СЕН ДЕЙМІН МЕН ЕҢ СҰЛУ НАҒЫЗ АҚЫН

Өмір-өзен
706 Views

ТҰРСЫНАЙ ОРАЗБАЕВАНЫҢ АСҚАҚ РУХЫНА АРНАЛАДЫ

Шымқаланың көшесі қарсы беттен

Аққұс көрдім ауаны аршып өткен.

Жарып-жүзіп қалқыған өлең көркі,

Тана көзі, сұлу қас, шашын өрген.

Қара қою толқыған жарасымды

Қайран көздер сезбес ол қарасыңды.

Аяғының астынан әлем сырғып,

Өбкен сәтте ол патша баласынды.

Әлі жұмбақ, рас па едің, елес пе едің,

Тұрсынай, сен сол бейне емес пе едің?!

Бозбала ем, қиялға елтіп қалған,

Кездестік біз ақын боп мен өскен күн.

Жанып сенің жұлдызың,             бағың қонып,

Бар жаһанды шарладың сағым болып.

Боранды ашып, ақтүтек аязды елде,

Сахалардың төрінде тағың қонып.

Мен, мен деген өзімшіл Мәскеудегі

Мойындатып бозөкпе, бос кеудені.

Қара өлеңнің қайнары бұлағы сен,

Сарқыратып мәртебең төске өрледі.

Қыпша белді сымбатты бұрымды қыз,

Саған салды күн мен ай, нұрын жұлдыз.

Әсел әнің әлемді еріткенде

Армандадық сый жетпес құныңды біз.

Сағынышқа айналған аңыз атың,

Сен деймін мен ең сұлу нағыз ақын.

Нәрің қалса ең соңғы жүрегіңде

Жүрегіме жылытып тамызатын,

Сен деймін мен ең сұлу нағыз ақын.

Сабырбек Нұрманұлы ТҰРЛЫБЕК,

ақын.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *