жақты паш етсек дейміз.

– Мерекелік шараларға дайындық барысы қалай?

– Әрине қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Барлық іс-шараларға үлкен-кіші демей жауапкершілікпен қараймыз, ол үшін арнайы штаб құрдық. Бұл штабқа қала әкімі ретінде өзім жетекшілік жасаймын. Оған әр саладан мамандарды тартып, дайындығымызды пысықтап, зерделеу жұмыстарын жүр­гіздік. Қаланың көрнекі жерлерін аралап шықтық. Қазір мерекеге әзірлік негізінде бес бағыт бойынша жоспар жасадық. Бірінші кезекте құрылысы жүріп жатқан нысандардың сыртқы келбеті, шаһардың күндізгі және түнгі шырайы, қала тазалығы, міне, осы мәселелер бойынша тиянақты бақылау жүргіздік. Аты айтып тұрғандай, мәдени астана болған соң біз өз мәдениетімізді барлық салада ұялмайтындай етіп көрсетуіміз керек. Екінші кезекте туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берудеміз. Шымкент – бұрыннан туристерге тартымды шаһар, қаламызда зәулім қонақүйлер, дәмханалар бар, дендросаябақ, зообақ, тағы басқа көрікті орындар жетерлік. Олар Шымкенттің шынайы мақтанышы, қалаға келген қонақтарға да ерекше жылы шуақ, естен кетпес әдемі әсер сыйлайтыны рас. Дегенмен, мұның бәрі бірлесіп жұмыс істемеген, яғни әрқайсысы өз қазанында қайнап, өз бетінше әрекет етіп жатыр. Ендігі мақсатымыз – осы туристік бағыттарды біріктіріп, жүйелеп, бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал ету.

Қаланың көрікті орындарын көрсететін арнайы туристік бағыт ашуды да жос­парлап отырмыз. Бұл бағыттардың арақашықтығы 30 минуттан болады.

– Турист демекші, қалаға келген қонақтардың қауіпсіздігі өте маңызды. Бұл ретте туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қандай шаралар қолға алынуда?

– Шымкент – заманауи мегаполис ретінде күннен-күнге гүлденіп, еліміздің абыройын, мемлекетіміздің келбетін асқақтатып келеді. Бұл ретте ең бастысы қала қауіпсіздігі – басты назарымызда. Қазіргі таңда Шымкентте алғаш рет туристік полиция бөлімі құрылып жатыр. Оған Шымкент қаласы полиция департаменті конкурс жариялап, мамандарды іріктеп алуда. Сосын қаламызда көлік көп, автотұрақтар мәселесі туындамас үшін полиция департаментімен бірлесіп әр ғимараттың алдында кезекшілік қоямыз. Өздеріңіз білесіздер, қаладағы полицейлердің қызметтік көліктері де жаңаруда, «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай жақында шымкенттік тәртіп сақшыларына 100 арнайы көлік берілген еді. Ендігі ретте полицейлер де тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барынша қырағылық танытатын болады. Тағы бір айтқымыз келгені – Наурыз мерекесінде еліміздің тұрғындары төрт-бес күн демалатыны белгілі. Шымкентте бұл күндері жер бусанып, күн жайнап-жарқырап тұрады. Наурыз алаңында арнайы этноауыл бой көтереді. Онда қазақтың салт-дәстүрі, халқымыздың терең тарихы таныстырылады. Бұған жергілікті кәсіпкерлер де үлкен қолдау көрсетеміз деп отыр. Атшабар (ипподром) алаңқайында да түрлі мерекелік шаралар, жыл сайын өтетін дәстүрлі «Ашық аспан» фестивалі болады. Осы демалыс күндеріндегі мерекеге тек Шымкент төңірегі ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар көптеп келеді деп ойлаймыз. Қазір біз авиатасымалдаушы компанияларға Наурыздағы мереке күндеріне қосымша рейстерді ашуға ұсыныс жасадық.

– Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы таяуда Шымкенттің 2200 жылдық тарихын ресми түрде бекітті. Осы орайда миллионды қала тұрғындары Шымкенттің көне бөлігі – «Ескі қалашықтағы» Цитадельдің құрылыс жұмыстары, соның төңірегіндегі тұрғын үйлердің болашағы жөнінде білгісі келеді. Осы туралы тарқатып айта кетсеңіз…

– Шымкент қаласы Қазақстанның көне қалаларының бірі екені ресми нақтыланып, қаланың 2200 жылдық тарихы бекітілді. ЮНЕСКО бұл датаны биыл өтетін Халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізді. Мұндай шешім былтыр Франция астанасы – Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 40-Бас конференциясында қабылданды. Әрине «Ескі қалашықта» шаһардың өткенін айқындап, терең тарихына бойлайтын тарихи жәдігерлер аз емес. Қазір онда құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінде ол жер қызу құрылыс алаңына айналған. Сөз жоқ, ғасырлар тоғысқан Цитадель қаланың негізгі туристік нысандарының бірі болмақ. Онда амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады. Жоспар бойынша Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары осы жылы аяқталады. Цитадельдің маңайындағы ескі үйлерге келсек, оларды дәл қазір бұзып тастаймыз деп айта алмаймыз. Қаланың Бас жоспары бойынша әлі де өзгерістер болады, содан соң жаңа тұрғын үйлер салу жайын талқыламақ ниеттеміз.

– «Театр киім ілгіштен басталады» деген ежелгі сөз бар. Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болған соң келетін қонақтарды күтіп алу мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Туристердің көңілінен шығатындай жайлылық, қызмет сапасы, қонақтарды тасымалдау, оларды алып жүретін азаматтардың шет тілін білуі секілді мәселелер де жоқ емес. Осы бағытта қосымша жұмыстар атқарыла ма?

– Таяуда Шымкент қаласының Ассамблея мүшелерімен кездестік. Өзіңіз айтқандай, олармен кездесуде театр тақырыбында келелі әңгіме өрбіттік, сахналық киімдерін жаңалау жайы да назардан тыс қалмады. Алдағы Наурыз мерекесіне дейін сахналық киімдерді толық қамтамасыз ететін боламыз. Биыл әлем туристерінің назары Шымкентке ауады десек, артық айтқандық емес. Қызмет сапасы деп жатырсыз ғой, осы жылы Шымкентке сыйымдылығы үлкен 500 автобус сатып алу жоспарымызда бар. Алдағы мамыр айында қаланың көрікті орындарын аралайтын арнайы туристік бағыт ашпақпыз. Қазір қоғамдық көліктердегі кондукторлардың киімі де бірыңғай етіп дайындалуда, олардың галстуктеріне дейін ерекше дизайнмен жасалмақ. Кондукторлардың мәдениетіне де бейжай қарамаймыз. Олардың ағылшын тілін меңгеруі бойынша арнайы семинар өткізбекпіз. Жалпы, қаладағы ірі іс-шараларға шет тілін жетік білетін еріктілерді (волонтерлерді) тарту да жоспарымызда бар.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, осынау іс-шаралар әкімдіктің ғана атқаратын жұмысы емес. Бұған қала тұрғындары да атсалысуы қажет деп ойлаймыз. Бұл ретте шымкенттіктерге айтарыңыз бар ма?

– Дұрыс айтасыз, бұл – бәріміздің бірлігімізді, елдігімізді көрсететін шара. Шымкентті көпшілік қонақжай қала, тұрғындары еңбекқор әрі жайдары көңілді деп бағалап жатады. Оған ешкім қарсы дау айтпас. Дегенмен, осындай айтулы шара кезінде барлық салада да үлгі боларлық істерімізді көрсетейік. Мәдениеттілік тек концерт қоюмен ғана шектеледі десек, қателесеміз. Осы орайда қала тазалығына әрбір тұрғын жауапты болуы қажет. Жоғары мәдениеттілік тазалықтан басталады. Алда қаланы абаттандыру ісіне ерекше мән береміз, тазалық шараларын жиі ұйымдастырамыз. Сондай-ақ миллион тұрғыны бар қалаға миллион көшет отырғызу жобасын қолға алмақпыз. Бұл қоршаған ортаға, сүйікті қаламызға деген қамқорлық пен мәдениетімізді жоғарылата түседі деп ойлаймыз. Барша шымкенттіктерге айтарымыз – үлкен жауапкершілікті сезініп, мәдени астана жылын абыроймен өткізуге хал-қадерімізше үлес қосайық дегіміз келеді.

Нұршат ТӨКЕН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *